Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда жүргізуші куәлігінен чип алынып тасталады

жүргізуші куәлігіндегі чиптер алынадыФото: Gov.kz

Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитеті төрағасы орынбасары Әлібек Кеңесбаев жүргізуші куәліктерінен чипті алып тастау жоспарланып отырғанын мәлімдеді. Алайда құжаттың бағасы өзгермейді, себебі мемлекеттік баж салығының мөлшері Салық кодексінде бекітілген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

"Жүргізуші куәлігін беру үшін мемлекеттік баж салығы Салық кодексінде белгіленген. Ол бұрынғысынша қалады, өйткені төлем құжатты беру процесі үшін алынады", - деді Кеңесбаев.

Оның айтуынша, чиптің қажеттілігі жойылған, себебі жол полициясы қызметкерлері барлық деректерді мемлекеттік базалардан онлайн режимінде ала алады. Енді жүргізушіге куәлікті өзімен бірге алып жүру міндетті емес.

"Барлық ақпарат — жүргізуші куәлігі, сақтандыру, техникалық байқау мәліметтері — деректер базасында бар. Сондықтан оны чипке енгізудің қажеттілігі жоқ. Технологиялар дамып келеді", - деп түсіндірді ол.

Бұрын берілген жүргізуші куәлігінің мерзімі аяқталғанша жарамды болып қала береді. Ал чипсіз жаңа куәліктерді Ішкі істер министрлігі 2026 жылдың бірінші жартысында бере бастайды. Құжаттың дизайны өзгеріссіз қалады. Сондай-ақ жүргізуші куәлігінде адам өлімінен кейінгі донорлық туралы ақпарат орналастырылмайды.

Айта кетейік, бұған дейін Ішкі істер министрлігі Қазақстанда алкогольді онлайн сатуға тыйым салуды ұсынған болатын.

Айнұр Мұхади
Дүйсенбі, 13 Қазан, 2025 11:59
Талқылау