"Жүгенсіздік жақсылыққа апармайды": Тоқаев әкімдерді сайлаудың жаңа жүйесі туралы айтты
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әкімдерді сайлау мәселесін қайта көтерді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Саяси реформа бір күннің немесе бір жылдың шаруасы емес. Мұны ел іргесін шайқалтпай, береке-бірлігін бұзбай, байыппен және біртіндеп іске асыруымыз керек. Бірақ, реформаны соза беруге де болмайды. Билік халықтың алдындағы өз жауапкершілігін сезінгені жөн. Сол себепті біз ауыл және кент әкімдерін сайлауға көшеміз. Осы арқылы ең төменгі деңгейден бастап жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін нығайтамыз. Бұл қадам өзекті мәселелерді тұрғындар мен жергілікті биліктің бірлесіп шешуі үшін қажет. Содан кейін аудан әкімдерін сайлаймыз. Жаңа жүйе өзінің тиімділігін көрсетсе, бұдан да жоғары деңгейдегі әкімдерді сайлайтын боламыз", - дейді Тоқаев.
Мемлекет басшысы саяси жүйені қалыптастыру біртіндеп жүзеге асатынын жеткізді. Сондықтан,асықпай, ойланып қадам жасау керегін айтты.
"Бірақ, саяси жаңғыру барысында асығыстыққа бой алдыруға және жалаң ұранға еріп, мемлекеттік жүйені дағдарысқа ұшыратуға болмайды. Бір сәтте барлығын түбірімен өзгерту неге әкеп соқтыратынын кейбір елдердің бүгінгі ахуалынан көріп отырмыз. Елімізде, ең алдымен, адамның құқығын толығымен сақтауға негізделген заң мен тәртіп болуы керек. Анархия мен жүгенсіздік жақсылыққа апармайтыны анық", - дейді мемлекет басшысы.
Оған қоса, мемлекет басшысы мәжіліс депутаттарын сайлау мәселесіне тоқталды. Сайлау өткізу маңызды қадам екенін жеткізді.
- Президент әкімдерді сайлау туралы жариялады
- Мемлекет басшысы шенеуніктердің санын 25%-ға қысқартуға бұйрық берді
"Қазақстанның саяси жүйесі заман талабына сай дамып келеді. Мәжіліс депутаттарының биылғы сайлауы - көппартиялы парламентті орнықтыру жолындағы маңызды қадам. Бізде саяси көзқарастары әртүрлі партиялар бар. Олардың ұстанымдары консервативті, либералды, ұлтшыл, социалист және тағы басқа болуы мүмкін. Бұл - табиғи үдеріс. Саяси плюрализм мемлекетті эволюциялық жолмен дамытуға және нығайтуға мүмкіндік береді. Саяси күштер осындай әралуан болса да, баршасын біріктіретін және бәріне ортақ құндылық бар. Ол - қастерлі Тәуелсіздік", - дейді Тоқаев.
Еске салсақ, осыған дейін Тоқаев мақаласында қазақ тілін білмейтіндерге үндеу жасаған болатын. Оған қоса, президент жер мәселесін көтерді.