Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

ЖОО профессорлық-оқытушылық құрамның жалақысы 20-30 пайызға артады

Биылғы оқу жылында ЖОО профессорлық-оқытушылық құрамның жалақысы 20-30 пайызға артады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

студенттер

Бұл тапсырманы ҚР білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов 1 қыркүйектен бастап жүзеге асыруды тапсырды.

"Ұлттық сенім кеңесінің отырысында Мемлекет басшысы ЖОО оқытушыларының жалақысын көтеру бойынша тапсырма берген болатын. Жалпы министрлікке қарасты ЖОО оқытушыларының жалақысын көтеруіміз керек. Бұл мәселені сіздермен талқылаған болатынбыз. Бұл жай көтерген мәселе емес. Сіздердің бюджеттеріңіз бойынша тиісті мамандар талдау жұмыстары жүргізілді, соның нәтижесінде осындай мүмкіндік бар екенін көріп отырмыз. Сондықтан, осы мәселені 1 қыркүйектен жүзеге асыруды тапсырамын", - деді министр ведомство аппаратының онлайн жиналысында.

Сондай-ақ министр ЖОО-дағы грант құнын өсіру туралы үкімет қаулысы қабылданғанын, бұл шараның оқытушылардың жалақысын өсіруге, материалдық-техникалық базаны нығайтуға мүмкіндік беретінін айтты.

"Өткен жылы – 2019-2020 оқу жылында барлық оқу орындары жалақыны орта есеппен 20 пайызға көтерген болатын. Ал 2020-2021 оқу жылында оқытушылар жалақысын шамамен 21-32 пайызға дейін көтеру күтілуде. Бұл бағыт бойынша барлық ЖОО жұмыс істеп жатыр", - деді ҚР БҒМ жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаев.

Бұған дейін осы жылдың мамыр айында Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке ЖОО оқытушыларының еңбекақысын көбейтуді тапсырған болатын.
 

STAN.KZ
Сейсенбі, 28 Шілде, 2020 13:42
Талқылау