Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жолаушы кенеттен көз жұмды: Әуе компаниясы бұл жағдайда билет ақысын қайтаруға міндетті ме?

Жақында Facebook желісінің қолданушысы қайтыс болған жолаушы үшін әуе билетінің сомасын кері қайтара алмай, әбігерге түскенін жазған болатын. Сөзінше, ол билетті онлайн сервис арқылы сатып алып, салдарынан осындай жағдайға тап болған. Stan.kz тілшісі қандай жағдайда жолаушы әуе билетінің ақысын қайтара алатынын анықтап көрді.  

Нұржан Қалиев есімді желі қолданушысы қайғылы оқиғаға байланысты билетті қайтаруға мәжбүр болғанын жазады. Сөзінше, оның өтініші мақұлданып, билеттердің күші жойылған. Алайда онлайн сервис билет ақысын қайтаруға асықпапты. 

"Сервис өкілдері маған билет сомасын ваучер (билет үшін төленген ақшаның қалдығы сақталатын электрондық құжат – ред.) ретінде қайтарды. Алайда нақтылап сұрасам, бұл ваучер жолаушының өзіне беріледі, одан басқа адам бұл ваучерді қолдана алмайды екен. Яғни оны пайдалану үшін мен қайтыс болған адамның атынан билет сатып алуым керек. Бірақ әуе тасымалдаушы жолаушы қайтыс болса, қаражат қайтарылатынын жеткізді", – деген ол біраз әуре-сарсаңға түсіп, ақыр соңында қаражатты қайтарып алған. 

Қандай жағдайда жолаушы билет ақысын кері қайтара алады? 

Stan.kz тілшісі ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Азаматтық авиация комитетіне қандай жағдайда әуе билетінің ақысы толығымен қайтарылатынын сұрады. 

"ҚР "Әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы" заңының 86-бабы 2-тармағының 2 бөліміне Тасымалдаушының кінәсінен рейстің мәртебесі бес сағаттан астам мерзімге өзгертілген кезде, жолаушының қалауы бойынша, тасымалдаушы жолаушыны билетте көрсетілген баратын жеріне жақын арада ұшатын рейспен тасымалдауды қамтамасыз етуге немесе жолаушыға билеттің толық құнын қайтаруға міндетті", – делінген ведомство жауабында. 

Азаматтық авиация комитеті билет ақысы "Жолаушыларды, багажды және жүктерді әуе көлігімен тасымалдау қағидаларын бекіту туралы" ережелерге сәйкес қайтарылатынын мәлім етті. Бұған қоса комитет өкілдері билет құнын қайтару туралы шешімді авиакомпаниялар тарифті қолдана отырып, ережелерге сәйкес қабылдайтынын мәлім етті. 

Сонымен ереже бойынша: 

  • Жолаушыға билет жазылып берілген рейс алып тасталған, ауыстырылған, кідіртілген;
  • Жолаушының тасымалдау құжаттары дұрыс рәсімделмеген; жолаушы үшін жөнелту, межелі немесе жолда аялдау пунктi болып табылатын пункттегі ұшу кестесі бойынша аялдау алынып тасталған;
  • Кестеде көрсетілген уақытқа сәйкес рейс орындалмаған;
  • Қызмет көрсету класы немесе әуе кемесі типін ауыстырған;
  • Бұрын жасалған брондауға сәйкес жолаушыға орын тауып беру мүмкін болмаған;
  • Жеке бланкіде жазылған рейстердің түйісуін авиакомпания қамтамасыз етпеген;
  • Әуе кемесінде келе жатқан жолаушы немесе отбасы мүшесі ауыру немесе қайтыс болып, медициналық қорытындымен расталған жағдайларда соманы қайтару жүргізіледі.

Дегенмен жолаушы өзінің сырқаттанғанын еңбекке жарамсыздық парағы сынды медициналық анықтамамен дәлелдеуі керек. Ал қайғылы жағдай орын алса, өлім туралы куәліктің көшірмесін көрсетуге болады. 

Заңгер Альбина Бахтиярқызы жолаушы қайтыс болған жағдайда әуе компаниясы толығымен билет сомасын қайтаруға міндетті екенін жеткізді. 

"Егер жолаушының қайтыс болғаны жөнінде рейске тіркеу біткенге дейін хабар берілсе, онда әуе компаниясы толықтай қайтаруға міндетті. Бұл жөнінде ҚР Жолаушыларды, багажды және жүктерді әуе көлігімен тасымалдау қағидаларын бекіту туралы Заңының 129 тармағының 7 тармақшасында айтылған. Заң бойынша билет ақысы негізі әр әуе тасымалдаушы бекіткен мерзімде қайтарылады. Онымен қоса арыз жазылған мерзімге де байланысты. Орта есеппен 5-7 күнде билет сомасы қайтарылады", -  дейді ол.

Сөзінше, егер билет ақысы онлайн төленген болса, онда қаражатты қайтару мерзімі банкке де байланысты.

"Егер әуе билеті немесе билет сатып алынған платформа өкілдері билет ақысын қайтарудан бас тартса, азаматтар жазбаша талаппен тасымалдаушы компанияның өзіне жүгінуі қажет. Ал компания мәселені шешуден бас тартса, сотқа жүгінуі қажет", - дейді заңгер. 

Дайындаған: Дидар Халық

Талқылау