Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жол-көлік оқиғасы кезінде полиция шақырмауға бола ма? Сарапшылардың пікірі

Жолда жол-көлік оқиғасына тап болған жүргізушілер әдетте, оқиға орнына полиция қызметкерлерін шақырмай, мәселені өзара шешуге тырысады. Алайда сарапшылар жол апаты болған жерге тәртіп сақшыларын шақырмай, өзара келісіп, оқиға орнынан кетіп қалған жүргізушілер құқық бұзушы болып саналатынын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Информбюро” жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: Видеодан скрин

Жол-көлік оқиғасы болғанда көбіне тәртіп сақшыларының өзі жүргізушілерге өзара келісіп, тарасуға кеңес береді. Ал сарапшылар мұның заңсыз екенін айтады.

“Егер біз ешкімді шақырмай, оқиға орнынан өз бетімізбен кетсек, әкімшілік жауапкершілікке тартыламыз. Тіпті біз өзара келісіп, тарассақ та, әкімшілік кодексті бұзған болып саналамыз”, – дейді заңгер Евгений Яворский.

Қоғам белсенділерінің айтуынша, жол-көлік оқиғасына тап болған жүргізушілер әдетте хаттама толтырмаудың амалын жасайды. 

“Олар біреудің көбірек өтемақы ұсынғанын күтеді. Бірақ полиция келгенде шегінерге жол жоқ екенін түсініп, сот жүйесіне араласқысы келмей, мәселені тез шешуге тырысады”, – деді "Ортақ жол" жол қозғалысы қауіпсіздігі ассоциациясының басшысы Арсен Шакуов.

Сарапшылардың айтуынша, жол-көлік апатына тап болған жүргізушілер мәселені шешуде екі жолды таңдайды – полиция шақырады немесе Еурохаттамаға сәйкес жазатайым оқиғаны өзі тіркейді, бірақ міндетті түрде бекітеді.

“Еурохаттама сияқты қосымшаны пайдалануға болады. Қосымшаны жол апатына екі көлік қатысқан кезде, ешкім зардап шекпесе және үшінші тұлғаға зиян келмегенде ғана пайдалануға болады. Келтірілген шығын көлемі 100 АЕК-ден аспауы керек. Сонымен қатар жүргізушілер көліктерін сақтандырған болуы қажет”, – дейді Қостанай облысы полиция департаменті Жергілікті полиция қызметінің аға инспекторы Елена Магасумова.

Хабарлама сақтандыру компаниясына автоматты түрде жіберіледі, ал жүргізушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылмайды.

Талқылау