Жол апатына ұшыраған ер адамның туыстары оның өліміне көз жеткізбестен жерлеп тастаған
Гайанада жол апатына ұшыраған мотоциклшінің туыстары оның өліміне көз жеткізбестен жерлеп тастаған. Полицейлерге ер адамның денесін қабірден қазып алуға тура келді.
Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Kaieteur News басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
16 қарашада Рупунуни өңіріндегі шіркеу аумағында екі мотоцикл соқтығысқан. Салдарынан 25 жастағы Болдуин Уилсон ауыр жарақаттанып, куәгерлер ауруханаға жеткізіпті. Ал 31 жастағы Бен Агилардың туыстары оны жансыз жатқан жерінен бірден алып кеткен.
Оқиға орнына жеткен полицейлер мотоциклшінің денесін таппай, қайран қалды. Артынша Агилардың үйіне аттанған. Алайда отбасындағылар оны үйге әкелген бойда артқы аулаға жерлеп тастағандарын айтыпты. Себебі аталған өңірде қайтыс болған адамды бірден жерлейтін көрінеді.
Полицейлерге ер адамның денесін қазып алып, оын ауруханаға жеткізуге тура келді. Сол жердегі дәрігерлер мотоциклшінің өлімін растады. Алайда ер адамның өлімінің нақты себебін анықтау үшін, мәйітіне сараптама жасалатын болады. Әзірге дәрігерлер ер адамды жерлеген кезде тірі болған-болмағанын нақты айта алмай отыр.