Жоғарғы сот іс-материалдар базасына ашық қолжетімділіктің не себепті жабылғанын түсіндірді
Фото: Жоғарғы сот
Пайдаланушылар бұған дейін сот істері базасын еркін қарап, "Сот кабинеті" сайтынан ақпаратты еш тіркеусіз іздей алатын еді. Енді бұл үшін міндетті түрде тіркеліп, ЭЦҚ (электрондық цифрлық қолтаңба) арқылы авторизациядан өту қажет. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жоғарғы сот мұны қызметтің тұрақтылығын және қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мәжбүрлі шара деп түсіндірді.
"Бұған дейін сервистерге авторизациясыз және шектеусіз қолжетімділік болды. Соның салдарынан жүйеге автоматтандырылған бағдарламалар — яғни роботтар мен сканерлер, соның ішінде зиянкес немесе алаяқтық мақсатта қолданылатын бағдарламалар қосылып, серверге шектен тыс сұраныс жолдады. Бұл инфрақұрылымға үлкен жүктеме түсіріп, жүйені тұрақсыз етті", – делінген хабарламада.
Енді бір пайдаланушыдан минутына ең көбі 5 сұраныс жіберуге шектеу қойылды.
Жоғарғы соттың мәліметінше, бұл шаралар барлық азаматқа жүйеге тең қолжетімділікті қамтамасыз етіп, платформаның тұрақтылығын және жеке деректердің қорғалуын арттыруға мүмкіндік береді.
Экс-судья Жоламанова ісі: жәбірленушілер оның өтініші бойынша несие алып, қарызға батқан
"Жедел жәрдем шақыруға қорықтым": Сотта екі куәгер қыздың бірі жауап берді
Еске салайық, бұған дейін әлдекімнің ЭЦҚ кілтін пайдаланған қазақстандықтарға енді айыппұл салынатыны туралы жазған едік. Биыл 13 наурыздан бастап Қазақстанда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер енгізіліп, электронды цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) пайдалануға қатысты ережелер күшейтілді. Енді өзіңіздің ЭЦҚ кілтіңізді үшінші тұлғаларға, тіпті бухгалтерге немесе заңгерге беру айыппұл салуға әкеледі. Бұл жаңашылдық шағын және орта бизнеске, сондай-ақ аутсорсинг бухгалтерлік компанияларына үлкен қиындықтар тудыруы мүмкін.

Алматы облысында екі көлік соқтығысып, жаяу жүргінші өткеліндегі адамды қағып кетті
