Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жігіттер квартетінің соңғы кездері көрінбей кетуіне не себеп? Әншілердің продюсері сұхбат берді

“Жігіттер” тобының танымал болуына үлкен үлесін қосқан продюсер Ерғали Әбдірайымов жақында “Еркек бол” атты жеке кітабын жарыққа шығарды. Айтуынша, бұл бизнесі өзі ойлағандай оңай әрі табысты болмапты. Stan.kz тілшісіне сұхбат берген продюсер кітап шығаруына не себеп болғанын және қарамағындағы әншілердің не себепті соңғы кездері көрінбей кеткенін айтты.   

 Оқырмандар сізді "Жігіттер" квартетінің продюсері ретінде таниды. Алайда қазір топтың жұмысы мүлдем тоқтап қалғандай. Топ продюсері ретінде бұған не себеп болғанын айта аласыз ба? 

– Шынын айтсақ, карантин уақытында ешкімнің ән жазуға зауқы болмады. Карантиннен кейін де білекті түріп шығармашылыққа кірісу оңай болмай тұр. Одан бөлек, жігіттердің де баяғыдай жалындап тұрған кезеңі емес. Себебі жастары қырыққа жақындап жатыр. Әрбірінің өз жанұясы бар. Бала-шағасынан бөлек әулетінің жұмыстары бар. Сондықтан мен әрқайсысына жеке шығармашылықпен айналысуға  рұқсат бердім. Мүмкін, “Жігіттердің” құрамында жүргенде ашылмай қалған қырларын ашып, өнерсүйер қауымға жаңа дүние ұсынар деген ниетім бар. Дегенмен ағалары, продюсері ретінде оларға әруақытта: "Біз ең алдымен Алла Тағаланың арқасында, екінші осы "Жігіттер" тобының шығармашылығының арқасында халықтың көзайымына айналдық. Сол себепті осы бағыттан қайтпайық, ең бірінші сатыға "Жігіттердің" бағыт-бағдарын қояйық, ал өз шығармашылықтарыңды екінші сатыға қойыңдар" деп ескертіп отырамын.

– Шатаспасам, топтың құрылып, сахнаға қадам басқанына әне-міне дегенше жиырма жылдай болыпты. Осыған орай қандай да бір іс-шаралар өткізуді жоспарлап отырсыздар ма? 

– Иә, өнердің қатарында жүргенімізге ендігі жылы жиырма жыл болады. Жиырма жылдың ішінде не істедік, өнерге қандай өзіміздің үлесімізді қосып жатырмыз? Осы бағытта тұжырымдама жасап, жақсылап концерт беретін ниетіміз бар. Біздің бағытымыз қазақи өнерді дамыту болғаннан кейін, оны кеңінен насихаттап, көрсетсек деймін. Құдай қаласа, ендігі жылдан бастап, осы бағытта жұмыс істейміз. Қазіргі заманға сай біраз жаңа туындылар жазып, әр азаматтың көкірегінде жүрген дүниелерді әнмен жеткізсек деген ойда бар. Алла жазса, куәсі боласыздар!

– "Жігіттерден" кейін осындай тағы да жігіттерден құралған топ шығару ойда жоқ па? Қазір жастардың бағыты мен шабысы басқаша екені белгілі. Жаңа бағытта сізде бағыңызды сынап көргіңіз келмей ме?

– Ондай ой бар ғой. Бірақ біздің алдымыздағы "Дос-Мұқасанның" әншілерінің алды Мұрат ағаларымыз жетпістен асып кетсе де, көзден ғайып болмады. Олардың барлығы біз үшін әлі де тәлім аларлықтай. Ағаларымыз алдарына мақсат қойып, сол мақсатпен "Дос-Мұқасанды" өлтірмей келе жатыр. Менің де мақсатым – болашақта "Жігіттер" тобын осы қалпында ұстап қалу. Алайда "Жігіттер" болып құралдыңдар, өлгенше "Жігіттер" болып қалуларың керек" деп парыз қылмаймын. Әркімнің болашаққа қойған мақсаты бар. Аттың да шабатын кезі болады. Уақыты келсе, ол да додадан қалады. Жігіттердің арасында жеке шығармашылығын дамытқысы келетіндерін жіберіп, орнына топқа жаңа әншілер қосу деген мақсаттар да бар. Ол – болашақтың еншісінде. 

– Болашақта құрамын деген тобыңызды қалай елестетесіз?

 Біздің брендіміз "Жігіттер" квартеті болғанымен, жаңадан інілеріміз өсіп келе жатыр. Қазіргі заманға сай жаңа топ құру ойда бар. Оның да толтыратын жерлері мен алып тастайтын жерлері болатыны анық. Ол бағытта жігіттермен ақылдаса отырып болашақта жұмыс жасайтын боламыз. 

– Әңгімемізді “Еркек бол” кітабына қарай ауыстырсақ. Жалпы кітап жазу туралы идея қашан, қалай келді?

– Негізі кітап жазайын деген арман-мақсатым жоқ еді. "Жігіттер" тобымен жұмыс істеп жүрген кезде қызығы да болды, шыжығы да болды. Өмір болғаннан кейін, отбасың болғаннан кейін түрлі жағдайлар болып жатады ғой. Бұл сондай кезеңдерде жүрекке алып қойған дүние еді. Сол сәттен бастап осы кітаппен айналысатын, кітапты жоғары деңгейде жазып шығаратын адамдарды іздеп, жолықтым. Шаруаны тез арада қолға алып жазып шығардық. Қазіргі таңда сатылымға 10000 данамен шықты. 

– Атауын неліктен "Еркек бол!" деп қойдыңыз?

Әр нәрсенің жарқ ететін дүниесі болу керек. Атау қойған кезде біраз адамдармен ақылдасып, "Еркек бол” деген атауға тоқтадық. Көп адамдар, әсіресе әйел адамдар хабарласып: "Мен алсам бола ма? Балам 15-16-да еді. Ол оқыса бола ма?" деп сұрайды. Адамға бірінші естігенде "жігіт болу үшін" деген бағыттағы дүние ме деген ой келеді ғой. "Еркек бол!" дегеннің ар жағында көп дүние жатыр. Алла Тағала адамды еркек қылып жаратқаннан кейін, ер мінезді болу керек, уәдеңе берік болу керек, "Алланың бізге берген аманаты – отбасын" асырау деген сияқты көп нәрсені еске сақтағанымыз жөн. Бір қарағанда атауы маған да ұнады. Кейбіреулер "Еркек бол!" деген атауы жақсы екен, оның ішіндегі дүниесі қандай екен?" деп айтып жатты. Оқыған адамдардың 70-80%-ы "ұнады" деп пікірін білдіреді. Ішінде қызықты кезеңдер бар. Мотивация алатын жерлері бар. Мотивацияны алу үшін біреулер ақшасын төлеп, сабаққа да қатысып жатыр. Мотивация деген адамның өзінің жүрегінде болу керек. Бәріміз Алматыға келгенде қалай өсіп-өнсек, бізде осы теледидардан көретіндей адам болсақ, ол үшін не істеу керек деген сияқты ойлармен ұйықтап-оянатынбыз. Ауылдан келдік, қазір ары-бері дегенше елуден де асып қалыппыз. Осы қысқа өмірден көрген білгендерімізді, түйгендерімізді жаздым. 

– Ал қазақ қоғамы қаншалықты кітап оқуға бейім болып келеді?

Екі топ бар. Бірі көзбен оқығанды, өзгесі құлақпен тыңдағанды жақсы көреді. Қазір қоғам жеңіл жағын іздейді. Бұл кітаптың аудио нұсқасын да шығардық. Кейбір адамдардың оқығысы келмейді. Мысалы, Шымкентке көлікте кетіп бара жатып, 6-7 сағат қойып тыңдауға болады. Адамға өте ыңғайлы дүние. Кітап оқитын аудитория соншалықты көп деп айта алмаймын. Біз енді продюсер болғаннан кейін, бұны бір шетінен "бизнес" деп те қарастырамыз. Жасыратын түгі жоқ. Кейбір жазушылардың үйіне барсаң, "о, айналайын, келдің бе?" деп өзінің қолтаңбасын жазып, кітабын сыйлап жатады. Қарасаң, ар жағында үйіліп кітаптар тұрады. Оның бәрін мен сол кезде түсінбейтін де, көп мән бермейтінмін. Енді мен біреулердің ұсынысымен 10 мың кітап шығардым. Маған бір кісілер “Ерғали аға, 10 мың тиражбен шығарып алыңыз, 1-2 айда сатып бітіреміз” деді.  Сол кезде бұл кітаптың жүгінің соншалықты ауыр және үлкен "еңбек" екенін түсіндім. Оқылым туралы айтып жатырсыз ғой. Менің өзімнің түсінгенім – қазір кітап оқитындар өте төмен. “Аудио нұсқасын аласыз ба? Кітап нұсқасын аласыз ба? Кітап нұсқасын алатын болсаңыз, үстіне 500-600 теңге қосасыз. Өйткені оның Қазпочтаға төлейтін ақысы бар, сыртының қабы бар десең, онда маған аудио нұсқасын бере салыңыз” деп жеңіл жағын таңдайды. Шыны керек, кітап сатудың қазіргі кезеңде қиын екенін түсіндім. Мысалы, 1000-2000 кітап сатып алғандардың арасында қаржылай немесе автокөлік беріп, ұтыс ойнаттық. Одан кейін асыраушысынан айырылғандарға, көпбалалы отбасыларға қол ұшын берейік, аяқтан тұрып кетуіне, үйлі болуына жағдай жасайық деп, осы кітап арқылы жұмыс жасап жатырмыз. Ондағы мақсат – қазақ тілді оқырмандардың санын көбейту. Зорлап біреуді қазақша кітапты оқытып қоймайсыз ғой. Қандай да болсын жолын тауып, оқырмандарды көбейтіп жатырмыз. 

– Кітабыңыздың жалғасы болуы мүмкін бе?

Мен бір сөз айтсам, соған жауап беретін адаммын. Қазір “иә, жалғасы” бар десем, мен “Еркек бол” кітабының сатылымына бірден кірісу керек болып қаламын. Сондықтан ойлану үстіндемін деп жауап бергенім дұрыс-ау. “Еркек бол” кітабының ішіне "Жігіттер" тобын және қазіргі қоғамдағы бар нәрселерді ғана қостым. Дегенмен болашақта қазіргі өсіп келе жатқан жастарға тәлім-тәрбие болатын, қазақилықты дәріптейтін үлкен дүние жазсам деп армандаймын. Әр ата-ананың ойы толығатын кезеңі болады. Сол толыққан шағымда балаларымның замандастарына арналған кітап жазғым келеді. Тек қана тәлім-тәрбиеге қатысты оқыған оқырманға да қызықты болатындай дүниелер жасауға болады деп ойлаймын. Оның барлығы болашақта көре жатамыз. 

– Сұхбатыңызға рахмет!

 

Сұхбаттасқан Жанар Тайырқызы

STAN.KZ
Дүйсенбі, 17 Қазан, 2022 10:39
Талқылау