Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Нағыз чемпион бұлай өмір сүрмеуі керек": Күрестен бірнеше дүркін жеңімпаз болып, бір бөлмелі пәтерде тұратын әйел көптің көңілін босатты

Фото: Айсараның жеке архиві

Желіде кезінде бірнеше спорттан бірнеше дүркін жүлдегер атанып, Азия чемпионы болған алайда қазір еш қолдау мен көмексіз, отбасын асырап жүрген әйелдің видеосы тарады. 60 жастағы Айсара Керімбекова самбодан Кеңес Одағының құрама командасына кірген алғашқы қазақ қызы екенін айтады. 15 республика арасынан суырылып шығып, әлемдік турнирлерде елге жеңіс әкелген әйел қазір бір бөлмелі пәтерде тұрып, колледжде сабақ беріп, отбасын асырап жүр. Айтуынша, осы күнге дейін оған қазіргі спортшылар секілді медаль алып келгені үшін үй, көлік деген материалдық көмек берілмеген. 

Айсараның Аня есімді туысы желіге видео жариялап, онда жақындарының оны 60 жасымен құттықтап медальдарын кигізіп жатқанын көрсетті.

“Керімбекова Айсараға көмектескім келеді! Ол – өте қарапайым, көпшілік алдына шығуға ұялатын жан. Нағыз чемпион бұлай өмір сүрмеуі керек! Бұл әділетсіз! Айсара апайдың өмір жолы мен тағдырын елге таныстыру үшін подкаст жазуымыз керек. Қазақстан өз батырларын тануы тиіс! Ол спортқа және еліне 45 жылын арнады. Қараңыздаршы, қаншама марапаттары бар. Әрқайсысы үлкен еңбектің, маңдай тердің жемісі!”, – деп жазды видео астына. 

“Лексусы жоқ, 3 бөлмелі пәтері жоқ, табын-табын жылқысы да жоқ. Міне, нағыз бар өмірін ел үшін, Отан үшін арнаған аңыз тұлға!”, “Иә, бірақ оның еңбегін ел дұрыс бағалады ма? Әдеттегідей. Ұмыт қалған”, “Шын ұлылар осындай сабырлы да, сырбаз келеді. Дүние үшін шу шығаратындар ұсақ адамдар”, “Алтын әйел, бізбен көрші тұрады!”, “Аңыз! Ол туралы Кеңес үкіметі кезінде газеттерде жазған! Қасқыр алған қыз!”, “Кеңестік құрамда оны Маугли деп атаған”, – деп пікір жазды жұртшылық.  

Фото: Айсараның жеке архиві

“Қыздарға көп көңіл бөлмейтін. Медаль мен мақтау қағазынан басқа ештеңе бермейтін”

Айсара Керімбекова 1965 жылы Алматы облысында дүниеге келген. Ол самбодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, дзюдодан спорт шебері, Қазақстанның үш дүркін чемпионы, қазақ қыздарының арасында Әлем кубогын иеленген спортшы.

Айсара Керімбекова бүгінде колледжде сабақ береді. Қосымша Пәтер иелері кооперативінде (ПИК) жұмыс істейді. Бүгінде бір бөлмелі пәтерде ұлы мен үлкен әпкесін қолына алып тұрады. 

“1995 жылдары жасым шамамен 30-дан асқан кезде спорт саласынан кеттім. Қазір алшақтап кеттім. Отбасымда бір ұлым бар. Әпкемді қолыма алғам, оған қараймын. Спорттан кетуіме отбасылық жағдайларым себеп болды. Қазір спорттан қол үздік. Айтарлықтай өкініш жоқ. Жететін жеріне жетіп тірелдік. Азия мен шетелдік турнирлердің бәрінде күрестік”, – деді ол. 

Айсараның жетістіктері:

  1. Самбодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері (1992);
  2. Дзюдодан спорт шебері (1990);
  3. Самбодан дүние жүзі чемпионатының күміс жүлдегері (Калининград, 1988);
  4. А.Харлампиев. турнирдің екі мәрте жеңімпазы. (Мәскеу, 1988, 1989);
  5. КСРО Кубогінің күміс жүлдегері (Александровск, 1989);
  6. КСРО халықтары спартакиадасының қола жүлдегері (Минск, 1991);
  7. Дүние жүзі чемпионатының күміс жүлдегері (Минск, 1992);
  8. Азия чемпионатының қола жүлдегері (Алматы, 1994, Бішкек, 1995);
  9. Дзюдодан ТМД елдері чемпионатының күміс жүлдегері (Брянск, 1995);
  10. 1992 ж. еліміздің таңдаулы он спортшысы қатарына енген.

Дегенмен бұл атақтары қазір оған еш көмегімен беріп жатқан жоқ. Себебі үкімет тарапынан қаржылай да, басқалай да көмек берілмепті. 

“12 жыл күресіп, Нұрқаділов бауырымның арқасында 1 бөлмелі үй алдым. Басқалай көмек алмадым. Қазір кішкентай жарыста ұтып келіп жатса, көлікті де, үйді де беріп жатады. Жастарға теледидар, тоңазытқыш, сияқты сыйлықтар тарту етіп, жағдайын жасайды. Ал біздің кезде Кеңес заманында бір темір медаль мен мақтау қағазынан басқа ештеңе бермейтін. Ол кездері Олимпиада болмады. Қыздарға көп көңіл бөлмейтін. Басты назар ұлдарда болды. Ал қазір бәріне бірдей қарайды. Бірдей жағдай жасайды”, – деп қосты ол. 

Фото: Айсараның жеке архиві

“Қазақстаннан шыққан бірінші тұңғыш спортшы әйел мен”

Айсара өзінің батылдығы мен маңдай терінің арқасында 15 республика арасынан суырылып шығып, Кеңес құрама командасына кірген. 

“Қазақстаннан шыққан бірінші тұңғыш спортшы әйел мен. Бірінші дзюдодан бастадым. Кейін самбо ашылды. Самбодан да күрестім. Екеуін қатар алып жүрдім. 12 жыл күрестім. Кеңес Одағының құрама командасында болдым. Біздің кезде Одақ құрамасына кіру деген өте қиын болатын.  Бүкіл 15-16 республиканы ұтып, одан кейін ары қарай әлемге шығу деген оңай болмады. Қазір жастарға оңай Қазақстан атынан кете береді. Біздің кезде шетелге шығу үшін Мәскеу арқылы құжаттарымызды жіберіп, солай баратынбыз.  

Өз заманымда спорт өте қиын болды. Дайындық та қатал еді. Одақ құрамы болып арнайы шетелдік жарыстарға дайындалатынбыз. Үйде болмайтынбыз, 15-20 күн іріктеу болады. Оған кәдімгідей дайындаламыз. Тауда боламыз. Беларуссия, Украина жақтарда, үлкен-үлкен олимпиадалық базаларда дайындалатынбыз. Таңғы сағат 7-де сарбаздар секілді сапта тұратынбыз. Жаттығуымыздың өзі күрделі еді. Тіпті жаттығудан соң шаршап құлап ұйқыға кететінбіз. Сенбі, сәрсенбі күні жаттығу залында темірлермен бұлшық етті жаттықтыратынбыз. Басқа күндерді күрес пен түрлі тәсілдерге арнайтынбыз. Кеңес одағының құрамында, “Динамо”, Правсоюз”, дегендер болды. Мен “Динамоның” атынан шықтым. 8 жыл Кеңес Одағының құрама командасында болдық. Одан кейін кеңес құлады. 12 жыл бойы демалмай күрестім. Өмірімді спортқа арнадым”, – деп қосты Айсара. 

 

@ania_ogonek Максимально репост ! Хочу помочь Керимбековой Айсаре 🙏🥇 она очень скромная , но Чемпионы не должны жить в таких условиях , как она !!!! Мне нужны блогеры , записать подкаст о ее жизни и судьбе , страна должна знать своих героев . 45 лет отдала сорту и Казахстану , посмотрите столько наград 🥹❤️💪🥇#чемпионкамира #дзюдо #самбо #борьба #герой #геройказахстана #спорт #министры #чудоженщина #спортсменка ♬ оригинальный звук - Өмір қатал тосын сыйы көп

Айсара жақында 60 жасына орай өзінің атына ауданда жарыс өткізіп бергені үшін аудан әкіміне алғысын айтты.

“Шамамыз келгенше халыққа қызмет істедік. Әлі де қызмет істеп жатырмыз”, – деп қорытты ол.

Айсарадан үкімет көмектесер болса нені қалар едіңіз деп сұрадық. Бірнеше дүркін жеңісі бар спортшы сәл кеңірек пәтерге көшсек дегеннен басқа ештеңе қаламайды. 

STAN.KZ
Дүйсенбі, 23 Маусым, 2025 17:33
Талқылау