Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ирандағы шиеленістен соң мұнай құны өссе, Қазақстанда доллар бағамы төмендей ме – Сарапшылар жауап берді

Фото: ChatGPT арқылы жасалды

АҚШ-тың Иранның ядролық нысандарына соққы жасауы әлемдік мұнай нарығына әсер етпей қоймады. 23 маусымдағы деректерге сәйкес, мұнай бағасы барреліне 78,42 долларға дейін көтерілді. Сондай-ақ бұл өсімге Иранның Ормуз бұғазын жабуы мүмкін деген ақпарат та ықпал етіп отыр. Айта кетейік, әлемдік мұнай тасымалының шамамен 20 пайызы дәл осы бұғаз арқылы өтеді. Сондықтан Ормуз бұғазының жабылу қаупі мұнай нарығында дүрбелең тудырып, бағаның күрт өсуіне себеп болды. Бұл геосаяси шиеленістің салдары Қазақстан экономикасына қалай әсер етуі мүмкін? Мұнай бағасы бұдан әрі өсетін болса, доллар арзандай ма? Осы орайда Stan.kz осы және өзге де сауалдарға сарапшылардан пікір алып, мән-жайды сұрап білді. 

Мұнай бағасының өсуі Қазақстанға айтарлықтай пайда әкелмейді

Энергетика жөніндегі сарапшы Олжас Байдильдинов қазір мұнай бағасы төмендеп жатқанын, оның бағасы қатты өспейтінін мәлімдеді. 

“Қазір мұнай бағасы қайта төмендеп жатыр, баррелі 75–76 доллар шамасында. Мұнай бағасы қатты өседі деп ойламаймын. Себебі мұнай өндіру мен тасымалдауға жауапты инфрақұрылымға соққы жасалған жоқ. Иран мен Израиль бір-бірінің мұнай өңдеу зауыттарына шабуылдады, бірақ бұл мұнай бағасына емес, тек жергілікті жанармай нарығына әсер етуі мүмкін. Қазір болып жатқан жағдай трейдерлердің дүрлігуі немесе эмоциялық реакция ғана. Біз қазір көріп отырған бір-екі айлық фьючерстерге емес, алты айға арналған болжамдарға қарасақ жағдай бірқалыпты. Сондықтан нарық та, мен де мұнай бағасы өседі деп ойламаймыз", – дейді сарапшы. 

Сондай-ақ сарапшы доллар бағамының мұнай бағасымен байланысы жоқ екенін жеткізді. Оның айтуынша, негізгі мәселе бюджет тапшылығында. Сол себепті теңге бағамына әсер ететін осы тапшылықты жабу қажет, дейді маман. 

"Мысалы, 2010 жылдардың басында мұнай бағасы дәл қазіргідей 80 доллар болды. Ол кезде доллар бағамы 120 теңге еді. Ал қазір біз мұнайды одан да көп өндіріп отырмыз. Демек, мұнай бағасы мен теңге бағамының арасында нақты байланыс жоқ, яғни мәселе бюджет тапшылығында. Мұнай бағасы уақытша ғана әсер етеді. Егер алдағы уақытта геосаяси жағдай тұрақталып, елдер мен ірі державалар келісімге келсе, мұнай бағасы баррелі 60 доллар шамасына қайта оралуы мүмкін. Бұл жағдай Қазақстанға айтарлықтай пайда әкелмейді. Себебі біз өндіретін мұнайдың 70%-ы шетелдік компанияларға тиесілі. Сонымен қатар біздің мұнай әлемдік биржаларда сатылмайды. Ол ұзақмерзімді келісімшарттар бойынша, орташа айлық баға арқылы сатылады. Сондықтан бұл да үлкен өзгеріс әкелмейді", – дейді сарапшы. 

Сарапшының айтуынша, елдер арасындағы қақтығыс ұзаққа созылса, бұл жағдай ең алдымен шетелге демалысқа шығатын қазақстандықтарға әсер етеді. 

“Айта кетейік, 2024 жылы мұнай бағасы орта есеппен 80 доллардан жоғары болды. Ал қазір ол 60 доллардан 75-ке дейін өсті. Дегенмен, бұл біз үшін өткен жылмен салыстырғанда жақсы жаңалық емес. Сонымен қатар инфляция және басқа да экономикалық қиындықтар сақталады. Иранның халқы – 90 миллион. Егер бұл қақтығыс ұзаққа созылып, босқындар легі күшейсе, бұл бүкіл өңірге әсер етуі мүмкін. Бұл жағдай ең алдымен шетелге демалуға баратын қазақстандықтарға әсер етеді.  Әсіресе Эмиратқа демалысқа бару құны қымбаттайды. Себебі ұшақтар Иран аумағы арқылы ұшады", – деді сарапшы. 

Сарапшының сөзінше, қазір ең маңыздысы Иранмен келісімге келу және бұл елге салынған шектеулерді алып тастау. Өйткені бізде Иран арқылы өтетін сауда жолдары бар екен. Бұрын біздің ел сол жол арқылы мұнай экспорттаған, дейді маман. 

Осы және келесі апта мұнай бағасы үшін шешуші сәт болмақ

Ал экономист Айбар Олжайдың айтуынша, қазір мұнай бағасының өсуі нарықтағы алаңдаушылық пен болжамға негізделген спекуляциялық құбылыс қана. Бұл фундаменталды негізі жоқ инвесторлардың алдағы уақытқа жасап жатқан жорамалы ғана, дейді сарапшы. 

“Егер 1 апта ішінде Ормуз бұғазында бәрі қалыпқа келсе, мұнай бағасы өзінің 74-76 деңгейіне қайта келеді. Сондықтан бір апталық ауытқулардан ұзақмерзімді қорытынды шығару қиын. Егер Иран Ормузды жабатынын айтып, Біріккен Араб әмірліктері және Оман тарапынан қарсылық болса, бұғазда соғыс басталса, мұнайдың баррелінің бағасы 90 долларға дейін жоғарылайтыны анық. Осы және келесі апта мұнай бағасы үшін шешуші сәт болмақ. Техиналық тұрғыдан, үлкен бұғазды жауып тастау күші әлсіреген Иранның қолынан келеді деу қиын. Дегенмен, егер артиллериялық әрекеттер, шабуылдар орын алса, мұнай құю танкерлері ондай аумақпен жүруден бас тартады. Бұл жағдайда баға міндетті түрде көтеріледі”, – дейді сарапшы. 

Сарапшының айтуынша, мұнай бағасы барреліне 70-86-ге көтерілгенімен теңге күшейіп кетпейді. Оның арасында үш апталық белгілі бір уақыт айырмасы бар дейді маман. 

"Егер мұнай 80-90 доллар деңгейіне тұрақтаса, теңге ақырындап сыртқы баланстың әсерінен күшейе бастайды. Өйткені сыртқа мұнай сатудан көбірек доллар түсіп, ол теңгеге жақсы көмек береді. 90 болып ұзақ тұрса 500-505 деңгейін көруіміз мүмкін. Бірақ қазір долларға сұраныс жоғары. Жаз мезгілінде қазақстандықтар шетелге жиі шығып, демалысқа доллар сатып алады. Сонымен бірге салық төлеу кезеңі әлі басталған жоқ, валюта конвертациясы белсенді емес. Қазір долларға сұранысты көбейтіп отырғандар шетелден тауар таситын кәсіпкерлер мен демалысқа шығатын азаматтар. Биржада кішкене баланстық көріністі тамыз айынан бастап көреміз. Мұнай бағасы енді ғана көтерілді, сондықтан доллар түсіп кетеді деп айтуға келмейді. Сәл күту керек", – дейді сарапшы. 

Сарапшы мұнайдың қымбаттауы мемлекетке салық және Ұлттық қорға түсетін кіріс жағынан пайдалы екенін айтады.

“Мұнай бағасының өсуі Ұлттық қорға түсетін түсім және бюджетке келетін мұнай компаниясының салығы жағынан өте жақсы. Егер мұнай 90 доллардан асып, ұзақ уақыт тұрса, бұл бюджет тапшылығын жабуға көп көмектеспесе де, Ұлттық қордың активтерін арттырып, елдің қаржылық тұрақтылығын күшейтуге жәрдемдеседі. Бірақ бәрібір мемлекеттік шығындар мен кірістер Бюджет кодексіне сай жұмсалуы керек. Ал тауар бағаларына келсек, доллар арзандаса, кейбір импорттық тауарлар арзандауы мүмкін. Бірақ біз үшін ең басты сұрақ: доллар арзандай ма және қаншалықты арзандайды? Қазіргі жағдайда доллар күрт арзандайды деп нақты айту қиын. Сондықтан бағалар да қысқа мерзімде айтарлықтай өзгеріске ұшырай қоймайды”, – дейді сарапшы. 

Айта кетейік, бұған дейін 22 маусымда АҚШ президенті Дональд Трамп Иранның ядролық нысандарына соққы жасағанын мәлімдеген еді. Шабуыл жасалған нысандар қатарында Фордо, Натанзу мен Исфахан бар. Толыққанды соққы басты нысан – Фордоға жасалған. Ал кейіннен Иран парламенті стратегиялық маңызы зор Ормуз бұғазын жабу туралы шешімді мақұлдаған. Дегенмен бұл шешімнің күшіне енуі үшін Ислам Республикасының Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі Жоғарғы кеңесінің бекітуі қажет. Ормуз бұғазы арқылы әлемде тұтынылатын мұнай мен газдың шамамен бестен бірі тасымалданады.

Ормуз бұғазы – Парсы шығанағы мен Араб теңізін жалғайтын әлемдегі ең маңызды теңіз өткелдерінің бірі. Оның жабылуы жаһандық энергетикалық нарықта үлкен дағдарыс туғызуы мүмкін.

STAN.KZ
Дүйсенбі, 23 Маусым, 2025 19:57
Талқылау