"Жолым ашылып, бұрын-соңды күтпеген дүниелер болды": Жігер Ауыпбаев алғаш тапқан ақшасын құрбандыққа жұмсаған
Биыл тамыздың 11-і барша мұсылмандардың қасиетті мерекесі Құрбан айттың бірінші күніне дөп түсіп тұр. Құрбан айт - адамның ішкі ниеті, шын пейілі, дінге бекемдігі, тақуалығы, басқаларға жанашырлығы таразыға түсетін уақыт. Осы орайда Stan.kz тілшісі танымал әнші Жігер Ауыпбаевқа хабарласып, әдетте Құрбан айт мерекесін қалай өткізетінін, оның маңызы туралы сұрап көрді. Алғаш тапқан нәпақасына мал алып, құрбандық шалған әнші содан кейін өмірінде өзі күтпеген өзгерістер болғанын айтады.
"Құрбандық шалу - мұсылманға парыз. Құрбан айт күндері құрбандық шалуға жағдайы бар, азат, ақыл-есі дұрыс жандарға құрбандық шалу уәжіп болып саналады. Сондықтан да құрбандық шаламыз", - дейді әнші.
Құрбандық шалғанның жөні осы екен, қан шығарса болды дейтіндерге қатысты Жігер:
"Мен ақыл айтатындай жағдайда емеспін. Бірақ құрбандық шалудың өзіндік шарттары бар. Құрбандық шалынғаннан кейін үш бөлікке бөліп, бірінші бөлігін туған-туысқандарға, екінші бөлігі жоқ-жітік пен жетім-жесірге, үшінші бөлігін өзіне қалдыруға болады. Барлық етін өзіне қалдырған мұсылманды көрмеппін", - деген әншінің өзі осы принциппен етін таратып беретінін айтады. Кейде бір қойдың етін түгел мешітке өткізіп, сондағы имамдарға тапсырып, олардың жағдайы төмен отбасыларға бөліп беретінін айтады.
Құрбандық шалғанда көбі ескере бермейтін қателіктер бар ма ? Өзіңіз куә болған дегендей...
Бұл жағына келгенде біз өте білімді халықпыз. Құрбандық шалудың ережелері бар. Құрбандыққа деп таңдалған малдың еш жері сынбаған, ен салынбаған бүтін мал болуы керек деген қағиданы бүкіл қазақ біледі. Білмеген болса мешіттерде имамдардан сұрап алуға болады.
Сіз үшін Құрбан айттың қандай мәні бар?
Мен үшін Құрбан айттың мәні өте зор. Тек мен үшін ғана емес, бүкіл мұсылман үшін Құрбан айттың мәні жоғары. Себебі құрбан шалу арқылы пенде Аллаға жақындайды. Құрбандық шалғанда қанша қан төгіледі соншалық күнәларың да тазарады.
Ең алғаш құрбандық шалған кезім есімде ерекше сақталыпты. Алғашқы өз маңдай теріммен тапқан қаржатқа шынайы ниет етіп құрбандық шалғанмын. Содан кейін ертесінен бастап жолым ашылып, жеңілдеп, бұрын-соңды күтпеген дүниелер болып, армандап жүрген көп ойларыма қол жеткізуім осы құрбандықтан кейін басталды деп айта аламын.
Алла жолында құрбандық шалу тек жақсылыққа бастайтын қадам екенін айтқан әнші:
"Барша мұсылмандарға ниет етіп, шалып жатқан құрбандықтары қабыл болсын. Еліміз, жеріміз аман болсын. Әрбір шаңырақта ел абыройын арттыратын, елдің қамын ойлайтын салиқалы ұрпақ көптеп дүниеге келе берсін. Баршаңызға Құрбан айт құтты болсын", - деп ақ тілегін жаудырды.
Құрбан айт мүбәрак!
Сұхбаттасқан: Жанна Мәлік