"Жезқазған" медициналық орталығы: Ұлытау өңірінің кардиологиялық көшбасшысына айналған мекеме
Фото: Қазақмыс
Жезқазғанда еліміздегі ең ірі жеке медициналық орталықтардың бірі жұмыс істеп тұр. Ол өңірдің денсаулық сақтау жүйесінің негізгі тірегіне айналған. Мұнда облыс тарихында алғаш рет ашық жүрекке операция жасалды. Бүгінде орталықта “Қазақмыс” корпорациясының қызметкерлерімен қатар Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен жақын аудандардың мыңдаған тұрғыны ем қабылдайды.
“Өркендеу Ассистанс” ЖШС-ға қарасты “Жезқазған” медициналық орталығы 1997 жылы пайдалануға беріліп, 2002 жылдан бастап толыққанды жұмыс істей бастады. Қазір бұл – Ұлытау облысындағы ең ірі жеке медициналық мекеме. Мұнда 1190-нан астам қызметкер еңбек етеді, оның ішінде 180-ге жуық дәрігер және 600-ден астам орта буын мамандары бар.
2003 жылдан бері аталмыш мекеме базасында облыстық кардиологиялық орталық жұмыс істей бастады. Ол денсаулық сақтау басқармасымен әріптестік аясында құрылған. Мұнда жүрек-қан тамыр ауруларына шалдыққан науқастарға тәулік бойы көмек көрсетіліп, коронарография және эндоваскулярлық ота жасалады.
“Біз үшін бірінші орында қан айналым жүйесінің аурулары тұр. Сондықтан дәл осы орталық базасында кардиологиялық орталық ашу туралы меморандумға қол қойдық. Бүгінде мұнда коронарография мен басқа да жоғары технологиялық ота жасалады”, – деді “Жезқазған медициналық орталығының” директоры Дәурен Аманқұлов.
Фото: Қазақмыс
Оның айтуынша, биыл тамыз айында өңір тарихында алғаш рет жүрекке ашық ота жасалды.
“6 тамызда алғашқы екі операция жасалды, ал 22 тамызда тағы екі ота орындалды. Бұл бүкіл облыс үшін тарихи оқиға болды”, – деп атап өтті ол.
Медорталықтың жобалық қуаттылығы – 300 төсек орны. Соның 116-сы мемлекеттік тапсырыс бойынша қаржыландырылады (ӘМСҚ және мемлекеттік дотация есебінен). Мұнда тәулік бойы жұмыс істейтін 14 стационар, 2 күндізгі стационар және үш емхана бар. Күн сайын 1000-ға жуық адам қабылданады.
Бүгінде орталыққа Жезқазған мен Сәтбаевтың 34 мыңға жуық тұрғыны тіркелген.
“Пайыздық үлеспен алғанда, тіркелгендердің 55%-ы – қала тұрғындары, ал 45%-ы – корпорация қызметкерлері мен зейнеткерлер. Дегенмен стационардағы науқастардың 70%-дан астамы облыс тұрғындары болса, 30%-ға жуығы ғана компания қызметкерлері”, – деп нақтылады Дәурен Аманқұлов.
Орталықтың құрамында триаж-жүйесі бар қабылдау бөлімі, жеті операциялық, жансақтау бөлімі, функционалды диагностика (КТ, жоғары классты УДЗ, 3D-томограф), физиотерапия, зертхана, дәріхана және жедел жәрдем қызметі бар.
Фото: Қазақмыс
Оңалту шараларына ерекше көңіл бөлінеді. Орталықта балаларға арналған оңалту бөлімі және өңірге тән бірегей кардиологиялық қалпына келтіру бағдарламасы жұмыс істейді.
“Біз доктор Бубновский орталығымен әріптестік орнаттық. Стационарымыздың базасында кинезитерапия бөлімі жұмыс істейді. Мұнда науқастар заманауи әдістемелер бойынша оңалтудан өтеді. Бұл олардың денсаулығын қалпына келтіруге айтарлықтай көмектеседі”, – деді орталық басшысы.
Фото: Қазақмыс
“Жезқазған” медицина орталығының жалпы аумағы – 26 мың шаршы метр. Оның құрамына өндірістік медицинаға арналған 40 денсаулық пункті, 33 бөлмеден тұратын қонақүй, дәрігерлерге арналған 36 пәтерлік тұрғын үй және өз қазандығы кіреді.
2024 жылғы қазанда орталық Ұлттық аккредитацияның жоғары санатына ие болды. Бұл осындай мәртебеге ие болған өңірдегі жалғыз медициналық мекеме.
Ауқымдылығына қарамастан медорталықта кадр тапшылығы бар. Мұнда жалпы тәжірибе дәрігерлері жетіспейді.
“Біздің дәрігерлердің орташа айлығы шамамен 500 мың теңге. Біз жас мамандарды тарту және кәсіби кадрларды өңірде ұстап қалу үшін жағдайды жасауға тырысамыз”, – деді Дәурен Аманқұлов.
Қазақстандағы ең ірі 10 жеке медициналық мекеменің қатарында тұрған Жезқазған медициналық орталығы Ұлытау облысы денсаулық сақтау жүйесінің жетекші буыны саналады. Мұнда жергілікті тұрғындар заманауи технологиялар мен жоғары білікті мамандардың көмегіне қол жеткізе алады. Бұл өзге қалаларға бару қажеттілігін айтарлықтай азайтады.
“Біздің мақсатымыз – өңір тұрғындары сапалы медициналық көмекті дәл осы жерде, Жезқазғанда алуына жағдай жасау. Осыған дейін атқарылған іс біздің дұрыс бағытта келе жатқанымызды көрсетіп отыр”, – деп түйді сөзін орталық директоры.

Министр Нұртілеу ұсталды деген сыбыс қазақстандықтарды дүрліктірді: Бұл істің соңы немен бітті, Бажкенованы не күтіп тұр?
