Карьер жұмысы тоқтатылды: Белсенділердің талабынан соң Жетісу облысындағы бірегей петроглифтер мемлекет қорғауына алынды
Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев диорит өндіру толығымен тоқтатылғанын және Қызылтастың бірегей петроглифтері мемлекет қорғауына алынғанын мәлім етті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Талдықорған қаласының инфрақұрылымдық нысандарын аралау аясында Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев облыс орталығының солтүстік-батыс бөлігінде орналасқан Қызылтас шатқалына қатысты жағдайға пікір білдірді.
“Өңір басшысының айтуынша, петроглифтер тұрған жерлерде диорит өндіруге мүлдем тыйым салынады. Енді Қызылтастың бірегей петроглифтері жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын тарихи-мәдени нысандар тізіміне енгізілді”, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Ұлттық Құрылтайдың үшінші отырысында ел президенті бай мәдени мұрамызды сақтау үшін бірегей тарихи нысандарымызды, атап айтқанда петроглифтерді бүліну мен вандализмнен қорғау керек екенін атап өтті.
“Экологтармен, құзырлы органдармен, жұртпен бірлесіп, "Тасбақа" тас пен жартастағы петроглифтерді сақтау үшін қажет шараларды қабылдадық. Карьерді игеру заң аясында тоқтатылды. Тиісті сот шешімі бар. Бірлескен күш-жігердің арқасында бұл мәселенің де мәні табылады. Енді "Тасбақа" тасты бірінші кезекте жергілікті, одан кейін облыстық маңызы бар ерекше қорғалатын тарихи-мәдени нысандар тізіміне енгізу үшін жұмыс істейміз. Алдағы уақытта біз қала тұрғындарының сүйіспеншілігіне бөленген бірегей нысанды одан әрі дамытып, қалай сақтайтынымызды жоспарлаймыз, – деді облыс әкімі Бейбіт Исабаев.
Аймақ басшысы 3 қазанда Қызылтас жотасының бойында "Таза Қазақстан" республикалық акциясы аясында экоакция өтетін айтты. Сонымен қатар барша қала тұрғындарын "Тасбақа" тасты сақтау үшін маңызды шараға қатысуға шақырды.
Бұған дейін петроглифтерді мұражайға көшіру ұсынылған еді. Алайда қоғам белсенділері тарихи мұраны Талдықорған маңына ауыстыруға қарсы шыққан. Себебі мұндағы тасқа қашалған суреттер тек осы маңда ғана бар, еш жерде қайталанбаған. Оның үстіне белсенділер петроглифтерді қорғау жұмыстарын да сынға алып, билік өкілдерінің кәсіпкерлердің қызығушылығын қорғайтынын айтқан.
Еске салайық, бұған дейін Жетісу облысында белгісіз біреулер алтын кенін жаппай қазып жатқанын жаздық. Ауылдан 25 шақырымға жуық жерде тереңдігі 2 метрден асатын шұңқырлар пайда болған. 2-3 жылдан бері қазба байлық іздегендер ойды да, қырды да қопарып жатыр, дейді тұрғындар. Бұған ауыл тұрғындары үзілді-кесілді қарсы. Айтуларынша, осының кесірінен жайылым жер тапшы болған.
Еміне 1,5 миллиард теңге қажет: Қазақстандық 7 жасар баланың бұлшықеттері әлсізденіп, жүруі қиындаған