Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жетісу облысында су тасқынынан кейін 22 үй апатты деп танылды

Жетісу облысына қарасты Ескелді ауданында су тасқынынан кейін 22 баспана сүрілуі мүмкін. Себебі тексеріс жүргізген комиссия үйлерді апатты жағдайда деген қорытынды шығарған. Сонымен қатар су басқан тағы 67 үй күрделі жөндеуді қажет етеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

су басқан

Әкімдік мәліметінше Ешкіөлмес және Абай ауылдарында тазалау жұмыстары аяқталған. Ағын сумен келіп аулаларды, көшелерді басып қалған 200 тонна қоқыс шығарылыпты. Дегенмен бірнеше тұрғын әлі де қауіпті үйлеріне орала алмай жүр. Олар қазір мектептерді паналауға мәжбүр.

Шенеуніктер зардап шеккендердің барлығына бірдей көмек көрсетуге уәде беріп отыр. Айтуларынша, тек сараптама қорытындысын күтіп отыр екен.

“Қорытындыны олар бір апта ішінде береміз деген. Бірақ біз екі-үш күнде қайсы бітеді, соларды бере беріңдер деп отырмыз. Себебі біздің тұрғындар қиналып жатыр, мектепте қонады. Апатты үйлердің орнына жаңа үйлер беріледі. Заң шеңберінде зардап шеккендердің үйіне жөндеу жұмыстары жүргізіледі”, – деді Қарабұлақ ауылдық округінің әкімі Сержан Оңалбаев. 

Айта кетейік, осыдан он шақты күн бұрын Ескелді ауданындағы екі ауылды жауын суы басып, тұрғындар қауіпсіз жерге көшірілген еді. 

Талқылау