Жетісу облысында гидроэлектростанцияның құрылысы археологиялық ескерткіштерге қауіп төндіреді
Фото: Видеодан скрин
Археологтар Жетісу және Түркістан облыстарындағы көне тарихи мұралардың жойылып кету қаупі бар екенін айтып дабыл қақты. Мамандардың мәліметінше, өңірлерде шаруашылық жұмыстар мен құрылыс салдарынан палеолит дәуірінен қалған ескерткіштер мен жартас суреттері жойылуы мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Қоғамдық "Петроглифтерді қорғаушылар" қорының өкілдері Көксу өзені бойында бірнеше гидроэлектростанция салу жоспарланғанын хабарлап, бұл бастаманың қауіпті тұстарын атап өтті.
"Петроглифтерді қорғаушылар" ҚҚ атқарушы директоры Ольга Гумирова Көксу өзенінің аңғары ерекше археологиялық аймақ екенін айтады.
"Мұнда палеолиттен бастап жаңа дәуірге дейінгі кезеңдерді қамтитын ескерткіштер бар. Қазір олардың барлығы жойылып кету қаупінде тұр", – деді Ольга Гумирова.
Алайда Жетісу облысының әкімдігі ешқандай қауіп жоқ деп сендіреді. Әкімдіктің мәліметінше, Ешкіөлмес петроглифтері Жоғарғы-Талапты ГЭС құрылысынан 5-6 шақырым қашықтықта орналасқан. Сонымен қатар археологиялық ескерткіштердің айналасында 120 метрлік қорғау аймағы белгіленген.
Өңірде жүргізілген зерттеу кезінде шамамен 15 мың жартас суреті тіркеліп, олардың барлығы мемлекет қорғауына алынған.
Ал Түркістан облысындағы Ә.Х.Марғұлан атындағы археология институтының жетекші ғылыми қызметкері Ералы Ақыбек бірнеше ескерткіштің шаруашылық жұмыстар кезінде бүлінгенін айтады.
"Егер біреу өзен жағасынан тас өндірсе, әкімдік оған дереу шара қолданады. Бірақ обалардан немесе өзге археологиялық орындардан тас жиналса, ешкім жауап бермейді. Бұл жағдайда әкімдіктің әрекет етуі қажет", – деді Ералы Ақыбек.
Өз кезегінде облыстық мәдениет басқармасының басшысы Раушан Тұрсынова барлық жұмыс заң аясында жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
"Қазақстан Республикасының "Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы" Заңына сәйкес, тарихи маңызы бар аумақтарда кез келген құрылыс немесе қазба жұмыстары уәкілетті органдардың келісімімен және тиісті сараптамадан кейін ғана атқарылады. Әкімдік осы талаптарды қатаң сақтап отыр", – деді Раушан Тұрсынова.
Археологтар мен қоғам өкілдері Жетісу және Түркістан облыстарындағы көне мұралардың сақталуына алаңдап, мәдениет министрлігін осы мәселеге ерекше назар аударуға шақырды.
"Біздің халық бірден бүлдіреді": Алматыдағы жаңа музей вандалдардың қолынан зардап шекті
Астанада ескерткішке макияж жасаған әйел 200 мың теңге айыппұл арқалады
Еске салайық, бұған дейін қазақстандық отбасы ұлттық парк аумағындағы вандалдар бүлдірген жартастарды қалпына келтіргенін жаздық. Өскемен тұрғыны, кәсіби альпинист Вячеслав Орлов отбасымен бірге Қатонқарағай ұлттық паркінде вандалдар бүлдірген жартастарды қалпына келтіруге кіріскен. Ұлттық парк қызметкерлерінің әлеуметтік желідегі үндеуін көрген отбасы табиғатты қорғауға атсалысуды ұйғарған. Орловтың айтуынша, бір жазбаны өшіруге шамамен жарты сағат кетеді. Бір апта ішінде олар 70-тен аса жазуды тазалап үлгерген. Әзірге бастама отбасылық деңгейде жүзеге асса да, Орлов бұл істі өңірлік, кейінірек республикалық деңгейге шығаруды жоспарлап отыр.

"Отаға 33 миллион теңге қажет": Қазақстандық әйел босану кезінде дәрігерлер кесар тілігін жасап, қуығын тесіп жіберді деп айыптады
