"Баласы бар әйелге міндет арту – сауатсыздық": Қазақстандықтар сәбиі бар үйге баратын қонаққа баратындарды сынады
Жақында Абай облысында қызуы көтерілген бес айлық сәби шетінеді. Бұл кезде анасы қонақ күтіп жүрген. Бірінші күндері учаскелік дәрігер үйге барып, рецепт жазып берген және үйде емдеуді ұсынған. Алайда бесінші күні сәбидің жағдайы нашарлап, шетінеп кеткен. Осы оқиғадан соң желіде әйелдер қауымы "балалы үйге қонақ болып бармаңдар" деп жабыла жазды. Stan.kz тілшісі осы жағдайға қатысты психолог пікірін сұрап көрді.
Патологоанатом дәрігер Жансая Советханның айтуынша, анасы балаға қызуы көтерілген кезде үнемі ибупрофен берген. Алайда үйінде бірнеше күн бойы қонақтар болғандықтан, ауруханаға апаруға уақыты болмаған.
Дәрігер ата-аналарға маңызды ескерту жасады
"Бұрынғыдай "қонақ келеді, ел не дейді" деп ойлайтын уақыт өтті. Енді ең әуелі отбасы мен бала денсаулығын ойлау керек. Қоғам ауырған баланы құтқарып қалмайды, өмірден өткенді де қайтара алмайды. "Ел не дейді" деген таптаурыннан арылатын уақыт жетті. Өзіңізді алдамаңыз, бала денсаулығына жауапкершілік тек сіздің мойныңызда", – деп атап өтті Жансая Советхан.
Желі қолданушылары бұл оқиғаға алаңдап, сәбидің анасын қолдады. Бұл оқиға ананың ғана емес, бүкіл отбасының, келген қонақтың да кінәсі дейді олар.
"Баласы кішкентай үйге к*** қышып қонақ болып келмесеңдер, өлесіңдер ме? Баласының ауырып тұрғанын көрген шығар қонақтар, келдің бе, жалпиып отырмай жоғалмайсың ба? Үйдегі анасынан басқа адамдар не бітірді? Бар міндетті байғұс келінге артып! Ол балаға қарай ма, сенің қонағыңды күте ме? Осындай надандар бәрін келінге артып, қанды ішіп бітті"
"Анасы ғана кінәлі емес, бүкіл бір отбасының да кінәсі. Баланы әкесі де, ата-апасы да қарауы керек "
"Қонақ күтемін деп, 6 баламнан айырылып қала жаздағам. 2 күн дайындалып, 1 күн қонақ күттік. Дым пайдасы жоқ, солардың көшеде сәлемдесуі қиын ғой"
"Сәбилі отбасыға қонаққа баруды, қонаққа шақыруды қою керек қой. Вирус бар, тіл-көз деген бар... Елге жағам деп жас ана ол жүгіреді, уақытылы емізбейді"
"Сол баяғы ата-ене, байдың қамы деп шапқылап жүріп қалды да, жаным сол"
"Қоғам босанған әйелдің физиологиясын жақсы білуі керек, сауаттануы қажет"
Сонымен қатар психоанализ бағытындағы практик психолог Гүлзат Қанат та бес айлық баланың шетінуін әлеуметтік желіде қозғады. Ол Қазақстан қоғамында жүктілік пен босану, әйел мен балаға қатысты сауат керек екенін айтты. Cебебі босанған әйелге қатысты айтылатын қазіргі түсініктер концлагердің сарқыншағы көрінеді.
"Ең әуелі жүкті әйел, бала, босану деген түсініктерге келгенде біздің қоғамға кәдімгі медициналық, физиологиялық сауат, білім жетіспейді. Өкінішке қарай, біздің қоғамда кеңес кезінен қалған қатыгез түсініктер басым. Ал кеңес кезеңіндегі жүйе – концлагерлердің сарқыншағы. Дәл осы нәрсе психологтар зерттеген еңбектерде айтылады. Концлагерде әйелдерге зорлық-зомбылық көрсетілді, оны сол жерде босандырды, олар қиын жағдайда жанын сақтауға мәжбүр болды. Кеңес кезіндегі перзентханаларда да тап осы нәрсені акушерлер жасады. Олар босанған анаға кеңес бергенде "үш сағат сайын еміз, қолыңа алма, өзіңе жабыстырып алма" деп үйрететін. Мұның бәрі ананы екі айда баласынан ажыратып, әйелді тезірек еңбекке араластыру үшін жасалды, себебі кеңес үкіметіне жұмысшы керек болды. Сондықтан жаңа босанған әйелдің күтінуіне, баласымен жақын болуына уақыт берген жоқ. Дәл осы түсінік бізде әлі басым", – дейді психолог.
"Үлкендер неліктен өзі көргенді келіні мен қызына да қайта жасайды?"
Маман психологиядағы "агрессормен идентификация" түсінігін түсіндірді. Қазіргі енелер мен аналар неліктен келін мен қызды да тура өзін қинағандай қинап жататынын айтып берді.
"Үлкендер бұрын өздері босанса да, босанған әйел қандай процестерден өтетінін ескермейді. Олар акушерлер жасаған зорлықтың көкесін көрген, соны енді келініне, қызына, өзінен кейінгі буынға жасап жатады "өлмедік" дейді. Психологияда "агрессормен идентификация" деген түсінік бар. "Мен жақсылық көрмедім, сен де жақсылық көрмейсің" деу. Бір жағынан жас келіннің босанғанын көріп, өзінің босанған сәті, өзінің қалай қиналғаны есіне түсіп кетеді. Сол қиналысын өз жаны көтере алмайды да, оның жартысын бөліскендей болып, келініне агрессор болады. Бұл – агрессормен идентификация, құрдымға апаратын жол. Керісінше саналы адамның әрекеті "иә, мен босанғанда маған жағдай болған жоқ, ұрысты, ұрды, бірақ бұны мен келініме, қызыма көрсетпеймін" болуы керек. Себебі салдары қандай болғанын өзі жақсы біледі", – дейді Гүлзат Қанат.
Босанған ана кімнің алдында міндетті?
Психолог баласы бар әйелге келіп міндет арту сауатсыздық дейді. Маманның сөзінше, "Жаңа босанған ана кімнің алдында міндетті деп қарастырсақ, ол сәбиінің алдында ғана міндетті".
"Әуелі бала дүниеге келеді, сосын баланың жолдасын шығарып алады. Кейбірі оны өзі түскенше күтеді, бірақ көбіне тартып шығарады. Ал плацентаның көлемі адамның екі алақанындай, осы көлемдегі ет әйелден сынылып түсті. Сонда әйелдің ішінде адамның екі алақанындай ашық жара бар, ол 40-60 күндей іртік болып тоқтамай қанайды. Сондай ашық жарасы бар әйелге келіп, "мені сыйлап күтуің керек, қызмет етуің керек" деу ақылға сыймайды. Бұл – сауатсыздық. Кейбірі әлсіреп отырған әйелге келіп қиянат жасайды. Бұл балаға да жасалған қиянат, себебі балаға ең керегі – ана.
Бала 9 ай бойы іште жатып анасының иісін, даусын, жүрегінің дүрсілін сезді, сондықтан оған ең бірінші сол таныс, үйренген анасы керек. Бала да дүниеге келуі үшін еңбектенеді, қиналады. Оған анасы қамқоршы болып, "Бәрі жақсы, сен өмірге келдің, мен қасыңдамын, мынау жарық дүние" деп таныстырып, қасында болуы керек. Бала мен ана қонаққа емес, бір-біріне керек. Жас босанған ана кімнің алдында міндетті деп алсақ, ол ең әуелі өзі дүниеге әкелген сәбидің, баланың алдында міндетті. Әйелге "ананы істе, мынаны істе" деп баланы анасынан айыруға ешкімнің құқығы жоқ. Француз психоаналитигі Франсуаза Дольтоның "Ересектердің үлкен мәселесі – кішкентай баланы өзімен тең құқылы, эмоциясы мен қалаулары бар адам деп санамауы" деген сөзі бар. Иә, баланың тілі шықпаған шығар, жүрмеген шығар, бірақ оның біздей ересектермен құқығы тең. Ал оның құқығы – анасының қасында болу, анасының махаббатына бөленіп өсу", – деп түсіндірді психоанализ бағытындағы практик психолог Гүлзат Қанат.
Қалжа мен қойдың мойын сүйегін ілудің маңызы қандай?
Қазақта балалы үйге қай уақытта қонақ бармағанын этнограф Бұлбұл Кәпқызынан сұрап білдік. Ол қырық күн шілде деген ұғымның маңызын айтып берді.
"Негізі қазақта жаңа босанған әйелдің үйіне бала қырық күн шілдеден шықпайынша қонақ болып бармайды. Бұл бір жағынан шілделі әйелге барып ауру, инфекция жұқтырмау үшін. Ал бірақ бала қырқынан шыққан соң қонақ бара береді. Ал қойдың мойнын сүйегінен ажыратпай, баланың мойны бекісін деп, ішіне ағаш тығып, қырық күн не екі айдай босағаға іліп қояды. Бұл сол үйде жас сәби бар екенін білдіреді. Жалпы кішкентай сәбиге тіл-көз тиеді деп жасалатын тыйымдар бар. Мысалы, қонақтың алдында бала емізбейді, баланың маңдайына күйе жағып қояды, келген қонаққа да қазақ баланы көп көрсетпейді, баланың бесігіне үкі тағады, солай сақтанады. Баланы көбіне көзден таса бесікке жатқызған. Үйге келген адам босағадағы мойынға емес, үйдегі бесікті көріп, баласы бар деп ұғады", – дейді этнограф.
"40 күн ештеңе тойламайды"
Сәби дүниеге келгенде ол үйді 40 күн аса мазаламай, ештеңе тойламайтын көрінеді. Үйдің үлкендері, ене мен әйелдер қауымы жаңа босанған ана мен сәбидің жағдайын бақылаған.
"Сәби дүниеге келгенде қырқынан шыққанша тойламайды. Босанып келген соң жеті күн ішінде бесікке бөлейді. Оған анасы немесе әжесі көмектеседі. Қырқынан шыққан соң шілдехана жасайды, оған ер адамдар қатыспаған. Шілдеханадан соң бала ширығып қалды, марқайып қалды деп көреді. Жас босанған ана деп абысындары мен жеңгелері қол ұшын береді, қырық күн қалжа жегізеді. Мысалы, арнайы қой сойып, тек сол әйел жесін деп қалжа береді. Қалжаны басқа адамдар ортақтасып жесе, шашы түсіп қалады деп ырымдаған. Әйел толық бір қойдың етімен қалжаланса, белі бекиді, шілде тері шығады, баласы ширайды деп сенеді. Қазақ қырық күнге дейін әйелдің қолын салқын суға малымайды, баланың жаялық, жөргектерін қолмен сілкітпейді және қазан, ауыр нәрсе көтертпейді. Осының бәріне енесі қарайлап, қамқор болған", – деп түсіндірді Бұлбұл Кәпқызы.
Этнограф жақындары жанынан табылмаған әйелдер де арнайы орталықтарда қалжаланатынын айтты.
"Қазір қалжалау орталығы деген орталық ашылыпты. Кейбір әйелдердің күтінетін жағдайы болмағанда орталықтың өзі қамқорлық танытып жатқан көрінеді. Бұл – дәстүріміздің жаңғырып жатқанының белгісі. Әйелдер жақсы екен, сорпаландық, шілде теріміз шықты деп айтып жатыр. Қалжа жеу керек, әйелге де, балаға да жағдай жасалуы керек. Осылайша дәстүріміз жалғаса береді. Ал бес айлық бала деген аздап ширап қалған бала ғой. Қазақта дәл бес айлық баласы бар үйге қонақ бармайды деген тыйым жоқ. Бұл жерде тап қонақ күткеннен шетінеді деуге келмейтін шығар. Анасын да кінәлауға болмайды", – деп түйіндеді ол.

"Баласы бар әйелге міндет арту – сауатсыздық": Қазақстандықтар сәбиі бар үйге баратын қонаққа баратындарды сынады
