Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Отаға 33 миллион теңге қажет": Қазақстандық әйел босану кезінде дәрігерлер кесар тілігін жасап, қуығын тесіп жіберді деп айыптады

Альбина

Фото: Видеодан скрин / Альбина Итеғұлова

Ақтөбеде тамыз айында Альбина Итеғұлова егіз баласын өмірге әкелді. Алайда қуанышты оқиға дәрігерлердің қатесінен қайғыға ұласқан дейді әйел. Кесар тілігі кезінде медицина қызметкерлері босанушының қуығын тіліп жіберіп, зақымдаған. Кейін жасалған отада оны қалпына келтіру мүмкін болмаған. Енді әйелдің жатыры мен қуығы бір орган сияқты жұмыс істейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Жаңа туған егіздерімен бақытты сәттерді бірге өткізу орнына Альбина қазір ауыр асқынулармен күресіп жүр. Оның сөзінше, отадан кейін үш күн өткенде қызуы 39 градусқа көтеріліп, жағдайы күрт нашарлаған.

"18 тамыз – өмірімдегі ең бақытты күн болуы керек еді. Егіздерім дүниеге келді. Бірақ отадан кейін жағдайым қиындай бастады. Алғашында дәрігерлер қызудың көтерілуін лактостазбен (сүт бездерінің түтіктерінде сүттің тұрып қалуы) байланыстырды. Бесінші күні өзімді жайсыз сезінгенімді айтып, қайта тексеруді талап еттім. Ультрадыбыстық зерттеу кезінде тігіс маңында ақау табылды. Кейін консилиум жиналып, маған цистоскопия мен гистероскопия жасалды. Жалпы наркоздан кейін оянғанымда "қуық-жатырлық жыланкөз" диагнозын қойды. Енді қуық пен жатыр бір-біріне жалғасып, бір ағзаның қызметін атқарады. Ішіне су толып кеткен", – дейді ол.

Альбинаның айтуынша, дәрігерлер кесар тілігінен кейінгі тігістің ажырау қаупіне байланысты ота жасап бере алмаған. Ол екі апта перзентханада жатып, кейін уростома (зәрді ағзадан шығару үшін құрсақ қуысына жасалатын жасанды тесік) қою үшін онкологияға жіберілген. Алайда дәрігерлер рецидив қаупі барын айтып, уростома орнатпауға кеңес берген.

"Консилиум кезінде клиника меңгерушісі "күрделі ота болды, кім жұмыс істесе, сол қателеседі" деп ақталды. Әрине, қате болады. Бірақ мен тірі адаммын. Өз қыздарына, балаларына осындай жағдай жасалса, олар қалай әрекет етер еді?" – дейді жаңа босанған әйел.

Сонымен қатар Альбина медициналық мекеме адвокатының қатысуымен болған әңгіме жазбасы бар қоңырау алғанын айтады. Оның сөзінше, бұл қорқыту емес, ескерту болған. Дәрігерлер өздерін қорғау үшін әйелдің медициналық картасын жарияламақ болған.

"Жасырмаймын, бұған дейін екі рет кесар тілігі жасалған. 2020 жылы қуық пен жатырдың артынан ине сынығы табылып, лапароскопиялық (бірнеше саңылаулар жасау арқылы өткізілетін операция) жолмен алынды. Бірақ ол қуыққа тимеген еді. Енді дәрігерлер осы жағдайды алға тартып, "тіккен жері жұқарған, сол себепті дәрігер байқамай зақымдады" дейді. Әдейі жасалмағанына келісемін. Бірақ тікпестен бұрын барлық мүшелерді тексеруі керек еді. Катетерден қан кетті, бірақ соған қарамастан тігіс жасалды", – дейді ол.

Әйелдің айтуынша, отадан кейін катетердегі қанды көрген дәрігер зәресі ұшып, меңгерушіні шақырған. Алайда кейін палатаға ауысқанда катетерді алып тастаған. 

"Қазір көпшілік маған "сотқа бер" деп жазып жатыр. Бірақ ол маған ешқандай жеңілдік әкелмейді. Сот – ұзаққа созылатын дау-дамай. Ал мен қазір қапшығымды ұстап, баяу-баяу әрең жүрмін. Балаларымды құшақтап, өмірге қуанудың орнына, мен қазір осындай дертпен күресіп жүрмін. Маған өмірімді қалпына келтіру үшін шетелде күрделі ота қажет. Бұл операция Кореяда ғана жасалатыны анықталды, ал оның бастапқы құны шамамен 60 мың доллар (32 697 000 теңге) болады екен. Тағы оңалту шараларын қосқанда 40 миллион теңгеден асады. Әрбір қолдау, дұға немесе қаржылай көмек мен үшін өте маңызды", – деп ағынан жарылды Альбина Итеғұлова.

Осы мәселеге қатысты Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасына сауал жолдадық. Басқармадағылар мекеме дәрігерлері өте тәжірибелі екенін атап өтті.

"Жүкті әйел қалыпты жағдайдағы толғақпен түскен және оның екі рет кесар тілігі болғанын ескере отырып, шұғыл түрде ота жасалған. Операция техникалық жағынан ерекшеліктерсіз өтті, тәжірибелі дәрігерлер құрамы орындады. Өкінішке қарай, асқыну бұрынғы бірқатар жағдайларға және соның ішінде қуыққа жасалған операцияларға байланысты болуы мүмкін. Алдын ала жоспар бойынша республикалық клиникаларда (кейінге қалдырылған) ота жасау ұсынылды. Бірақ таңдау әрқашан пациенттің өзінде екені түсінікті", – деп жауап берді Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы.

Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, босанған әйелді ота жасаған дәрігер үнемі бақылап отыр. Әрі асқынуды жүргізу жоспары алдын ала белгіленген тәртіпке сәйкес іске асырылып жатыр деді басқарма.

Айым Атамбаева
Сейсенбі, 23 Қыркүйек, 2025 16:32
Талқылау