Жетісу облысында 58 жастағы ер адам екі айдан бері іздестіріліп жатыр
Жетісу облысында 58 жастағы мал дәрігері екі айдан бері табылмай жатыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “КТК” арнасына сілтеме жасап.
Сәуірдің 20-сы күні бастығынан сұрануға кеткен Қанат Беделбаев сол күйі оралмапты. Орманшылар, құтқарушылар мен еріктілерден құралған бірнеше топ табанынан таусылып, төңіректегі тау-тас, өзен-көлді түгел сүзіп шыққан. Алайда атпалдай азматты көрген-білген жан жоқ. Не өлі, не тірі екенін біле алмай жүрген жақындары іздестіру жұмыстарын енді Алматы қаласында жалғастырып жатыр.
Қанат Беделбаевтың хабар-ошарсыз кеткеніне екі айдан асты. Жетісу облысы, Басши ауылының мал дәрігері бастығынан сұрануға кетіп үйіне сол күйі оралмапты. Айдың, күннің аманында 58 жастағы атпалдай азаматтың не өлі, не тірі екенін білмей қиналған туыстары күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылған.
-
"Құрылыс алаңындағы бұталардың арасынан тапқан": Нұр-Сұлтанда жоғалған баланы полицейлер түнімен іздеді
“Осындай жасқа келгенде жоғалып кеткенін кім тілейді дейсіздер. Аман-есен табылса, көрген-білгендер болса, хабарласса деймін. Не өлі болса өлі, тірі болса тіршілігінде табылса екен деп тілеймін. Арақ ішпейді. Темекі тартпайды. Ауыл, аудан, облыс бойынша беделді жұмыс барысында. Не жағдай болғанын білмеймін”, – дейді ер адамның жұбайы.
Еріктілер, құтқарушылар, орманшылар мен тұтас ауыл табанынан таусылып, төңіректегі тау-тас, өзен-көлді түгел сүзіп шыққан. Бірақ ветеринарды табу оңай болмай тұр. Ойлары сан-саққа жүгірген жақындары оны әлдекімдер жалшы қылып ұстап отыруы немесе өлтіріп көміп тастауы мүмкін деп топшылайды.
“Бір жағдай болып өлтіріп көміп тастайтын болса, ол – айтылмайтын дүние. Адамдар ұрланып жатыр байлардың малын бағу үшін. Сәуір айында малдарды қырқытады, дәрілейді, тауға апарады. Сондай кез болып жатты. “Қақа, жүрші, мына малымды көріп берші” десе, менің әкем кетіп қалады. Ол мал десе бірінші орынға қояды. Қанша жылдық жұмысы. Ол малды құтқару керек болса, құтқарады, тудыру керек болса тудырып алатын кісі”, – дейді Қ. Беделбаевтың қызы Айгүл Қанатова.
Сәуір айынан бері Жетісу облысын түгел шарлап шарқ ұрған Беделбаевтар әулеті іздеу жұмыстарын енді Алматы қаласында жалғастырып жатыр. Қазір қаладағы еріктілер хабарландыру қағазын іліп, ұшты-күйлі жоғалған азаматтың суретін жұртқа көрсетіп жүр. Әзірге іліп алар тың ақпарат жоқ.
“Алматы қаласының координаторлары бірігіп, іздеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Әлеуметтік желілерге ақпарат тарату, қаладағы ауруханаларға звондау, мәйітханаларға звондау, үйсіз қалғандарды апаратын орындар бар солардың телефондарына звондап, ақпараттарды тексеріп жатырмыз. Тірідей табылуына ниеттеспіз”, – дейді еріктілер ұйымының мүшесі Қуаныш Майлыханов.
Бақсы-балгер, құмалақшыға да жүгінген жақындары Қанатты соңғы рет көрген бастығынан да күдіктенеді. Алайда полиция әзірге нақты ақпарат жоқ екенін жеткізді. Тәртіп сақщылары іздеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз деп қысқа ғана қайырды. Ал тергеу барысына да көңілі толмайтын ағайын-туыс Қанат Беделбаевтың аман-есен үйге оралатынына сеніп, үмітпен ғана отыр.

Астана әкімдігі сенбілікте пластик жинағандарға қағаз салфетка таратқан: Экологтар бұның үлкен қате екенін айтып, дабыл қақты
