Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жалдамалы пәтердің терезесінен секіріп кеткен: Жетісу облысындағы курсанттың өліміне қатысты тың деректер айтылды

Жетісу облысында 19 жастағы курсант жоғары қабаттан секіріп, көз жұмды. Жігіттің мұндай қадамға не үшін барғаны әзірге белгісіз. Қара жамылған отбасы баламызды өлімге біреулер итермелеуі мүмкін деп отыр. Қайғылы оқиғаға қатысты полиция тергеуді бастады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Видеодан скриншот

19 жастағы жігіттің мәйіті Талдықорған қаласындағы Назарбаев көшесінен табылған. Жұмбақ жағдайда қайтыс болған баланың туыстары құзырлы органнан мән-жайды тезірек анықтауды сұрайды.

Қайғылы жағдай кеше кешкісін болған. Оқиға орнында қан іздері әлі жатыр. Жетінші қабаттан пәтер жалдап, терезеден секіріп кеткен Асылжан Абдуллаев Ақтөбедегі авиация училищесінің курсанты еді. Қысқы демалысқа үйіне келген бозбаланы әкесі Алматыға жол жүру үшін таксиге мінгізіп жіберген. Бірақ ол Талдықорғанда суицид жасағаны белгілі болды.

“Өзінің өмірін енді қимайды ғой. Бұған сол біреу осылай істе деп дайындаған ба екен. Таксиден түсе сала, 3 сағатқа пәтер жалдапты.  Енді 1 адам кінәлі болмаса, ол өйтпес еді. Демек кінәлі адам бар, cол адам табылса деймін”, – деді марқұмның әкесі Асхат Мыңжасаров.

Кішкентайынан тәп-тәтті ерекше бала болды. Өзіме қатты жақын еді. Әкесі де, мен де ерекше жақсы көрдім. Мінезі өте жақсы. Класында да, ортасында да сыйлы, бәрімен жақсы араласты. Бәрі “Аса” деп еркелететін, достарының алдында беделі болды. Жайнап тұрған бала еді. Үйден шыққанда да көңіл-күйі жақсы болған”, – деді марқұмның анасы Анаргүл Мыңжасарова. 

Қайғылы оқиғаға қатысты тергеу бастаған полиция жігіттің мұндай сұмдық қадамға не үшін барғанын анықтауға кірісті.

“Полицейлер өзін-өзі өлтіруге жеткізу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Қажет сараптамалар тағайындалып, тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр”, – деп мәлімдеді Жетісу облыстық полиция департаментінің ресми өкілі Меруерт Морякова.

"Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізді" дегенмен марқұмның туыстары келіспейді. Олар “қиындыққа төзімді ұлымыздың аяқасты өмірімен қош айтысуы мүмкін емес” деп отыр. Асылжан бала күнінен ұшқыш болуды армандаған. Сол арманның жетегінде әскери оқу орнына түскен екен. Қаршадайынан биікті бағындыруды қалаған баламыздың мақсаты айқын еді дейді қара жамылған отбасы.

Еске салайық, бұған дейін Талдықорғанда 20 жастағы курсанттың мәйіті табылғаны туралы хабарлаған едік. Жігіт Алматы әскери институтында оқыған. 

Талқылау