Жетісу облысының денсаулық сақтау басқармасы 100 мың мүшеқап пен 22 мыңнан аса интимдік жақпамай сатып алған
Желіде Жетісу облысының денсаулық сақтау басқармасы жүз мыңнан астам мүшеқап пен 22 мыңнан астам интимдік жақпамай сатып алғаны туралы ақпарат тарады. Онда секс-индустрия қызметкерлеріне қорғаныс құралдары берілгені айтылған. Басқарма бюджеттен бөлінген соманың 61,7 миллионын жұмсап, қалған қаражатқа алынған 71 931 дана құралдың қайда кеткенін көрсетпеген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: onclinic.ua
Алғашқы ақпарат Halyqstan арнасында таралып, АИТВ-ге қарсы қорғаныс құралдары мен интимдік жақпамай туралы жазылды.
"Егер сіз шенеуніктер оларды басшылары келгенде пайдалануға немесе басқа мақсаттарға арнап сатып алды деп ойласаңыз, қателесесіз. Бұл қорғаныс құралдары мен интимдік жақпамай АИТВ-ның алдын алу мақсатында алынған. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының есебіне сәйкес Жетісу өңірінде АИТВ инфекциясының алдын алу үшін жергілікті бюджеттен 61,7 миллион теңге бөлінген. Бұл қаражат семинарлар мен оқыту тренингтерін өткізуге, ақпараттық-ағартушылық аудио және видео материалдар әзірлеуге жұмсалған", – деп жазды басылым.
Мәліметтерге сенсек, жалпы, 47 іс-шара өткізіліп, оған 2 893 адам қатысқан. Сонымен қатар қаражаттың бір бөлігі 168 мың шприц, сол мөлшердегі спирттік сүрткіш, 104 544 мүшеқап және 22 500 интимдік жақпамай сатып алуға жұмсалған.
"Қызығы, 13 453 презерватив есірткіні инъекциялық жолмен қолданатын адамдарға таратылған. Секс-индустрия қызметкерлеріне 16 482 қорғаныс контрацепция құралдары берілген. Ал ерлермен жыныстық қатынасқа түсуді қалайтын ер адамдарға 2 678 презерватив пен 1 939 лубрикант (интимдік жақпамай) бөлінген. Қалған 71 931 мүшеқап қайда кеткенін денсаулық сақтау басқармасы хабарламаған. Сондай-ақ халықтың басым бөлігіне арналған 2 100 экспресс-тест сатып алынды. Алайда экспресс-әдіспен АИТВ-ға 672 адам ғана тексеруден өткен. Дегенмен аймақта экспресс-тесттердің қоры бар. Қорытындылай келе, 61,7 миллион теңге ресми түрде игеріліп, Жетісу облысының тұрғындары енді тыныш ұйықтай алады... Тіпті жеңіл жүрісті қыздармен де", – делінген басылым жазбасында.
Редакция деректердің сәйкестігі жөнінде және қаражаттың қалған сомасы қайдан жұмсалғанын Жетісу облысы денсаулық басқармасынан анықтады.
Денсаулық басқармасының дерегінше, жыл сайын халықтың басым бөлігіне және АИТВ-инфекциясымен өмір сүретін адамдарды тегін қамтамасыз ету үшін шығын материалдары (презервативтер, шприцтер, лубриканттар, спирттік сүрткіштер және т.б.) сатып алынады. Алайда басылым мен басқарманың берген мәліметтерінде сәйкестік жоқ.
"Сатып алу тендеріндегі №2 қосымшаның бұйрығына сәйкес талаптар шеңберінде жүргізіледі. Мұнда жылдық есеп бойынша әрбір адамға келесідей қаражат белгіленген:
- Есірткі қолданатындардың біреуіне – 200 шприц, 200 спирттік сүрткіш, 50 презерватив;
- Секс-қызметкерлердің біреуіне – 200 презерватив;
- Ер адамдармен жыныстық қатынасқа түсетін ер адамдардың біреуіне – 150 презерватив, 150 лубрикант;
- Трансгендерлердің біреуіне – 150 презерватив, 150 лубрикант;
- АИТВ-мен өмір сүретін адамға – 100 презерватив", – делінген басқарма жауабында.
Бұйрыққа сәйкес жоғарыда аталған топтар туралы мәліметтер анонимді түрде (сауалнамалық деректерді көрсетпей) жүргізіледі деді басқарма.
“Оның орнына алғашқы екі әріп (анасы мен әкесінің), туған жылы және жынысы қамтылған бірегей идентификациялық код беріледі. АИТВ-инфекциясының алдын алу орталығының қажеттіліктерін есептеу негізінде шығын материалдарын сатып алу тендер арқылы жүзеге асырылады. Барлық іс-шара облыста АИТВ/ЖИТС ауруларының алдын алу және таралуын болдырмау мақсатында өткізіледі", – деп жауап берді Жетісу облысы денсаулық сақтау басқармасы.