"Жер бетінде коронавирус жоқ": Танымал ақын вирус жұқтырған шенділерге сенбейтінін айтты
Танымал ақын Қайнар Алагөзов вирус жұқтырдым деп оқшауланған шенділердің ешқайсына сенбейтінін жариялады. Оларды "аферист, алаяқтар" деп атап, ешқандай коронавирус жоқ екенін кесіп айтты. Бұл туралы ол өзінің инстаграм парақшасында айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Мына аурулардың ішінде мен сенетін ешкім жоқ екен. Тап осыдан өліп, өздері салдырған пешке өртесе де сенбейм. Жер бетінде ешқандай да Коронавирус жоқ, достар. Коронавирус бар деп, елді ақымақ санап, жұртты сендіргісі келген адамның бәрі аферист, алаяқ", - деп Қайнар Алагөзов шенділерді қатты сынға алды.
Ақынның жазбасы желіде қызу талқыға түсіп жатыр. Басым көпшілігі ақынның әбестік жасап жатқанын айтып, кешірім сұрауды талап етті.
"Қайнар аузыңыз дәм, мұрныңыз иіс сезбей жатса көрер едім"- деп бірі ашуланса, екіншісі "Қайнар, тез кешірім сұрай салшы" - деп ақынның қателесіп жатқанын айтқан. Енді бірі "сізді мен жатқан ауруханаға әкеліп демала алмай жатқандарды көрсетсе, басқаша сайрайтын едің. Ауруханада орын жоқ, дәлізде жатыр. Бұрын ауруханадан қашатын адамдар қазір жатуға жалынып жатыр. Өйткені бұл жай грипп емес, қызуыңыз түспей, қалшылдап, демала алмайсыз" - деп жағдайдың қиын екенін айтып жекіді. Сондай - ақ "Қайнар алғашқыда мен де сенбегем, қазір сенем. Балам артық кетпе", - деп ақынға басу айтып жатқан оқырмандар да көп.

Қазақстандық блогерлер "лотереяға" тыйым салатын заңды айналып өтудің жолын тапты
