ОҚО тұрғыны: Шыңғысхан “мені бәрі монғол деп жүр, мен қазақ екенімді дәлелдегім келеді” деп аян берді
«Шыңғыс ханның мазары осында, бұл туралы бізге аян берілді» деп бір ерлі-зайыптылардың Арыс қаласының төңірегінен жер қазып жатқанына жылдан асты
Бұл жөнінде «Замана» басылымы жазған болатын.
Соңғы кезде осы мәселе ел есінен шыға бастағандай еді. Кешегі аптада редакцияға Арыс қаласының екі тұрғыны келді. Олардың бірі Махметкәрім Шанасов (суретте) өзінің мазар қазушылардың рухани және материалдық қолдаушысы екенін, Шыңғыс хан жатқан жердің қақпасын ашуға дайын екендіктерін айтуға келіпті.
«Біз қақпаның алдында тұрмыз, енді бір-екі метр қазсақ, оған да жетеміз, – деді ол кісі. – Бірақ құзырлы органдар қазуға рұқсат бермей отыр. Шыңғыс хан жатқан жер Арыс қаласына қарағанымен бірнеше жылға Отырар ауданы жалға алған екен. Біз аудан әкімі Ерлан Айтахановқа да бардық. Одан әрі қазуға рұқсат жоқ дегенді айтты. Негізі ол жер – орман шаруашылығына тиесілі мекен. Оның қызметшілері біздің әрбір қадамымызды аңдып отырғандай. Қазатын жерге барсақ болды, кім айтатынын білмейміз, әйтеуір қасымызға жетіп келеді. Соған қарағанда алыстан дүрбімен бақылап жүре ме деген ой келеді. Жуырда жерді рұқсатсыз қаздыңдар деп 120 мың теңге айыппұл да салып кетті. Сол себепті жұмыс тоқтап тұр. Ал қазба жұмысы тығырыққа тірелді.
Жердің астында екі бөлме бар. Оның бірінде алтындарымен бірге Шыңғыс хан, екіншісінде таза алтынмен көмкерілген аты жатыр. Бұл – қыруар байлық. Қазақстанның талай қарыздан құтылуына жетеді.
Гүлжанарға (қазып жатқандардың бірі) Шыңғысханның өзі аян арқылы жатқан жерін айтып, қазуға кеңес берген. «Мені жұрттың барлығы монғол деп жүр. Мен өзімнің қазақ екенімді дәлелдейтін кез жетті» депті аянында. Содан Гүлжанар күйеуіне айтып, Алматыдағы жұмыстарын тастап, қазу жұмысын бастаған. Оларға Темірлан ауылынан тағы үш туысқаны көмекке келді. Ешқандай ақшасыз ондай жұмысты аяқтау мүмкін емес. Олардың қиналғаны туралы маған да аян жетті. Сосын оларға көмекке бардым.
Мен ол жерде Шыңғыс ханның жатқанына сенімдімін. Бұл туралы маған әртүрлі кескіні бар тастар арқылы мәліметтер түсіп жатыр. Таңертең тұрсам есік алдынан бір тас табылады. Барлығын сақтап жүрмін. Біз тоқтаған маңнан 1 – 2 метр жерде үлкен қақпа тұр. Біз оны сеземіз. Қақпаның арғы бетінде алып жылан жатыр. Қақпаға жеткенде дұға оқысақ, ол жылан өздігінен ғайып болады. Ол дұғаны да аян арқылы Шыңғыс ханның өзі Гүлжанарға жеткізген. Біреулер неге төбеден қаза салмайды дейді. Оған атаның өзі рұқсат беріп отырған жоқ. Мені қалай алып кірді, солай қазып бару керек дейді. Ал шығарар кезде жоғарыда есігі бер екен. Сол арқылы шығарамыз. Бізге сәл ғана қалды, соны аяқтауға рұқсат берсе дейміз».
…Махметкәрімнің бұл әңгімесі адамды кәдімгідей ойландырып қояды екен. Бұдан кейін біз Отырар аудандық орман шаруашылығының директоры Шавкат Хандуллаевқа хабарласып, Шыңғыс ханның мазарын қазушылармыз дегендерге неліктен рұқсат берілмейтіні жөнінде сұрадық.
«Ол кісілер бос қиялдың жетегінде жүр-ау, – деді Ш.Хандуллаев. – Ештеңе жоқ жерді қазып, табиғатқа әжептеуір зиян келтірді емес пе? Бізден де жоғары органдар бар. Солардың тарапынан нұсқау болды. Себебі бүгінде ғылым мен техниканың дамығаны белгілі, жердің астындағы он метрдің ғана емес, он шақырымда қанша байлық бар екенін анықтай алады. Ол жерді де мамандар тексеріп, ештеңе жоқ екенін анықтады. Сондықтан жер қойнауын бекерге бүлдіре бермеу үшін рұқсат бермей отырмыз. Мен ол кісілерге Шыңғыс хан жатыр деген жерді нақты белгілеп, төбесінен қазыңыздар деп айттым. Тіпті трактормен қамтамасыз етуге уәде бердім. Жанынан қазамыз дейді. Барып көрсеңіз, қазылған жерде ешқандай қауіпсіздік ережесі сақталмаған. Тіреуіштер қойылмаған. Айтқан жерден аулақ, егер қазып жатқанда жер опырылып, астында адамдар қалса не болады? Сондықтан біз оған рұқсат бере алмаймыз. Егер алдын-ала, тіреу бағандарын қойып, қауіпсізік шарасын жасаса, онда мейлі дер едік.
Біз ол кісілерге ешқандай да айыппұл салғанымыз жоқ. Бірақ мамандар заң талаптарын түсіндіріп, жұмысты жалғастыра берсе, айыппұл салынатынын ескерткен», – дейді Ш.Хандуллаев.
Қысқасы, «Шыңғыс ханның мазарын қазушылардың» тірлігі тығырыққа тіреліп тұр. Ш.Хандуллаев заманауи құрылғылар зерттеу арқылы ол жерде ешқандай Шыңғыс ханның да, басқа адамның да жатпағанын дәлелдегенін айтады. Ал Махметкәрім Шанасов секілді бірнеше адам ол жерде қыруар алтынмен Шыңғыс ханның теріге оралып көмілгеніне сенімді. Қайсысы дұрыс?
Тағы да оқыңыз:
Алматы облысының тұрғындары аязда өздігінен пайда болған алып мұзды көріп таңғалуда (фото)
Қария тойда есіріп билеп жатқан қыз бен жігітті таяқпен салып қалды (видео)