Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Елімізде жемқорлардан тәркіленген қаражатқа тағы 20 жаңа мектеп салынады

Оқу-ағарту министрлігі білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры есебінен 15 мыңға жуық оқушыға арналған 20 жаңа мектеп салынатынын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: pixabay.com

Жемқорлардан тәркіленген қаражатқа салынатын білім беру нысандарының тізімі ведомствоның сайтында жарияланған.

Апатты мектептерді ауыстыратын 2740 оқушыға арналған 5 мектеп құрылысы (екі ауысымда), үш ауысымда оқытуды жою үшін 1200 орындық 1 мектептің құрылысы (екі ауысымда), оқушы орнының тапшылығын жою үшін 8976 оқушыға арналған 11 мектептің құрылысы (екі ауысымда) және тозығы жеткен мектепті ауыстыратын 200 орындық 1 мектептің құрылысы (екі ауысымда) бой көтереді.



Сонымен қатар екі мектепке қосымша корпустар салу (мәжіліс және спорт залдары, асханалар) жоспарланып отыр.

Шымкентте, Жетісу және Қызылорда облыстарында 3, Жамбыл облысында 4, Астана қаласы мен Алматы облысында 2 және БҚО, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында 1 мектептен салынады.

Еске салайық, 2023 жылдың 24 тамызында ел президенті Қазақстанда екі жыл ішінде 740 мың оқушыға арналған жаңа форматтағы 369 заманауи мектеп салынатынын хабарлады.

Талқылау