Желідегі ерекше жұптың махаббат хикаясын сынағандарға жігіттің әпкесі жауап берді
Соңғы күндері ерекше жұптың видеосы қазнетте қызу талқыланып жатыр. Сүйіктісіне жүрегін ұсынып, жүзігін таққан ер адам да, оның ғашығы да шымкенттік екен. Екі жастың бақытты сәтін желіге жүктеген күйеу жігіттің туған әпкесі, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат порталы.
Әлгі бейнежазбаға зер салсақ, аласа бойлы жігіт өзі ұнатқан аруға сөз салып, тұрмысқа шығуға ұсыныс тастағанын аңғаруға болады. Бүгінде дәл сол ролик tiktok-та екі миллионнан астам қаралым жинаған.
"Иә, видеодағы менің інім. Есімі – Құрбанбек, 23 жаста. Біз ол видеоны хит болып кетеді деп ойламадық. Менің інім сияқты балаларға қолдау, мотивация ретінде салынған видео еді. Біздің көптен күткен арманымыз, қуанышымыз. Соны халыққа қуанышымызбен бөлісіп, көрсеткіміз келді", – деді жігіттің әпкесі.
Дильфуза келін 18-де. Ол осы уақытқа дейін жігіттің әпкесінің үйінде бала күтуші қызметін атқарған. Ал қос ғашықтың таныстығы мен махаббат хикаясы Құрбанбектің шаңырағына басталған.
"Күндер өте төркініме қыдырып бардым. Сол кезде қасымда баламды көтеріп жүру үшін ол қызды да алып бардым. Сол кезде інім мен келінім бір-бірімен танысып, сөйлесіп, телефон нөмірімен алмасыпты. Біз оны кейіннен білдік. Содан кейін маған інім: "Әпке, сіздің үйдегі бала күтушіні, яғни Дильфузаны ұнатып қалдым. Білмеймін, ерекше бауыр басып қалдым. Қалай болар екен, анама қалай жеткізсек екен?" деді. Біраз күннен кейін Дильфузадан сұрадым. "Иә, ұнаттым, бауыр бастым. Маған сөйлегені, мені еркелеткені, кәдімгі жігіт пен қыздың арасында болатын махаббат секілді сезімді мен одан сезіндім" деді келінім. Міне, таныстық осылай басталды", – деді Аяжан Рашидқызы.
Құрбанбек пен Дильфуза қос ұстасып, ақ некесін қиса да, әлеуметтік желіде дәл осы ерекше жұпқа бағытталған жағымсыз пікірлердің санында шек жоқ. Халық оларды сынап, мінеп жатыр. Ал елдің ғаламтордағы мұндай жазбалары жігіт жақтың ашуына тиіп отыр.
"Сол жағымсыз пікір жазып жатқан кісілерге Алла сіздерге ондай перзент бермесін. Біз мұндай сынақты дұшпанымызға да тілемейміз. "Мына бала бай. Сол үшін қыз тұрмысқа шығып жатыр", деп айтқан адамға айтарым бар. Сіз миллионер, миллиардерсіз. Егер сіздің басыңызға осындай сынақ берсе немесе сіз осындай ауруға душар болып қалсаңыз қалай шешесіз? Ақшаңыз ештеңеге көмектеспейді. Сіз үшін байлық маңызды екен. Бұл біздің көптен күткен қуаныш. Сол қуанышты әкем кредит алып, шешем тиын-тебендеп жинаған ақшасына осындай бір үлкен беташар жасап берді. Осылай қыз бен бала кездестіріп, ұйымдастырып берді. Сіздер үшін мұның бәрі байлық па? Күлкім келеді. Жарайды, ештеңе демеймін. Әркімнің жағымсыз пікірі өзіне", – деп ашуланды жігіттің әпкесі.
Айта кетейік, отау құрған Құрбанбектің мына Талапты есімді інісі де дәл осындай дертке шалдыққан. Екі ұлын аяққа тұрғызу үшін ата-ананың осы уақытқа дейін бармаған жері, баспаған тауы жоқ. Туа бітті дертпен алысқан қос бауырды үш әпкесі де қаршадайынан бағып-қағып, еркелетіп өсіргенін айтады. Құрбанбек пен Талаптының әпкесі бұл сұхбатта болмысы бөлек қос інісінің диагнозы туралы да айтты.
Эксклюзивті видео сұхбаттың толық нұсқасын дәл қазір Stan Kz Youtube арнасынан көріңіз.