Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтар туыстарын асырауға мәжбүр екенін айтты: Ойлануға тұрарлық оқиғалар

Ер адамФото: Truity.com 

Әлеуметтік желіде көпбалалы отбасында дүниеге келген тұңғыш ұлдың жазбасы қызу талқыға түсті. Ол бар ауыртпалықты жалғыз арқалап жүргенін айтып, ішкі күйін бөлісіп, жұрттан ақыл-кеңес сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.

Тhreads желісінде көпбалалы отбасында дүниеге келген тұңғыш ұл жазба жариялады. Оның жазбасы 200 мыңнан астам қаралым, 2 мыңға жуық пікір жинаған.

Ер адам жазбасында ата-анасы мен төрт бауырын жалғыз өзі асырап жүргенін айтқан. Оның сөзінше, әкесі жұмыс істегісі келмейді, анасының мүмкіндігі жоқ, ал өзі бар ауыртпалықтан әбден қажыған.

“Мен көпбалалы қазақ отбасындағы тұңғыш ұлмын. Артымнан ерген 4 бауырым бар. Оларды жақсы көремін, бірақ бұдан әлі бұлай жүре алмаймын. Жаспын, денім сау, жұмыс істеймін, айына орта есеппен 400–600 мың теңге табамын. Бірақ бұл сома жетпейді. Отбасымда жұмыс істейтін, табысы бар адам мен ғана. Әкем де, анам да жұмыс істемейді. Негізі олар кәрі емес, орта жастағы адамдар. Жай ғана әкем жұмыс істегісі келмейді, ал анамның мүмкіндігі жоқ. Бәрін өз мойнымда алып жүруден әбден шаршадым. Өте қатты қажыдым, бірақ оларға "жоқ" деп айта алмаймын”, – деп жазған ол.

Ол спортпен айналысу, курстарға барып бірнеше тілу білу, саяхаттау секілді өз арманы мен қалауы бар екенін жасырмады.

“Табысым қалауымның бәріне жетер еді, бірақ, менде ондай мүмкіндік жоқ. Достарым қыдыруға шақырса бармаймын, оған менің уақытым да, күшім де жоқ. Жаңа киім сатып алмағаныма да бірнеше маусым болды. Қызбен жүру, үйлену жайлы мүлде ойламаймын. Үнемі күйзелісте жүрген соң, артық салмақ қосып алдым. Таңертең 7:00-де тұрып жұмысқа кетемін, үйге қайтамын дегенше түнгі 21:00 болады. Осындай кестемін аптасына алтын күн жұмыс істеймін”, – деп бөлісті ол.

Жазба авторы отбасына қатысты нақты шешім қабылдай алмай жүргенін айтып, қолданушылардан ақыл-кеңес сұраған.

“Енді не істеу керегін білмей жүрмін. Қандай таңдау жасайтынымды түсінбеймін. Бірақ оларды өмір бойы асырап жүре алмаймын ғой. Мені дұрыс түсініңіздер, мен шағымданып тұрған жоқпын, тек жағдайымды бөліскім келді. Бұл тақырыпқа қатысты сөйлесетін ешкім жоқ, ал өзім шешімін таба алмай жүрмін. Маған нақты кеңес керек, өйткені мен бұдан әрі бұлай жүре алмаймын”, – деп жазған ол.

Желі қолданушылары жан сырын ақтарған ер жігітті қолдап, оны түсінетіндерін жазған. Сондай-ақ өз оқиғасын бөліскендер де бар.

“Мен сізді өте жақсы түсінемін. Мен де қазақ отбасындағы үлкен ұлдың үлкен қызымын. Әкем 30 жастан асқанша тапқан табысының бәрін ата-анасына беріп келген, жалақысын атам алып отырған десем де болады. Әкем кіші бауырларының бәрінің тойын жасап, құдалықтарын өткізіп, әскерге шығарып салу мен қарсы алу секілді істердің бәрін өзі көтерген. Олардың мәселелерін де үнемі өзі шешіп отырған. Әкем 43 жасында дүниеден өтті. Әкемнің бауырлары біздің жанымызда болмады”, – деп жазған “lunnaya.sonata_”

Альбина есімді қолданушы да өзінің басынан өткені оқиғасымен бөліскен. Оның сөзінше, 19 жасынан алғаш ана атанғанша тек отбасы үшін өмір сүрген.

Мен 19 жасымнан бастап отбасымды асырадым, інімнің оқу ақысын төледім. Сондықтан айтарым - доғар. Өзімнің жастық шағымды дамуға, қабілетімді ашуға емес, шетелде табыс табуға арнадым. Тек өзім ана атанған соң бәріне “Енді мен тек өз балама міндеттімін” деп айттым. Олар аштан өлмейді”, – деп жазды ол.

Ал Жанел есімді бойжеткеннің пікірінше, бауырлары есейген соң ағаларының еңбегін бағаламай, оны қажет етпей қалуы әбден мүмкін.

“Досымның басынан өткенін айтып берейін. Болашақта бауырларыңыз ержеткенде, ешкімге керек болмай қаласыз. Қартайғансыз, отбасыңыз жоқ өйткені бар тапқаныңызды отбасыңызға бердіңіз. Денсаулыңыз мәңгі жас болмайды. Уақыт өтеді. Жалғыз қаласыз, әйел де жоқ, бала да жоқ, мүлік те жоқ. Ең бастысы сізге ешкім рақмет айтпайды, тіпті ақыр соңы кінәлі болып қалуыңыз да мүмкін”, – деп жазды ол.

Тағы бір оқырман 27 жасында әкесіне несиеге көлік алып беріп, оны 5 жыл бойы төлегеніне қарамастан, “рақмет” деген бір сөзді естімегенін жазған.

“Мен 27 жасымда әкеме несиеге көлік алып бердім және оны 5 жыл бойы төледім. Өзіме көлікті 32 жасымда ғана алдым және әлі күнге дейін несиесін төлеп жүрмін. Қазір 40 жастамын, егер өткенге қайта оралып, көлік алу мүмкіндігі қайта келсе, бірінші өзіме алатын едім. Маған “рақмет” деп те ешкім айтпады”, – деп жазған ол.

Әлия Айташева есімді қолданушы 7 жыл бойы жалақысын анасына беріп келгенін жазған. Ал кейінірек өзіне көмек қажет болғанда, анасы үйінен қуып шыққан.

“Мен 7 жыл бойы жалақымның соңғы тиынына дейін анама беріп келдім. Менің інім өмірінде ешқашан жұмыс істемеген, мен оларға жиһаз, техника, киім-кешек - барлық дүниені әперетінмін. Кейін мен тұрмысқа шығып, маған көмек керек болғанда, анам бәріне мені “жұмыссыз қалды, 3 айдан бері асырап отырмын” деп айтқан. Маған ауыр сөздер айтып, мені үйден қуып шықты, содан қатты күйзеліске түстім. Міне, сізге өмірден алынған мысал. Адам тек өзі үшін өмір сүруі қажет”, – деді ол.

Пікір жазушылар қатарында ер адамның істеп жүргені дұрыс екенін, бала өмір бойы ата-анасына қарыздар екенін жазғандар да бар.

“Ата-ананы тастауға болмайды. Олар сені өсірді, бақты. Әкеңіз жұмыс істеуге қорқуы да мүмкін. Өз-өзіне сенімсіздік пен қорқыныш. Көмектес”, “Жарайсыз! Жағдайды қабылдап, ойыңызды басқа жаққа бұрыңыз, сонда бәрі өз орнына келеді. Проблемасыз адам болмайды”, “Біздің менталитет осындай, бас тартсаң, бірден рақметі жоқ, жаман адам болып шығасың. Бұл жағдайдан батылдық танытып, ата-анаңызбен ашық сөйлескенде ғана шығасыз”, “Біздің менталитет бойынша қарасақ, сізде екі таңдау бар. Біріншісі, осы өміріңізді жалғастыру, екіншісі, бөлек шығып, оларға табысыңыздың тек 10 пайызын бөліп отыру. Басында бәрі қиын болғанымен, кейінірек бәрі дұрысталады”, “Мәселе уақытта болып тұр ғой. Мәселен менің ата-анам бұл өмірде жоқ, қазір ақшам бар, бірақ ата-анам жоқ. Әкеме көлік алып бергім келеді, өкінішке қарай, үлгермедім. Анамның жағдайын жасап үлгердім. Сондықтан әркімнің жағдайы әртүрлі”, – деп жазған.

Психолог не дейді?

Осы тұста Stan.kz тілшісі психолог Эльвира Қасымнан пікір алды.

Эльвира Қасымның айтуынша, отбасылық иерархияның бұзылуына қазақтың менталитеті әсер етеді.

“Елімізде мұндай жағдай көптеген отбасында кездеседі, бұған көбінесе менталитет те әсер етеді. Психологиялық тұрғыдан қарасақ, тұңғыш балалардың артынан бауырлары дүниеге келгенде, олар ата-анасының бұрынғыдай махаббатын сезінбей қалады. Сол себепті бала ата-анасынан жылулық көрмеген кезде, оның бойында “қалай да болсын ата-анамның назарын өзіме аудартамын” деген ішкі ұмтылыс пайда болады. Осыдан кейін ол ата-анасына көмектесуге, олардың сүйеніші мен тірегіне айналуға тырысады”, – деп түсіндірді маман. 

Психолог барлық жауапкершілікті өз мойнына алатын балалар әдетте жеке өмірін екінші орынға ысырып тастайтынын айтады, ал бұл оның болашағы үшін өте қауіпті.

“Жеке өмірін екінші орынға ысырып тастау — осындай жағдайдың айқын көрінісі. Өйткені мұндай адам өз өмірінде өзіне орын қалдырмайды. Оның әлемінде ата-анасы мен бауырларына орын бар, ал өзіне жоқ. Салдарынан ішкі бос кеңістікті толтыру мақсатында адам кейде өзіне зиян келтіретін әрекеттерге барады. Бұл түрлі тәуелділіктерден, артық тамақтанудан немесе өз денсаулығына немқұрайлы қараудан көрініс табады. Кей жағдайда, шамадан тыс жауапкершілікті ұзақ уақыт бойы көтеріп жүру адамның физикалық саулығына әсер етіп, соматикалық аурулардың пайда болуына әкеп соқтыруы мүмкін”, – дейді ол.

Маман мұндай жағдайда ең алдымен психотерапияға жүгінуге тиіс екенін түсіндірді. 

“Ересек адамның ата-анасына "енді бұл жүкті көтеріп жүре алмаймын" деп айтуы үлкен ішкі батылдықты талап ететін қадам. Сондықтан алдымен психотерапияның көмегіне жүгіну маңызды. Мұнда тәуелді қарым-қатынас пен отбасылық иерархияның бұзылуы секілді терең психологиялық мәселе жатыр. Мұндай қарым-қатынаста кім ата-ана, кім бала екенін ажырату қиын, ал шын мәнінде, екі тарап та бір-біріне еріксіз зиян келтіріп жатады. Жауапкершілік жүгін үнемі өз мойнына алған адамның жаны көбіне құлазып, көңілі себепсіз мұңаяды. Өйткені ол өзінің не үшін өмір сүріп жүргенін, өмірінің мәнін жоғалтып алады. Ал бұл тығырықтан шығудың бір ғана жолы бар –  өз жолыңды табу”, – деп қорытындылады маман.

Айнұр Мұхади
Дүйсенбі, 10 Қараша, 2025 13:29