Қазақстандықтар 10 сәуірге дейін жүргізуші куәлігін ауыстыруы керек деген хабарлама таралды – ІІМ жауап берді
Қазақстандық мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде жүргізуші куәлігін ауыстыру туралы жалған ақпарат тарап жатыр. Онда жүргізушілерден 10 сәуірге дейін жүргізуші куәліктерін ауыстыру талап етілетіні айтылған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: 110km.ru
Хабарламада 10 сәуірден кейін куәлікті ауыстыру үшін теориялық емтихан тапсыру қажет болатыны жазылған.
Алайда полиция бұл ақпаратты жалған деп таныды.
“Ауыстыру жоспарлы түрде жүзеге асырылады және қосымша шарттар мен емтихан тапсыру талап етілмейді. Жүргізуші куәліктерін ауыстыру тәртібіне ешқандай өзгеріс енгізілген жоқ. Азаматтардан тек ресми ақпарат көздеріне сенуді сұраймыз", – делінген хабарламада.
Сондай-ақ департамент көрінеу жалған ақпарат тарату Қылмыстық кодекстің 274-бабына (Көрінеу жалған ақпарат тарату) сәйкес қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертті.
Жүргізуші куәлігін ауыстыру үшін азаматтан келесі құжаттар талап етіледі:
- жеке басын куәландыратын құжат немесе цифрлық құжаттар сервисі арқылы ұсынылатын электронды құжаттар;
- мемлекеттік баж салығының төленгенін растайтын құжат.
Куәліктің қолданылу мерзімі өткен жағдайда қосымша медициналық анықтама қажет.
Жүргізуші куәлігін ауыстыру кезінде жол жүру ережелері бойынша емтихан тапсыру талап етілмейді.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда жүргізуші куәлігін беруді қатаңдату ұсынылған еді.