Нұрболат Абдуллин “жұлдызға” айналған соң, айналасындағы дос-жарандарының өзгеріп кеткенін айтты
Бүгін Нұрболат Абдуллин өзінің есеп беру емес, таныстыру кешін Республика сарайында өткізбекші. Жеке кешке қызу дайындыққа кіріскен әншімен Stan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі сұхбаттасты.
«Концерт барысында неліктен бұл атауды таңдағанымды көрермен түсініп, білетін болады. Жалпы, бұл кеш цифрлармен тікелей байланысты. 04.04, 19:19, XII – VII. Идея авторы – өзім. Бірақ, қазір ешқандай құпияны ашпаймын» деп әңгімені әріден бастады әнші жігіт.
Өзінің шығармашылығына есеп беруге ерте деп білетін Нұрболат бұл кешті өзін таныстыру мақсатында ұйымдастырмақшы. Тіпті, демеушілері жоқ екен.
«Үнемі «ұстазым-өмір, демеушім-Алла» деп айтып жүремін. «Жаратушы тұрғанда, жаратылғаннан не сұрайсың?!» деген сөз де бар. Бірақ, Аллаға шүкір материалдық болмаса да, рухани қолдап, мотивация беретін жақындарым, ағаларым бар. Әрине, қаржылай көмек сұрауға ағалар жеткілікті. Бірақ, алақан жайып, көмек сұраудан ұяламын. Намысым жібермейді. Адам болып жаратылған соң, оның ішінде еркек болып жаралған соң өзім жасау керекпін. Ол – менің жұмысым. Менің жұмысымды шешіп беріп, сонша ақша беруге олар міндетті емес. Бұл менің бірнеше айлар бойы жинаған маңдай терім», – дейді ол.
Өкінішке орай, Республика сарайында жеке кеш өткізу шығынды өтемейді. Мұны Нұрболат Абдуллин жақсы біледі. Алайда, банкрот болып қалмайтынына сенімді.
«Шығын қайтпайды. Нөлде нөл шықсақ қуанамыз. Бірақ, Аллаға шүкір билеттер жақсы өтуде. Сондықтан, толықтай өндіріп алмасақ та, 50% қайтарып аламыз деп сенемін. Десе де, барлық билет өтсе де, мен бұл концертті толықтай өндіріп ала алмаймын. Өйткені, бұл менің алғашқы концертім болғандықтан билеттер қолжетімді бағада сатылуда. Ең арзаны 2000 теңге, ең қымбаты 8000 теңге. Әрине, 10 000 теңгелік бар. Олардың 80% шақыру ретінде таратылды», – дейді Абдуллин.
Алматыға 2012 жылы келген әншінің не продюсері, не демеушісі жоқ. Шығармашылығындағы әр жетістік тек өзінің еңбегі екен.
«Осындай шығармашылықты өзім құрып келемін. Оңай емес. Үнемі ойланып, 2-3 күн ұйықтай алмай қалатын кездерім болады. Бұл менің өнердегі кішкентай империям ғой. Қазір тек фундаменті қаланып тұр. Оны одан әрмен дамыту керек, құру керек, өзге ел танитын, қазақ елінің мақтанышы болатын продакшн құру керек. Осы бағытта жұмыс жасап келемін. Жұмыс графиктерім өзгерді. Бірақ, өзім өзгермедім. Менің қасымдағы адамдар өзгерді. Олар өздерінің өзгергенін менен көріп жүр. Оған мен кінәлі емеспін. Менің әр сатыдан көтерілгенімді көрген сайын айналамдағы кей адамдар өзгеріп жатыр. Олар әлсіздік танытып, менің мысыма шыдамай жүрген шығар. Бәрін өзім жасағандықтан, еш өзгерген жоқпын. Ал, егер мені біреу жасаса онда өзгеріп кетуім мүмкін еді. Себебі, қазіргідей мың толғанып, жүз ойланып, басымды ауыртпас едім. Тәубемді ұмыту оңай болар ма еді, кім білсін», – деп ағынан жарылды Нұрболат.
Десе де, «семіздікті қой ғана көтереді» деген сөз бар. Өзіңіз танымалдылықты, жұлдыздықты қаншалықты көтере алып жатсыз?
«Халыққа қызмет ету – иманнан». Тек халық емес, айналадағы жақындарыңызбен, туыс-тумамен, бауырларыңызбен дұрыс қарым-қатынас құру ол иманның белгісі. Мен Құдайымды білетін адаммын. Пенде болғандықтан қателесеміз. Кейде оны тез түсінеміз, ал кейде кеш сеземіз. Мүмкіндігінше қателік жасамауға тырысамыз. Әрине, өмірлік өкініп өтетін қателік жасаған емеспін. Оған да шүкір. Басты қателігім алтын уақытымды өлтіріп алған кездерім болды. Өмірде ең жек көретінім – уақытты бос өткізу. Әр минут, секундты пайдалы қолдануға тырысамын. Себебі, дәл осы сәттің ертең қайта оралып келмесін білемін», – дейді әнші.
Өнерді бірінші орынға қойған Нұрболат үнемі жеке өмірін құпия ұстайды. Алайда, Аман Тасығанның бағдарламасындағы күлкісі бар құпияны ашқан сияқты.
«Аман Тасыған интрига ретінде шықты ғой. Басқа сұраққа күлгенімді қиып, тура әйелге қатысты жерге монтаждап қойыпты. Бұл бір рейтинг жасау мақсатындағы іс болған. Жеке өмір тазалықты сүйеді. Жеке өмір ол сенің оқитын, сенің ғана көретін, сенің ғана оқитын күнделігің. Мен жеке өмірім туралы халыққа айтуға міндетті емеспін. Халық та оны білуге міндетті емес. Бұл мен ұстанатын принцип. Орыстар «никогда не говори никогда» дейді ғой. Ешқашан деп айтпаймын, кемелденген шағымда бәлкім, айтатын шығармын. Сен өнерпаз болсаң, халықтың мауқын қандыр, сұрағанын бер, іздегенін тап. Бірақ, жеке өмірді жылт-жылт еткізе беру жақсылықтың нышаны деп ойламаймын.
Қазір «не жаңалық?» деген сұрақтың жауабы тікелей өнер адамына келіп тіреліп тұр ғой. Мұндай сұраныс пен қызығушылық тек Қазақстанда болып жатса керек. Қазір басқа мемлекеттік шаруа жоқ сияқты. Осындай кезде мен өзімнің жеке өмірімді өнердегі пиар қадамым жасағым келмейді. Аман Тасыған интрига, шу үшін рахмет саған. Кім үйленбей жатыр, кім үйленіп жатыр осы заманда. Меніңше аса бір менің жеке өмірім резонанс тудырмау керек. Шын өнерімді бағалайтын адам үйленген немесе бойдақ деп бағаламасы анық. Мен одан қорықпаймын. Жақсы көрген адам жақсы көреді, өнеріңді сүйген адам сенің отбасылық жағдайыңа еш назар салмастан бағалайтын болады», – деді ол.
Әрине, өнеріңді сүйген адам отбасыңызға назар салмайды. Алайда, өзіңізді сүйген әйелге жеке өмірді құпия ұстау реніш әкелуі мүмкін.
«Енді ол сұраққа әйелдер немесе әйелі бар адамдар өздері жауап беретін шығар. Менде ешқандай уайым жоқ бұл тақырыпқа қатысты», – деп түйіндеді әнші.
Ескерту! Материалды көшіріп басуға қатаң түрде тыйым салынады.
Міндетті түрде оқыңыз:
Қол жұмсауға мәжбүрлемеңдер: Майғазиев “хайптың” жетегінде кеткен танымалдарға соңғы ескерту жасады
Әкесін үлгі тұтады: Иманбаева ұлының Сәбит Әбдіхалықовпен ара-қатынасы жайлы айтты
Дәстүрлі әнші: Ер адам әйеліне мән беруді қойып, басқа әдемі келіншектерге қарайды екен