Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жеке мәліметтерін өшіруді ұмытып кеткен": Қарағандылық азаматтың атынан екі рет заңсыз кредит рәсімделді

Қарағанды облысында жас жігіт 52 жастағы азаматтың атынан қатарынан екі бірдей заңсыз кредит рәсімдеген. Күдікті ұсталды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Ресми хабарламаға сәйкес, 17 тамызда Бұқар жырау аудандық полиция басқармасына 52 жастағы ер адам шағымданды. Қарыздың жалпы сомасы – 170 мың теңге. Ер адам бірден ауылдағы жас жігіттен күдіктенген.

Полицейлердің айтуынша, 22 жастағы ауылдасы ер адамнан 30 мың теңге қарызға алған. Біршама уақыттан кейін тағы келіп, ақша сұрады. Сол кезде ер адам оған онлайн-кредит алуға кеңес берген. Ал жас жігіт қалай алатынын білмеймін деді. Ер адам ұялы телефонын алып, онлайн-кредитті қалай алу керек екенін көрсеткен. Бірақ өзінің жеке мәліметін енгізіп, өшіруді ұмытып кеткен.

Жігіт ауылдасының ұмытшақ екенін білген. Үйіне барғасын 70 мың теңгеге онлайн-кредит алыпты. Жеңіл ақшаға қызығып кеткені сонша, біршама уақыттан кейін тағы ұялы телефон арқылы кредитке ақша рәсімдеп алды. Ал жеке мәліметтерін енгізген ер адам қаржы ұйымының қызметкерлері хабарласқанда ғана мойнында кредит бар екенін білген.   

Полицейлер күдіктіні ұстады. Ол өз кінәсін мойындап отыр. Қазіргі кезде Қылмыстық кодекстің 192-бабы ("Алаяқтық") бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Осы қылмыс үшін адамның мүлкі тәркіленіп, 1 000 АЕК-ке (2 917 000 теңгеге) дейiнгi мөлшерде айыппұл салу не сол мөлшерде түзеу жұмысына тарту қарастырылған.

600 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту немесе екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу не сол мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы да мүмкін.

Айнұр Мұхади
Дүйсенбі, 23 Тамыз, 2021 17:17
Талқылау