Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тоқаев 15 наурызды Конституция күні деп жариялап, жазда Парламент сайлауы өтетінін айтты

Фото: Ақорда

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 15 наурыздың Конституция күні болып белгіленетінін және жазда Парламент сайлауы өтетінін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Тоқаев "Қазмедиа" орталығында республикалық референдум аясындағы үгіт-насихат науқанына белсенді қатысқан жастармен кездесті. Президент бүгін тарихи күн екенін атап өтіп, жастарға ризашылығын білдірді. 

“Шын мәнінде, бұл күн ел өмірінде мәңгі сақталады. Енді 15 наурыз – Конституция күні болып белгіленеді. Бұл – еліміздің басты құжаты. Мен басқа да мемлекеттердің конституцияларымен танысып шықтым. Біздің Конституциямыз ең үздік Ата заңдардың қатарында тұрады деп сеніммен айта аламын”, – деді мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Президент жаңа Конституция, ең алдымен, жастарға арналғанына назар аударды. Ата заңға волонтерлік қызмет, ғылым, инновация, жасанды интеллект сияқты ұғымдар енгізілгеніне тоқталды.

“Ауқымды үгіт-насихат науқаны жүргізілді. Алдымызда жұмыс көп. Енді жазда Парламент сайлауы өтеді. Оны бір ел болып атқаруымыз керек. Бұл жастардың парламенті болуы қажет деп ойлаймын”, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Фото: Ақорда

Кездесуде "Жастар рухы" жастар қанатының төрағасы Ақерке Ескендірова, креативті индустрия өкілі, кәсіпкер Камиль ⁠Байрамов, белсенді жастар ⁠Ержан Хамитов пен Нұрбол Серікбай сөз сөйледі. Жастар бір ай ішінде түрлі форматта 5 мыңға жуық кездесу өткізіп, оған 1,5 миллионнан аса азамат қатысқанын жеткізді. Сондай-ақ елімізде қолға алынған өзгерістердің барлығын қолдайтынын айтты.

Айнұр Мұхади
Дүйсенбі, 16 Наурыз, 2026 02:17