"Жазбаны анасы жазуы мүмкін": Шахмат федерациясының вице-президенті Бибісара Асаубаеваның мәлімдемесіне жауап берді
Қазақстан шахмат федерациясының вице-президенті Дәрмен Сәдуақасов журналистермен кездесу барысында Бибісара Асаубаеваның мәлімдемесіне жауап берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
"Дау күтпеген жерден шықты. Бұған дейін мен ол мәлімдеменің шындыққа жанаспайтынын айтқан болатынмын. Ең бастысы, біз Бибісараны, оның зор таланты мен әлеуетін жоғары бағалаймыз. Жанжал неден туды? "Қыздарды президентке ақша сұрау үшін апарған" деген мәлімдеме тараған. Бірақ біз сіздерге даму тұжырымдамасын көрсеттік, бұл – Мемлекет басшысына ұсынған құжат. Онда ақша туралы ештеңе жоқ, ешқандай сома айтылмаған. Біз шахматты дамытудың тұжырымдамасы мен тәсілдері туралы айттық", - деді Дәрмен Сәдуақасов журналистермен кездесуде.
Оның айтуынша, шахмат федерациясы катализатор, ол мемлекеттік бюджетті басқармайды.
"Егер қаржы бөлінетін болса, ол министрлік, әкімдік арқылы шахмат секциялары мен үйірмелер ашуға, спортшыларды қаржыландыруға жұмсалады. Федерация шахматты бұқаралық спорт, жоғары жетістіктер спорты тұрғысынан қалай дамыту керектігі туралы кәсіби пікір білдіреді", – деді ол.
Сонымен қатар ол Бибісараның неліктен мұндай мәлімдеме жасағанына да жауап берді.
"Біз Бибісараның анасы тарапынан қызғаныш болуы мүмкін деп ойлаймыз. Бұл жазбаны Бибісараның өзі емес, анасы жазған болуы мүмкін. Бұл - біздің ұстанымымыз. Мүмкін олай емес шығар", – дейді федерация вице-президенті.
Сонымен қатар Дәрмен Сәдуақасов федерацияда спортшыларды қаржыландыруда теңгерімсіздік бар екенін айтты. Оның пікірінше, бұл дұрыс емес.
Еске салайық, бұған дейін Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев журналист Нартай Аралбайұлына сұхбат беріп, шахмат федерациясында болған дауға қатысты пікір білдіріп, мұның екіұшты мәселе екенін айтқан.

"Күйеуімді қазақша Дарын деп атайды": Ағылшын азаматына тұрмысқа шыққан қазақ қызы оқиғасын бөлісті
