Жаяу жүргіншілер жолымен жүру қайтадан қауіпті: Алматылықтар самокат айдаушыларға қатысты шағымын айтты
Күн жылынғалы Алматыда самокат мінгендер көбейді. Қалада өткен аптада қос дөңгелекті көлік құралы 60 мың рет қолданылған екен. Былтыр электросамокаттардың жүру тәртібі біраз талқыланып, жаңа ереже енгізілсе де, оны елеп жатқан адам аз. Жаяу жүргіншілер мен көлік жүргізушілері самокатпен оңды-солды ойқастап жүретіндерді жөнге салар ереженің қадағалануын сұрап отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Видеодан жасалған скрин
Қардың ерігені сол еді, қалада электрсамокаттар қайта қаптады. Қоғамдық көлікте қысылыспай-ақ діттеген жеріңе тез жетесің. Қоршаған ортаға да зардабын тигізбейді. Бірақ самокатты тізгіндеу тәртібіне бас қатырып жатқандар сирек.
“Қала тұрғындарына самокат пайдалы. Бағасы да тиімді. Бірақ көбіне ережені бұзып жатады. Жас балалар жаяу жүргіншілер жолында айдап, қағып кетеді. Сондай жағдай көп. Жалпы айтқанда діттеген жеріңе тез арада жеткізеді. Самокат негізі жақсы”, – дейді алматылық тұрғын Қоныс Жолдасбай.
Екінші бір тұрғын Салтанат Абдуллахан самокат айдаушылардың жаяу жүргіншілер жолынан өтіп жатқан кезде тежеуішті баспайтынын, яғни ешқандай жол тәртібін сақтамайтынына шағымданады. “Қалай айдағысы келсе, солай жүреді. Сол жағынан қауіпті” дейді ол.
- 23 жастағы алматылық үйіне самокатпен келе жатып көз жұмған: Кінәлілер бірнеше айдан бері анықталмай жатыр
- Қазақстандық студент электр самокатпен жүріп, картадағы барлық ақшасынан айырылған
Самокаттарға қатысты бекітілген жаңа ереже бар. Оған сәйкес тротуармен қозғалса, жылдамдығы сағатына алты шақырымнан аспауға тиіс. Ал жылдам жүргенді жақсы көретіндер жолдың оң жақ шетімен немесе автобус жолағымен қозғала алады. Бірақ ол үшін электрсамокат тақымдаған адамның жасы 18-ге толған және кез келген санаттағы жүргізуші куәлігі болуы міндетті, сондай-ақ қауіпсіздік үшін шлем киюі қажет.
“Самокатқа сұраныс айтарлықтай артқанын көріп отырмыз. Біз соншалықты көп болады деп ойламадық. Самокатпен жүру үлкен жауапкершілік екенін ұмытпаған абзал. Яғни өзге көлік құралдарына кедергі келтірмей жүру керек. Сондай-ақ тұраққа дұрыс қою да маңызды”, – деп түсіндіреді кикшерингтік компанияның директоры Мұсалав Әлібеков.
Дегенмен заңды пысқырмай, электрсамокатпен ойқастап жүргендер көп. Ондайларға айыппұл қарастырылған.
“Ереже бұзған жағдайда жүргізушілер әкімшілік заңнаманың екі бабымен, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 593 және 620-бабымен жауапқа тартылады. Аталған баптардағы санкцияларға сәйкес, құқық бұзушыларға 5 АЕК немесе 17 мың 250 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынады”, – дейді Алматы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Полицейлер қос дөңгелекті көлік құралдарына қатысты апат көп болатынын растап отыр. Былтыр электр самокаттардың қатысуымен 63 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 48 адам зардап шегіп, 3 адам ажал құшқан.
Бұған дейін адам өліміне әкелген апаттан кейін қазақстандықтар самокатқа тыйым салуды талап етіп жатқаны жазылған.