Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

23 жастағы алматылық үйіне самокатпен келе жатып көз жұмған: Кінәлілер бірнеше айдан бері анықталмай жатыр

Алматыда самокатпен шұңқырға құлап қайтыс болған келіншектің жұбайы кінәлілер жазадан құтылып кетпек деп дабыл қақты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

қыз

Фото видеодан алынған

Кирилл Василенко әйелінің өліміне жолдың жөнделіп жатқаны туралы еш белгі қоймаған компания мен оның жұмысын бақыламаған әкімдікті кінәлайды әрі тергеудің де ұзаққа созылып кеткенін айтады.

Қайғылы оқиға бес ай бұрын болса да, іс әлі сотқа жетпеген. Тіпті ешкім күдікті ретінде танылмай отыр.

Оқиға биыл жазда болыпты. Әйелі мен күйеуі самокат тақымдап Абай даңғылындағы велосипед жолағымен батыс бағытқа қарай келе жатады. Қонаев көшесінен өте бере, дәл сол жерде, сол уақытта қазулы болған траншеяны байқамай құлап түседі. Ауыр жарақаттан келіншек сол жерде қаза тапқан.

Ерлі-зайыптының шұңқырды байқамауының себебі де белгілі. Біріншіден, оқиға түнгі сағат 1-2 шамасында болған. Екіншіден, жөндеу жүріп жатқаны туралы ешқандай ескерту де, белгі де болмаған дейді марқұмның жұбайы.

“Екеуіміз бір самокатта болғанбыз. Солай жиі жүрдік. Ол кезде ешқандай шектеу болмаған. Сол күні мен екі көшенің қиылысына жеткенде жылдамдықты азайттым. Жан-жағыма қарап, көліктің жоқ екеніне көзімді жеткізіп барып қозғалдым. Траншеяның қазылғанын тақаған кезде ғана көрдім. Тежегішті басуға тырысқаныммен, нәтиже бермеді. Аунап түсітік. Көзімді ашсам, әйелім есінен танып жатыр. Жедел жәрдем жеткенше жан тапсырды”, – дейді марқұмның жұбайы Кирилл Василенко.

Марқұм Саида Гусманова небәрі 23 жасында көз жұмды. Жас болса да университет қабырғасында сабақ беріпті. Ал Кириллмен осыдан үш жыл бұрын танысқан. Көп ұзамай некелерін заңдастырыпты. Енді тойдың әуресімен шапқылап жүргенде Саида көз жұмған.

Биыл жазда Абай даңғылының жолын жөндеуге Asmar Stroy серіктестігі жауап берген. Жұмысына сылбыр қарап, арнайы белгі қоймаған сол компания, дейді заңгер. Айтуынша, осы уақытқа дейін талай тендер ұтқан мердігер тамыр-танысы көп ірі компания болған соң іс созбалаңға салынған.

“Бес айдан астам уақыт өтті. Бірақ ешқандай тергеу жүргізіліп жатқан жоқ. Ешкімді "Аsmar stroy"-ды күдікті ретінде танымады. Бізді жәбірленуші ретінде танымаған ол іс бойынша. 2022 жылы сегіз тендер ұтып алды. 2023 жылы айналымында 10 миллиард ақшасы бар компания. Үлкен компания, біраз қызметкер жұмыс істейді. Мүмкін тергеуге өзінің бір қысымын көрсетіп жатқан шығар деп ойлаймыз”, – дейді адвокат Данияр Кәріпжанов.

Алайда компания мен әкімдік өкілдері де қандай да бір пікір білдіруден бас тартты. Екеуі де тергеуді желеу етіп отыр. Полицейлер марқұмның жұбайы жәбірленуші болып танылғанын ғана жеткізді.

“Медеу ауданы ПБ басқармасының мәліметінше, аталмыш іс бойынша Қылмыстық кодекстің 277-бабы бойынша қылмыстық іс жүргізілуде. Тиісті сараптамалық зерттеулер тағайындалды. Қайтыс болған келіншектің жұбайы ресми түрде жәбірленуші болып, қылмыстық іс аясында танылды. Тергеу жалғасып жатыр”, – деді Алматы қаласы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Талқылау