Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жатақханадағы бөлмесін босатып берген": Тележүргізуші Дана Нұржігіт қиын кезеңде көмектескен әншінің есімін атады

Танымал тележүргізуші Дана Нұржігіт тоқырау жылдарымен сәйкес келіп, қиналған кезін еске алды. Сондай кезде көмек қолын созған дәстүрлі әнші Елмұра Жаңаберген екен. Ол жеке парақшасында жазба жариялап, оқырмандарының алдында рақмет айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.  

Экс-сенатордың айтуынша, дәстүрлі әншіні көрген анасы бағдарламаға хабарласып, рақмет айтқан. 

“Аштықта жеген құйқаның дәмі аузыңнан кетпейді… Елмұра… досым, құрбымды “Хабар” арнасындағы “Оян” бағдарламасынан көрген анам тікелей эфирге хабарласыпты. Анам қатты қобалжып тұр. Дауысы дірілдеп, Елмұраны көргендегі қуанышын сөзбен жеткізе алмай тұр. Бүгінде ел сыйлаған Елмұраның бізге жасаған жақсылығын қалай ұмытайын?! Оқу бітірген жылы жатақханадан шығып қалып, баспанасыз Алматыда қаңғып қалғанымызда анамыз екеумізді шақырып алып, “менің ай-күнім жақындап қалды, елге барып босанамын. Бөпем қатайғанша елде боламын. Сіздер оған дейін жатақханадағы менің бөлмемде тұра беріңдер!” деп үйін беріп, анам екеуміз қаладан пана таппай жүргенімізде жылы ұясын ұсынған еді.
Анам сол жылы Есік педагогикалық училищесінде музыка факультеті қысқарып, қалаға жұмыс іздеп келгенді… 47 жасында мұғалімдіктен кетіп, Абай атындағы опера театрындағы хорға кірді. Сол жерден зейнеткерлікке шықты. Мен болсам, Елмұраның бөлмесінде жатып, алғашқы репортаж, сценарийлерімді жаздым, эфирге шығып жүрдім. Бүгінде бәріміз жер ортасына келдік. Бірақ, адал достың сол жақсылығы, мәрттігі мен мейірімі осы күнге дейін өмірімізге сәулесін шашып, “мынау фәни дүнияда мейірім мен адамгершіліктің бар екенінен үміт үзбеңдер, әй,адамдар!”деп тұрғандай.
Аман бол, Елмұражан! Жақсы көрем!”, – деп жазды.

Желі қолданушылары “дүние осындай кемел адамдардың арқасында нұрланып тұр” десе, өнер өкілдері Елмұраның бізге де жасаған жақсылығы көп деп жатыр. 

 

Талқылау