"Жастарға арақ ішкізіп, 20 мың теңге ақша берген": 2011 жылы қайғылы Жаңаөзен оқиғасы кезінде халықпен жүздескен Назарбаев не айтты
Жаңаөзенде мұнайшылардың бейбіт басталған шеруінің соңы қантөгіске ұласып, қарапайым халық зардап шеккен оқиғадан бері 11 жыл уақыт өтті. Осынша уақыт өтсе де қоғам ішінде жауабы табылмаған сұрақтар көп. Сол уақытта елді басқарған тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 2011 жылы 24 желтоқсанда Жаңаөзен оқиғасына қатысты айтқан пікірін еске алайық. Бұл жөнінде Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
"Жаңаөзендегі тәртіпсіздіктер кезінде жастарға 20 мың теңгеден ақша мен арақ берген, полиция өзіне бағынбаған топты жуасыту мақсатында әуелі аспанға, кейін жерге қарата оқ атқан". Бұл сөзді Назарбаев Маңғыстау облысында жергілікті орган өкілдері мен мәслихат депутаттарымен кездесуінде айтқан. Бұл жайлы "Хабар" агенттігінің желтоқсанның 23-і күнгі Назарбаевтың Маңғыстау облысына жасаған сапары жайлы жасаған бейнесюжетінде көрсетіледі. Сондай-ақ бұл ақпарат Жасарал Қуанышәлиннің Жаңаөзен оқиғаларына арналған кітабында жазылған.
Сөзінің басында сол кездегі президент желтоқсанның 16-сы болған оқиға кезінде әлдекімдердің "қару таратқаны" туралы айтады.
"Сіздер мұның барлығы қалай болғандығын өте жақсы білесіздер. Бейбіт халық мерекеге келді, міне осы бұқараға мас әрі қарулы арандатушы адамдар араласты – шолақ мылтық таратылған. Барлығы қасақана жасалды. Ал бұл мезетте полицейлердің қолында ешқандай атыс қаруы болған жоқ, міне олардың бастарынан ұрды, олар құлап қалған кезде көмекке ұмтылғандардың ешқайсысын жақындатпады. Олар бұл жағдайда не істеу керек еді? Егер оларға шабуыл жасалса, онда олардың қару қолдануға заңды құқығы бар. Дегенмен ештеңеге қарамаған полицейлер соңғы мезетке дейін әуеге оқ атты, одан қайран болмаған соң жерге ата бастады, ал арандатушылар мен ұйымдастырушылар халықты алға жетелеп отырды. Тергеу – бұл бір күннің мәселесі емес", - деп келтіреді Назарбаевтың сөзін кітапта.
Назарбаев сөзінде полицейлердің қолында "ешқандай қару болмағанын" айтып, оларды қару қолдануға мәжбүр болғандай етіп көрсетеді. Сонымен қатар ол Жаңаөзендегі тәртіпсіздіктер кезінде "жастарға арақ пен ақша бергенін" мәлімдейді.
- "Шалдың жүйесін өзгерту керек": Мәжіліс депутаты Назарбаевтың отбасы мен жақындарын сынға алды
- "Назарбаевты құдіретке айналдыру амалынан туған жасанды мереке": Қазақстанда 1 желтоқсан — тұңғыш президент күні қалай тойланатын еді?
"Арандатушылар өз істерін жасап, бой тасалады. Олардың жартысын біз қазірдің өзінде ұстадық, дегенмен Жаңаөзендегі тәртіпсіздіктерді ұйымдастырғандар тіпті бой көрсетпеген. Жаңазенде әрбір жасқа 20 мың теңгеден беріп, арақ ішкізген. Жаңағылар жасарын жасады да, қашып кетті. Бірақ жартысы ұсталды. Ал енді барлығын осыны "дирижировать" етіп отырғандар Жаңаөзенге келген де жоқ. Сырттан отырып жасады. Ана оңбағандарды іздейміз", - деген Назарбаев.
Назарбаев бұл сөзінде бейбіт шерудің қанды оқиғаларға ұласып кетуіне сыртқы күштердің болғанын меңзейді. Бірақ нақты ашып айтпайды.
Ол Маңғыстауда болған мән-жайды, "мұндағы түйткілдердің түп-төркінін жақсы білетінін айтып, алайда мәселенің шиеленісіп кеткенінен өзіне теріс ақпарат берген жекелеген лауазым иелерін айыптаған.
"Мен баяғыда келетін едім, жазда. Ойбай, барлығы дұрыс болып жатыр. Бармай-ақ қойыңыз, қазір шешіледі. Өздері қазір тынышталады, сөйтеміз, бүйтеміз деді. Қыркүйекте келем деп едім, ол кезде де облыстың бастығы да, "Қазмұнайгаз" да барлығы келісіп жатырмыз деп алдады", - деген Назарбаев кездесуде.
Өз сөзінде тұңғыш президент тәуелсіздік мерекесі тойланып жатқан уақытта болған оқиға жайлы "ту сыртынан пышақ ұрғанмен бірдей" деген теңеу айтады.
- "Қазір біз барлығын білеміз": Нұрсұлтан Назарбаев Жаңаөзен оқиғасына қатысты пікір білдірді
- "Таңертең жұмысқа кеткен баламның кешке мәйітін алдық": Жаңаөзендік мұнайшы белгісіз жағдайда көз жұмды
"Мұнайшылар ешкімнен қорықпасын. Мен қазір тапсырма беремін, оларды ешкім қамамайды, ұстамайды. Олар келіп тек жағдайды біледі. Осымен мұндай сұмдықты тоқтатыңдар. Масқара болмайық. Тура тойлап жатқан күні бүкіл Қазақстан мына жерден келді де, арқаңнан пышақ ұрғандай деген болады ғой, дәл сондайға жағдайға келтірді", - деген ол.
Сөзінің соңында Назарбаев Маңғыстау жұртына қарата сайлауда "маған дауыс берген өздеріңізсіздер" деп, халыққа өзінің көңілі өзгермейтінін айтып, тыныштандыруға тырысады.
"362 әулиенің тұрған жері қасиетті, солардың аруағына күл шашпаңдар. Олардың қаһарына қалмаңдар. Ұят болады", - деп сөзін тәмамдаған Нұрсұлтан Назарбаев.
Еске салайық, Жаңаөзен мен Шетпеде 2011 жылы желтоқсанның 16-сы мен 17-сі күндері полиция жаудырған оқтан, ресми дерек бойынша, 17 адам қаза тауып, 100-ге тарта адам жараланған.
"Жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырды" деген айыппен 37 адам сотқа тартылып, оның үшеуі толық ақталып, 21 адам шартты түрде жазаға кесілген. 13 адам 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге сотталды. "Өкілетін асыра пайдаланды" деген айыппен бес полицей 5 жылдан 6 жылға дейін абақтыға қамалып, кейін бәрі мерзімінен бұрын босап шыққан.