Айына 8500 теңге: Нұр-Сұлтанда полицейдің отбасы жалдамалы пәтерге қалай қол жеткізді
Еліміздегі әлеуметтік өзекті мәселелердің бірі – баспана. Әрине, бүгінде баспанамен қамтуға арналған түрлі мемлекеттік бағдарламалар бар. Әрқайсысының өз аудиториясы мен ерекшеліктері бар. Соның бірі осымен үшінші жыл жүзеге асып келе жатқан жастарға арналған сатып алу құқығынсыз жалдап тұруға берілетін пәтер. Бұл бағдарламаның негізгі мақсаты – жастар әзірге қаржы жинап, өз баспанасына қол жеткізем дегенше мемлекет ұсынған пәтерді арзан бағамен жалдап тұрады алады. Осы орайда Stan.kz ақпарат агенттігінің тілшісі жастарға арналған бұл баспана бағдарламасына қалай қатысуға болады? Қандай артықшылықтары бар және талаптары қандай? Осы және өзге де сұрақтардың жауабын іздеп көрген болатын.
Елорда жастарына сатып алу құқығынсыз жалға 5 жылға берілетін пәтер бағдарламасы осымен үшінші жыл іске асып келеді. 2019 жылы бас қалада 1050 пәтер, ал 2020 жылы 350 пәтер берілді. Қалалық Құрылыс басқармасының мәліметіне сәйкес, биыл тағы 1050 пәтерді жалға беру жоспары тұр.
Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігіне қарасты Тұрғын үй қоры ұсынған мәліметке сәйкес, 2019 жылы осы бағдарламаға қатысуға 6366 өтініш келіп түссе, өткен жылы 5463 елорда тұрғыны ниет танытты.
Алдымен аталған бағдарламаның қаншалықты тиімді екенін білу мақсатында сатып алу құқығынсыз берілетін пәтерді 5 жылға дейін жалдап тұру байқауына қатысып, жеңімпаз атанған елорда тұрғынын әңгімеге тартқан болатынбыз.
"Мен байқаудың алғашқы қатысушысымын (2019 жылы). Тұрғын үйді жалға алу бағдарламасы туралы жаңалықтардан естідім. Қажетті құжаттарды электронды түрде тапсырдық. Күйеуім полиция қызметкері, өзім болсам БАҚ саласында еңбек етемін. Өтінішті екеуміз екі бөлек бердік, біреуміз өтпесек, екіншіміз өтіп қалармыз деген үмітпен. Құжаттарды тапсыру процесі бірнеше күнге созылды және жоқ құжаттарды толықтыру үшін қосымша уақыт берілді. Байқау ашық әрі әділ түрде өтті. Ешқандай таныс-тамыр деген түсінік болған жоқ. Байқауға құжат тапсыру мен оның нәтижесіне қатысты барлық ақпарат Тұрғын үй қорының ресми сайтында жарияланды", - деді астаналық Әйгерім Мұсатаева.
Одан бөлек, бағдарлама қатысушысы жалға берілген пәтердің сапасы мен жалдап тұру бағасына қатысты мәліметтермен бөлісті.
"Байқаудың нәтижесінде біз 28 балл жинап, 2 бөлмелі пәтерге ие болдық. Біздің 2 баламыз бар және пәтер күйеуіме берілді. Үй Есіл өзенінің оң жағалауында "Артем" сауда үйінің маңында орналасқан. Пәтеріміз 2 бөлмелі 25 қабатты тұрғын үйдің 14-ші қабатында тұрамыз. Пәтерге жөндеу жұмыстарын жүргізген жоқпыз. Өйткені, үй дайын күйінде берілді, яғни түсқағаз, ламинат, керме төбелер және тағы басқа бәрі де жасақталған. Тек заттар мен жиһазды әкел де тұра бер. Пәтердің іші жаңа әрі кең. Қыстыгүні жылы, сондай-ақ, тұрғындар үшін барлық жағдай жасалған. Яғни үйіміздің қасында балалар орталығы, оңалту орталығы, стоматология тағы басқа қажеттінің бәрі бар. Біз 2 бөлмелі пәтерге айына 8500 теңге төлейміз, одан бөлек коммуналдық қызмет шығыны бар. Бір сөзбен айтқанда, табысын үнемдеп өз үйіне ақша жинаймын деген адамға таптырмайтын мүмкіндік. Осы орайда жастар үшін осындай жағдай жасалып жатқанына қуаныштымын", - дейді ол.
Сонымен қатар, бағдарлама қатысушысы байқау кезінде балдың қалай есептелетіні және қандай жағдайда көп балл берілетіні туралы айтып берді.
"Біз бұған дейін айына 130-140 мың теңге төлеп пәтер жалдап тұрғанбыз, енді ол ақшаны үнемдеп жеке баспана алуға жинап жатырмыз. Осы пәтерді жалдап тұру мерзімі біткен соң баспана алуды жоспарлап отырмыз.
Байқау кезінде әрбір балл маңызды болып есептеледі. Атап айтсақ, қатысушының отбасы болса балл беріледі, оған некедегі әр жылы үшін тағы балл қосылады, балалары мен оның санына қарай бөлек балл беріледі. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметші болсаң оғанда балл қосылады, сол сияқты жұмыстағы жетістіктері мен грамоталарына да балл есептелінеді", - деді астаналық жас маман.
Сонымен жалға пәтер алғысы келетін жастарды толғандыратын басты сұрақтарға жауап берсек.
Сатып алу құқығынсыз жалға берілетін пәтерге өтінішті кімдер бере алады?
2019 және 2020 жылы өтініш электронды түрде қабылданды. Баспана байқауына қатысты барлық ақпараттар Тұрғын үй қорының ресми сайтында (zhilfond.kz) жарияланатын болады.
Жастар сатып алу құқығынсыз берілетін пәтерде 5 жылға дейін жалдап тұруға болады.
Пәтерді жалдаудың ай сайынғы бағасы 5 пен 15 мың теңгенің аралығын қамтиды, сол сияқты баға пәтердің көлеміне қарай өзгеріп отырады. Яғни тұрғын үй заңында баспананың бағасын есептейтін арнайы методика бар, соған сай жүргізіледі. Онда тұрғын үйдің қай жылы салынды, қандай құрылыстық материалдар қолданылды және тағы басқа ерекшеліктер ескеріледі.
Бағдарламаға қатысушыға қандай талаптар қойылады?
Аталған баспана бағдарламасы жастарға арналған. Сондықтан да қатысушының жасы 29-дан аспауы тиіс. Тек қана Қазақстан республикасының азаматтары қатыса алады.
Сонымен қатар соңғы 2 жыл көлеміндегі тұрақты мекенжайы Нұр-Сұлтан қаласында тіркелген болуы шарт. Және де соңғы 6 айдағы жалақысы 111 мың теңгеден кем болмауы қажет.
Байқау іріктеуінен өткен азаматтарға сатып алу құқығынсыз пәтерді жалдап тұру мүмкіндігі беріледі. Пәтерге кірмес бұрын онда тұратын азаматпен келісімшарт жасалады. Онда барлық талаптар көрсетілген, азамат келісімшартпен танысып болған соң, өз келісімін береді.
Қандай жағдайда пәтер мемлекетке кері қайтарылады?
Жалға берілген пәтерде бөгде адам тұруға немесе оны үшінші адамға жалға беруге болмайды. Егер пәтерді жалға алушы үйде өзі тұрмай, бөгде біреуді тұрғызса келісімшартқа сәйкес оған ескерту жасалады. Ескертуді елемеген жағдайда сот арқылы пәтер кері қайтарылады. Екінші талап, егер жалға алушы пәтер ақысын 6 айдан артық төлемесе, сәйкесінше оған ескерту жасалып, болмаған жағдайда жалға алушы пәтерден шығарылады. Және үшінші жалға алушының атында жеке мүлік пайда болса, ондай жағдайда пәтер иесімен келісімшарт бұзылады.
Қосымша ақпарат: Нұр-Сұлтан қаласында пәтерді жалдап тұру келісімшартын бұзғандар болды.
Тұрғын үй қоры ұсынған мәліметке сүйенсек, келісімшартқа сәйкес жалдап тұрып жатқан пәтер иелерін тексеру кезінде талап бұзушылық фактілер анықталды. Бірақ, іс сотқа жетпей шешімін тапқан. Яғни пәтерді тексеру кезінде бөгде адамдардың тұрып жатқаны белгілі болды. Ондай жағдайда үй иесіне ескерту жасалып, өздері қайта көшіп келуі үшін оларға 1 апта немесе 10 күн уақыт беріледі. Елордада пәтерді жалдап тұру келісімшартын бұзу анықталғанымен, жалға алушыны пәтерден шығару оқиғасы тіркелген жоқ.
Өтініш қанша уақыт ішінде қаралады?
Жастардың жалға пәтер алуға берілген өтінішін қарау мерзімі әртүрлі. Себебі келіп түскен өтініштің көлеміне байланысты. Айтар болсақ, өткен жылы өтінішті қабылдау 1 және 5 желтоқсан аралығында жүргізілді, ал нәтижесі 30 желтоқсан күні шықты. Бұл жерде әрбір өтініш жеке-жеке қарастырылады және оларға балл берілуі тиіс. Яғни бұл жұмыс уақытты талап етеді.
Биыл жастарға арналған пәтерді жалға алу бағдарламасы қашан басталады?
2021 жыл бойынша жалға пәтер алғысы жастардан өтінішті қабылдау мерзімі әзірге белгісіз. Өйткені, бағдарламаның басталуы тұрғын үйдің салынуы мен сатып алуына байланысты. Бұл ақпаратты қалалық Құрылыс басқармасы береді. Яғни тұрғын үй салынып, ол Тұрғын үй қорының балансқа беріліп, оның құжаттарын тапсырған соң ғана, өтініштерді қабылдау басталады. Осы орайда айта кетсек, 2019 жылы бұл процесс қараша айында, ал 2020 жылы желтоқсан айында қолға алынды. Биыл да жылдың соңына дейін болады деп күтілуде. Және бағдарлама жарияланып, өтініш қабылданбас бұрын жұртшылыққа алдын ала хабар берілетін болады.
Балл не үшін тағайындалады:
1. Егер сіздің мамандығыңыз "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасына сәйкес жұмыспен қамту жөніндегі құзырлы орган бекіткен 100 сұранысқа ие мамандықтардың тізіміне енсе - 10 балл;
2. Отбасы барларға - 5 балл;
3. Кемінде бір жыл жеке кәсіпкерлікпен айналыссаңыз - 5 балл, әр жыл үшін - 1 балл.
4. Тіркелген некеде тұрған әр жыл үшін - 2 балл.
5. Бір балаңыз болса - 1 балл, одан басқа әр балаға - 2 балл.
6. Әр түрлі қызмет саласында жеткен жетістіктер үшін - 2 балл.
7. Мемлекеттік органдар мен кәсіпорындардағы жұмыс үшін - 5 балл, әр жыл үшін - 1 балл.
8. Депозиттер бойынша жинақталған әр жыл үшін - 2 балл.