"Жастар Рухы": "Менің Елім – Менің Туым" – ел рухын жаңғыртқан бастама
Фото: "AMANAT" партиясы баспасөз қызметі
Республика күні қарсаңында еліміздің түкпір-түкпірінде 1000-нан астам мемлекеттік ту желбіреді. "AMANAT" партиясының "Менің Елім – Менің Туым" акциясы Отанға деген сүйіспеншілік пен ел бірлігінің жалпыұлттық нышанына айналды. Мәселен, елордада "AMANAT" партиясының орталық аппараты ғимаратына көлемі 24x12 метр болатын Мемлекеттік ту ілінді.
Төртінші жыл қатарынан ұйымдастырылып келе жатқан бастамаға "Жастар Рухы" жастар қанатының белсенділері, еріктілер мен қарапайым азаматтар қатысуда. Биыл акцияға екі мыңнан астам жас қосылып, мереке қарсаңында ел бойынша он мыңға жуық туды қалалар мен ауылдарда, мектептерде, аулаларда және өндіріс орындарында ілу жоспарланып отыр. Үйдің, көліктің немесе дүкеннің алдында желбіреген ту – елге деген мақтаныштың және болашаққа деген сенімнің белгісі.
Мерекеге орай Астана қаласында еліміздегі ғимаратқа ілінген ең үлкен Мемлекеттік ту "AMANAT" партиясының Орталық аппаратында желбіреді. Партия өкілдерінің айтуынша, көк байрақ адамдардың бойында ең ізгі сезімдерді – елге деген мақтаныш пен патриоттық рухты оятуда. Дәл осы ту түрлі мәдени іс-шараларда, спорттық жарыстарда және Димаш Құдайбергеннің Дүниежүзілік Көшпенділер ойындары аясындағы концерті кезінде желбіреген. Сондай-ақ 2022 жылғы қыркүйекте Қазақстан мен Беларусь құрамалары арасындағы футбол ойнында "Жастар Рухы" жастар қанаты осы тумен ерекше патриоттық көрініс ұйымдастырған.
Биыл Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданғанына 35 жыл толады. Осы орайда аталған акцияның мәні айрықша. Бұл құжат – Тәуелсіздігіміздің негізін қалаған, демократия, билікті бөлу, теңдік пен еркіндік қағидаттарын айқындаған алғашқы тарихи акт. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, Республика күні халқымызды мызғымас құндылықтар төңірегіне тоғыстырып, жалпыұлттық бірегейлігімізді нығайта түсуге ықпал етеді.
Өздеріңізге белгілі, Президент бастамасымен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесі қайта берілген болатын.
“Жастар Рухы” жастар қанатының төрағасы Ақерке Искандерованың айтуынша, аталған акция жастар қауымы үшін аса маңызды.
“Бүгін желбіреген әрбір ту – саналы таңдауымыздың белгісі. Біз, Тәуелсіз Қазақстанда өсіп-өнген жас ұрпақ, ел ертеңіне деген жауапкершілікті сезінеміз. Патриотизм – біз үшін қастерлі ұғым. Ол ең алдымен туған жерге, елге адал қызмет етуден басталады. Бұл акция бізді ортақ мақсат – Әділетті Қазақстанды құру жолында біріктіреді”, – деді ол.
Әр өңірде өтіп жатқан бұл акция халық арасында бірлік пен патриоттықтың мерекесіне айналды. Адамдар суретке түсіп, әлеуметтік желілерде бөлісіп, елге деген сүйіспеншілігін көрсетіп отыр. Кәсіпкерлер де шет қалмай, туды дүкендеріне, мейрамханаларына, цехтар мен шаруа қожалықтарына ілуде. Бүгінде Мемлекеттік ту – ел алдындағы жауапкершілік пен ынтымақтың символына айналды.
Шымкент қаласындағы акцияға М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Жол-көлік колледжінің студенттері қосылды. Олар оқу орындарының ғимараттарына Мемлекеттік туларды іліп, Мұхтар Әуезов ескерткіші маңында көк туды желбіретті. Елордада "Жастар Рухы" жастар қанатының белсенділері Республика даңғылы бойындағы және "Мәңгілік ел" салтанат қақпасы маңындағы тұрғын үйлерге екі жүзге жуық Мемлекеттік ту ілді. Ал Атырау жастары "Менің Елім – Менің Туым" акциясын облыс орталығындағы басты көшелердің біріндегі жаяу жүргіншілер көпірінде өткізді. Сонымен қатар Қостанайда Allur автозауытындағы тоғыз қабатты жатақхананың қасбетіне ту ілінді.
Айта кету керек, Егемендік туралы Декларация қазіргі заманғы либералды-демократиялық құндылықтарға сәйкес келетін мемлекет жұмысының сапалы жаңа жүйесін бекітті. Тұңғыш рет республика тарихында биліктің заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтары қағидаты енгізілді. Саяси және экономикалық бәсекелестікті қамтамасыз ететін ережелер қабылданды. Декларация барлық қоғамдық ұйымдар мен қозғалыстарға тең мүмкіндіктерге кепілдік берді. Құжатта аумақтың тұтастығы, егемендігі мен таласқа түспейтін тәуелсіздігі, халықтар мәдениеті мен олардың тілдерін дамыту, ұлттық бірегейлікті нығайту сияқты мемлекеттілік қағидаттары айқын көрсетілді.
Акцияға кез келген азамат қатыса алады. Ол үшін Мемлекеттік Ту фонында түскен өзінің немесе отбасынын суретін әлеуметтік желілерге #republicday, #меніңтуым, #меніңелімменіңтуым хэштегтерімен жариялау жеткілікті.

Жинағыңызды алтынмен сақтау тиімді ме – Сарапшылар бағалы металдың грамы 100 мың теңгеге жететінін болжады
