Жастарға кез келген мəселелер бойынша көмек: Қазақстанда Жастар ресурстық орталықтары не мақсатта ашылған?
Алматы қаласында Жастар ресурстық орталығы жұмыс істейтінін бірі білсе, бірі білмейді. Ұйым жастарға өмірде бетпе-бет келетін өзекті мәселелер, соның ішінде жұмысқа орналастыру, тұрғын үй мәселелері, мемлекеттік бағдарламалар, кәсіпкерлік бойынша бағыт-бағдар беретін көрінеді. Stan.kz ақпарат агенттігінің тілшісі орталықтың нақты немен айналысатынын сұрап білді.
2001 жылы құрылған Жастар саясаты мемлекеттік қорының құрылғанына биыл 20 жыл. Мекеме 2014 жылдан бастап Жастар ресурстық орталығы функциясын атқарады. Орталық жастар мен жастар ұйымдарына арналған түрлі әлеуметтік мүмкіндіктер ұсынады.
Жастар саясаты мемлекеттік қорының директоры Алма Ауғанбаева орталықтың миссиясы, жастарға қандай мәселелер бойынша көмек беретіні жайлы айтты.
Кімдер жүгіне алады?
Жастар мемлекеттік саясаты заңына сәйкес, 14-29 жас аралығындағы жастар орталыққа қандай да бір кеңеспен, мәселемен жүгіне алады деп көрсетілген. Алайда егер бізге 30 жастағы адам немесе 12 жастағы жеткіншек баласы бар әйел келсе, біз оны кері қайтармаймыз.
Бізге жүгінген адамдардың мүмкіндігінше мәселесін шешіп беруге тырысамыз. Тіпті болмаса, оларды сәйкес мекемеге баруына бағыт береміз.
Мәселен, жүкті болып қалған қыз анасына жағдайы жайлы айтудан қорқып, бізге келуі мүмкін. Аборт жасатқысы келеді делік. Біз оған отбасылық психологты ұсынамыз, ары қарай гинеколог маманға тапсырамыз. Ол жастар денсаулығы орталығында тегін анономді түрде қызмет ала алады.
Орталыққа қандай мәселемен жүгінуге болады?
- Жұмысқа орналастыру бойынша; Жұмыссыздарға арналған дәстүрлі акциялар - Мобильді жұмыспен қамту орталығы бар.
- Кәсіпкерлік пен стартап жобалар; Жастар өздерінің идеяларын жүзеге асыру үшін келе алады. Өз кезегінде орталық оларға коуч, басқа да мамандарды ұсынады. Жобаны қалай жасайды, гранттарды қалай алуға болатынына бағыт-бағдар береді.
- Еркітілер ұсынатын көмек; Былтыр орталық қызметкерлері пандемия кезінде мұқтаж жандарға қажетті заттарды (бетперде, қолғап, азық-түлік және т.б.)тасумен, апарып берумен, орналастырумен айналысқан. Шараға барлығы 100 адам жұмылдырылды.
- Жастарға арналған мемлекеттік бағдарламалар жайлы ақпарат, мәліметтер бойынша бағыт-бағдар беру;
Алматыда орналасқан сегіз ресурстық орталықта 100-ден аса қызметкер жұмыс істейді. Әрбір ауданда орналасқан бөлімшелерде 2 маман және еріктілер тобы, ал бас бөлімде 26 адам жұмыс істейді. Сондай-ақ, еріктілер мен бағыт беретін мамандардан 50-60 шақты қызметкер жастарға көмектерін беруге атсалысып жүр.
"Бұл дегеніміз Наурыз ауданында тұратын адам бүкіл қаланы шарлап, бас орталыққа келуі қажет емес деген сөз. Енді олар өз ауданындағы орталыққа жүгіне алады. Ол мекемелердегі координатор, мамандар, психологтар екі тілде қызмет береді", - дейді орталықта
Алматы қаласының үлгісімен, алдағы уақытта Шымкент қаласының бірқатар аудандарында ресурстық орталықтар ашылғалы жатыр, дейді орталық басшысы.
Орталықтың мақсаты
Басты мақсат - жастарға өмірдің әртүрлі саласында көмек беру, бағыт жасау. Оның ішінде жұмысқа орналастыру, мемлекеттік бағдарламалар мен мүмкіндіктер жайлы бағыт беру, заңгер мен психологтардың жеке консультациялар өтеді.
Негізгі миссиясы - жастар мен жастар орталықтарына қажетті ресурстарды ұсыну, қолдау, ақпарат беру, консультация жүргізу. Сондай-ақ, біз мәдени-бұқаралық шаралар ұйымдастырамыз. "Көңілді фест", "Наурыз фестивалі", "Сарбаз рейс" сияқты шаралар, біліктілікті арттыру жұмыстары бар. Жұмыспен қамту орталығының мамандарымен бірлесіп жұмыс істейміз.
Қазір карантин уақытында бірқатар іс-шараларымыз онлайн өтіп жатыр. Шығармашылықтан бөлек, дөңгелек үстел ұйымдастырып, проблемалық мәселелерді шешуге тырысамыз, түсіндірмелі жұмыстар жүргізіледі.
Әр ауданның төлқұжаты жасалады. Мәселен, Түркісіб ауданында тұратын жастардың саны қанша, мектептердің саны, жасөспірімдердің қанша бөлігі қандайда бір тіркеуде тұратыны, жұмыссыз және жұмысы бар жастар, жастар орталықтарының саны анықталады. Бұл әкімдік, статистика комитетімен бірлесе отырып жасалатын жұмыс.
Жастарға қызмет, Жастарға білім, Жастарға кеңес, Жастарға жұмыс төрт бағытта осы жобалар аясында іс-шаралар жүргіземіз. Жастар ресурстық орталығының әр өңірде өзінің бөлімдері бар. Ол мекемелерде коворкинг бөлімдер, еркін кеңістіктер, қызмет көрсету орталықтарымен қамтамасыз етілген.
Жастарға бағытталған жобалар мен акциялар
Жақында 9 мамыр қарсаңында ардагерлерге көмек беру мақсатында еріктілер тобы қаланың әр ауданында мамыр айы бойы қызмет етеді.
Осыған дейін, Наурыз мейірімі, Бауырсақ day, Jastar skills 2021 сияқты акциялар, Жасыл ел экологиялық жобалары өтті. Экологиялық мәдениетті жастар арасында дамыту да орталық мақсаттарының бірі.
Орталық ұзақ мерзімді серіктестікті бірқатар ұйымдармен, соның ішінде Экология департаменті, Отбасы банк, Атамекен кәсіпкерлер палатасымен жүргізеді. Осылайша, ұсынылған мамандар жастардың уақытын үнемдейді, дейді орталықта.
"Патриоттық тәрбие жайлы көп айтамыз. Сөзбен емес, іспен көрсету үшін жастарға өздерінен бастау қажет екенін, адам өзіне "мемлекет маған не береді деп емес, мен мемлекетке не беремін" деген сұрақ қою керек екенін түсіндіреміз", - дейді Алма Ауғанбаева Жастар саясаты мемлекеттік қорының директоры.
Сондай-ақ, орталық мәдени-бұқаралық шаралар ұйымдастырады.
""Көңілді фест, "Наурыз фестивалі, "Сарбаз рейс" әскерде борышты өтеуге ынталандыратын шара. Одан бөлек, тауға шығу, экологиялық акциялар жүргізіледі. Тауға шығу барысында тазалау жұмыстарын жүргізіп, адамдарға түсіндірме жасаймыз. Мәселен, "Плогинг" - спорт пен экологияны біріктіретін акция жасалады деп жоспарлануда", - дейді орталық директоры.
Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған шаралар
"Самғау" республикалық бағдарламасы аясында жастар өмір сүруге қажетті қабілеттерін дамыта алады, сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі жандарға компьютерлік дағдыларды үйренуге мүмкіндік туады. Соның ішінде, зағип жандарға телефон құрылғыларын қолдану, компьютерлік сауаттылықты арттыру жұмыстары жүргізіледі. Былтыр ресурстық орталықта "Бейімдеу мен қолдау" бөлімі ашылды. Оның аясында былтыр "Қызыл алма - берік отбасы белгісі" республикалық фестивалі өтті. Шараға 60-қа жуық мүмкіндігі шектеулі жандар қатысты.
"Шығармашылық байқаудың мәні - қазір заманға мүгедек жандардың бейімделу процесін көрсету. Мәселен, әрбір мүгедек бала кәсіби студияда ән жазу мүмкіндігіне ие болды. Фестивальге 30 шақты жетістікке жеткен адамдарды шақырылып, мүмкіндігі шектеулі балаларға ментор болып, бір ай бойы әр баланы сүйемелдеп жүр. Рухани, моральдық тұрғыда жантебірентер іс-шара болған еді", - дейді Жастар саясаты мемлекеттік қорының директоры Алма Ауғанбаева.
Секциялар мен үйірмелер
Орталықта жастар өз қалауымен түрлі үйірмелерге қатыса алады. Ән, би, каратэ, таеквондо, күрес сияқты спорттың және қолданбалы өнер бағытында секциялар бар. Әр ауданда кем дегенде 10-12 үйірме орталықтар жұмыс істейді.
"Әр ауданның төлқұжаты жасалады. Мәселен, Түркісіб ауданында тұратын жастардың саны қанша, мектептердің саны, жасөсіпірімдердің қанша бөлігі қандайда бір тіркеуде тұратыны, жұмыссыз және жұмысы бар жастар, жастар орталықтарының саны анықталады. Бұл әкімдік, статистика комитетімен бірлесе отырып жасалатын жұмыс", - дейді Алма Ауғанбаева.
Жұмыссыздарға арналған дәстүрлі акциялар
Jastar Skills қатардағы жұмысшы мамандықтарын насихаттау жобасын жүргіздік. Аспаз, тігінші, темір ұстасы, металл ұсталары арасында байқау жариялап, нәтижесінде оларға қажетті құралдарын сыйға тарттық.
"Мобильді жұмыспен қамту орталығы" акция аясында орталық қызметкерлері жұмыс беруші мен жұмысшыны "жолықтырады". Жастарға өзін ұсынуды, түйіндеме жасауды, әңгімелесуден өтуді, жұмысқа тұру кезіндегі қағидалар жайлы дұрыс ақпарат береді. Сұранысқа ие мамандықтарға, одан бөлек, жұмысшылар мамандықтарына: жүк тасушы, темір балқытқыш ретінде нәпақа табуды ұсынады. Осындай қол еңбегін қажет ететін мамандықтар банк қызметкерлерінен жақсы табыс табатынын түсіндіреді.
"Жастардың бізге хабарласқанын күтіп отырмаймыз, орталықтағы көшелерге, базар, мешіттерге барып жұмыссыз жастарға бағытталған акцияға шығамыз. Бізге жұмыс орындарын ұсынатын серіктестеріміз бар. Былтыр 7 мың түлекке хабарласып, осы жоба жайлы ақпарат бердік", - дейді орталықта.
"Жастар практикасы" акциясы - университет бітіріп, үш жыл ішінде жұмысқа тұра алмағандарға, арналған мемлекеттік бағдарлама, оған ақы төленеді. Жаңада университет бітіргендер өз мамандығы бойынша жас маман ретінде жұмысқа тұра алады.
"Жұмыспен қамту - орталықтың басты міндеті. Алматыға жан-жақтан жастар жұмыс істеуге, оқуға келеді. Орталық профориентациялық жұмыстар жүргізеді. Осы арқылы адам қай бағытқа жақын екенін байқайды. Бәлкім шығармашылық адамы немесе нақты ғылымның адамы болып шығуы мүмкін. Біз жеткіншекті диагностикадан өткізіп, нәтижелерін қолына ұстатамыз. Ата-аналар да осындай бастамаларды қолдайды", - дейді Алма Ауғанбаева.
Сондай-ақ, орталық басшысы осы жылы қысқа мерзімді курстар жасап, қосымша мамандық оқып алу мүмкіндігін жасамақ екенін айтып өтті. 10-күндік, бір айлық курстар жасалды деп жоспарлануда.
Қиын жағдайға тап болған жастармен жұмыс
Орталық пробация, Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті орталықтарымен бірлесе жұмыс істейді.
"Балалар колониясындағы, тергеу жүргізіліп жатқан жастармен тренинг түрінде көмек береміз. Оларға жақсы өмірдің мысалын көрсетеміз, қаладағы жастарға арналған мүмкіндіктер, жұмыстар жайлы айтамыз. Бұл көзге көрінбесе де, үлкен еңбекті талап ететін жұмыс. Он адамның 3-4-уінің өмірін өзгерте алсақ, біз үшін бұл үлкен нәтиже болмақ" - дейді орталықта.
Сондай-ақ, орталықта ауруларды алдын алу бойынша туберкулез, ВИЧ, ЖИТС, маскүнемдік, нашақорлықты алдын алу бойынша түрлі шаралар өткізіледі. Ақпараттар жазылған парақшалар таратамыз, видеолар көрсетеміз, мамандар семинарлар өткізеді.
"20 минутта жұмысқа тұрды": Орталық көмектескен адамдар оқиғалары
Орталық жанындағы клубтарға, акцияларға қатысып, соңында бізге жұмысқа келген жастардың оқиғалары бар. Университет бітіріп, бізге жұмысқа тұрғандары көп. Аталмыш мысалдар рухани сабақтастық желісін аңғартады.
Тағы бір оқиға Айгерім есімді қызға қатысты. Оған Кореяда ота жастуға үлкен қаражат керек болды. Әрине, біз қаржы жинайтын қор емеспіз. Бірақ бұл ретте біз оған көмектесуді жөн көрдік. Үлкен концерт ұйымдастырдық, нәтижесінде 6 мың доллар жиналды. Айгерім бір емес, екі ота жасап келді.
Есту қабілетінде ақауы бар тағы бір жас қыз бізге жүгінген. Оған демеушілер, басқа да мамандар арқылы көмек бердік, "Ел назы" орталығын аштық. Бұл бастама Республика бойынша әлеуметтік жоба аясында екінші орын алған болатын. Әлгі қыз бізге өзінің қиындықтарын айтып, осындай орталық ашу идеясын ұсынды.
Жұмыспен қамтылған қыздың оқиғасы бар. Алмалы ауданында Мобильді ресурты орталық акциясын жүргізіп жаттық. Қасымызға жас қыз келіп, акцияға қызығушылық танытты. Соның ішінде "Жастар практикасы" жобасы жайлы ақпарат алған екен. Осы мәліметтерді білген қыз ең сол жерге жақын орналасқан Жұмыспен қамту орталығына барып, 20 минутта жұмысқа тұрған. Ол жақта қызды барлық құжаттарымен қабылдап алған. Қазір ол әлі де сол жерде жұмыс істеп жүр.
Қазақстанда алғашқы жастар ресурстық орталықтары 2005-2006 жылдары облыстар мен республикалық маңызы бар қалалар деңгейінде пайда болды. Қазір елімізде 209 жастар ресурстық орталықтары жұмыс істейді, онда 2,7 мың жас жұмысшылар жұмыспен қамтылған.