Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жасөспірімдер арасындағы Азия ойындарында Қазақстан Өзбекстан құрамасынан артта қалып қойды

Фото:ҰОК

22-31 қазан аралығында Бахрейннің Манама қаласында жасөспірімдер арасындағы Азия ойындары өтті. Тартысқа толы бәсекеде Қазақстан жастар құрамасы жалпы командалық есепте үздік үштіктен көрінді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қазақстан құрамасы 24 алтын, 29 күміс, 40 қола медаль жеңіп, барлығы 93 жүлдеге қол жеткізді. Бұл тарихи жетістік.

Алайда, ескеретін жайт, Өзбекстан құрамасы 37 алтын, 16 күміс, 28 қола медальмен жалпы 81 жүлде жинап, екінші орынға шықты. Алтын медаль саны бойынша есептегенде, Қазақстан Өзбекстаннан 13 алтын артта қалды.

Бұл ойланатын басты факторлардың бірі. Себебі жастар – біздің болашағымыз. Жастар арасынан осалдық танытсақ келешекте Олимпиада ойындарындада бұл қателік қайталануы мүмкін. Сонымен қатар Қазақстан бокстан соңғы сегіз жылда Олимпиада ойындарынан алтынсыз қайтып жүр. Ал Өзбекстан бір Олимпиадада бокстан бес салмақ бойынша чемпиондар шығарған. Бұған қоса ауыратлетика, таеквондо, дзюдо сияқты спорт түрлерінде олар әр Олимпиадада тұрақты түрде жүлде алып келеді. Бұл Өзбекстанның соңғы жылдары спортқа басты назар аударып, еңбек етіп келе жатқанының көрсеткіші.

 Қазақстан осыған дейінгі жасөспірімдер Азия ойындарында үздік үштікке енбеген еді. 2009 жылы сегізінші орын алса, 2013 жылы он үшінші орынға тұрақтаған.

Айта кетейік, бұл додаға Азиядағы қос мықты Жапония мен Оңтүстік Корея елдері қатысқан жоқ.

Айнұр Мұхади
Жұма, 31 Қазан, 2025 14:49
Талқылау