Жасөспірім қызды зорлап, тұншықтырып өлтірген: Қостанайда психикалық ауытқуы бар ер адам сотталды
Қостанай облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты кәмелетке толмаған баланы зорлау және қылмысты жасыру үшін кісі өлтіру фактісі бойынша Әулиекөл ауылының тұрғынына қатысты істі қарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: instagram.com/poisk_region_10
Соттың мәліметінше, маусым айында сотталушы Г мас күйінде кәмелетке толмаған 16 жастағы қызды зорлау мақсатында күш қолданып, қызды тұншықтырып өлтірген.
Ер адам тағылған айып бойынша өз кінәсін мойындамаған. Алайда сотталушының кінәсы жәбірленушінің, куәлар мен сарапшылардың айғақтарымен, тергеу әрекеттерінің хаттамалары мен бейнематериалдарымен, сондай-ақ сот сараптамасының қорытындыларымен және басқа да материалдарымен дәлелденді.
Сот сотталушы Г-ның жазасын ауырлататын мән-жай ретінде мас күйінде қылмыс жасауын таныды. Ал қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде сот сотталушының психикалық ауытқуының болуын және жас балаларының барын ескерді.
"Сотталушының жеке басын, жасалған әрекеттердің сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін, қылмыс жасағанға дейінгі және одан кейінгі мінез-құлқын ескере отырып, сот Г-ны өмір бойына педагогикалық қызметпен айналысу және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеу құқығынан айыра отырып, 25 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады", - делінген сот хабарламасында.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Еске салсақ, 2024 жылдың маусым айында Қостанай облысында 16 жастағы қыз із-түссіз жоғалып кетіп, артынша денесі табылған еді.