Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

"Бомба барын айтқан": Алматы әуежайындағы жасөспірімнің әрекеті 20 млн теңгеге жуық шығын әкелуі мүмкін

Фото: flylowcost.ru

Алматы әуежайында ұшақта бомба барын айтқан жасөспірімнің әрекеті  20 млн теңгеге жуық шығын әкелуі ықтимал. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Оқиға Алматы халықаралық әуежайда болған. Салдарынан FlyArystan әуе компаниясының FS7121 рейсі 2 сағат 44 минутқа кешігуге мәжбүр болған. 

2025 жылғы 19 сәуірде Алматы – Қарағанды бағытындағы рейске отырғызу кезінде 2009 жылы туған 15 жастағы жасөспірім өзінің досында бомба бар екенін айтып қалжыңдаған. Бұл сөз қауіпсіздік қызметтерінің шұғыл әрекет етуіне негіз болды.

"Ұшаққа отырғызу барысында жолаушылардың бірі досында бомба бар екенін айтты. Осыған байланысты отырғызу тоқтатылып, барлық жолаушы түсірілді, ал ұшақ толықтай тексеруден өтті. Соның салдарынан рейс 2 сағат 44 минутқа кешікті", – деп хабарлады FlyArystan баспасөз қызметі.

Авиакомпания өкілдерінің айтуынша, бұл оқиға салдарынан рейс кестесінің бұзылуы мен қосымша шараларға кеткен шығындар есептеліп жатыр.

"Жасөспірімнің заңды өкілі келтірілген шығынды өтеуге дайын екенін білдірді. Бұл қаражат қайырымдылыққа аударылатын болады",– делінген компания мәлімдемесінде.

Сонымен қатар, компания өкілдері Қазақстан заңнамасына сәйкес, әуежай мен ұшақ бортында қауіпсіздікке қауіп төндіретін кез келген сөздерді, тіпті қалжың түрінде, айтуға тыйым салынғанын еске салды. 

"Сырт көзге жай ғана қалжың болғанымен, бұл рейс кешігуіне, жолаушылардың эвакуациялануына, ұшақтың толық тексерілуіне, сондай-ақ әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке алып келуі мүмкін", – деп ескертті компаниядағылар.

Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 273-бабына сәйкес, терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабар бергені үшін 5 000 айлық есептік көрсеткішке дейін (2025 жылы бұл шамамен 19,7 миллион теңге) айыппұл салынуы немесе түзеу жұмыстарына, бас бостандығын шектеу не айыруға дейін жазалануы мүмкін.

Төмендегі сөздерді айтуға тыйым салынады:

- Жарылғыш заттар, бомба, қару туралы айтулар;

- Ұшақты басып алу, теракт немесе зорлық-зомбылық туралы сөздер;

- Экипаж бен жолаушылардың үрейін тудыратын қалжыңдар;

- Тәртіпсіз мінез-құлық, қорқыту немесе балағат сөздер;

- Әуе компаниясы қызметкерлері мен қауіпсіздік қызметтерінің заңды талаптарын орындамау.

Алматы қаласы терроризмге қарсы күрес жедел штабы да бұл оқиға туралы хабарлап, мұндай сөздер – тіпті қалжың түрінде айтылған күннің өзінде – әлеуетті қауіп ретінде қарастырылып, тиісті тексеру мен заңға сәйкес жауапкершілікке алып келетінін мәлімдеді.

Дана Русланқызы
Дүйсенбі, 21 Сәуір, 2025 18:29
Талқылау