“Жасың өтіп кетті деді”: Үш дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай жанкүйерлеріне бар сырын ақтарды

Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Назым Қызайбай жанкүйерлеріне әсерлі жазба арнады. Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.
Даңқты боксшы 2024 жылы Париж Олимпиадасында жеңіп алған қола жүлденің оңай келмегенін айтып, сол жолда көптеген кедергілер мен сынақтардан өткенін жеткізді.
Оның айтуынша, тіпті "жасың өтіп кетті" деп күмән келтіргендер де болған.
“Бүгін бір сәтке өткенге оралдым… Олимпиададағы сол күн, сол сезім, сол эмоциялар. Қанша жол, қанша сынақ артта қалғанын осы суретке қарап тағы бір рет сезіндім. Бұл сурет жай ғана қола медаль емес. Бұл сенімсіздікке, сөздерге, күмәнге берілмей өткен жолдың дәлелі. Лицензиялық турнирге дейін көп адам “жасың өтіп кетті” деді. Бірақ менің арманым үшін қанша еңбек етіп жүргенімді ешкім білмейді. “Лицензия ұта алмайды”, “ұтса да бірінші жекпе-жекте жеңіледі” дегендердің бәріне жауап нәтиже", – деді Назым Қызайбай.
Сондай-ақ спортшы өзгелердің сөзіне ермей, арман мен мақсаттан бас тартпауға шақырды.
"Мен ешкімге ештеңе дәлелдеуге міндетті емеспін. Көп адам сенбеді, бірақ мен өзіме сендім. Айналадағы сөз маңызды емес. Жүрегіңді тыңда. Сені сынаса да, төмендетсе де өз жолыңнан тайма. Мен бәрін көріп жүрмін, бәрін білемін. Жай ғана өз ісімді істеп келемін. Алла маған мұның бәрін берді, себебі мен ешкімге жамандық тілемеймін. Маған жаман сөз айтқандарға да тек жақсылық тілеймін. Сен. Еңбек ет. Сабыр сақта. Нәтиже өзі сөйлейді”, – деді боксшы ару.
Айта кетейік, Назым Қызайбай – Қазақстан бокс тарихындағы тұңғыш 3 дүркін әлем чемпионы. 2024 жылғы Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері. Жақында Ливерпульде өткен әлем чемпионатында Назым финалға жолдама алған еді. 48 келінің ақтық сында ол үндістандық Минакшимен қолғап түйістірді. Алайда үш раундтың нәтижесі бойынша төрешілер шешімімен Минакши жеңіске жетті. Ал Назым Қызайбай күміс жүлдегер атанды. Осылайша оның қоржыны Әлем чемпионатының барлық жүлде қорымен толықты.
"Қазақ қыздары жеңіл жүрісті дегенге намыстандым": 6 жыл Кореяда жұмыс істеген отандасымыз автоүй мен кемелер жасаған

