Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жасанды интеллект оқушының қолындағы "чипсы" қаптамасын қару деп ойлап, полиция шақырған

Фото: Depositphotos.com

АҚШ-та жасанды интеллект жүйесі оқушының қолындағы қытырлақ картоп қаптамасын қару деп ойлап, полиция шақырған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі The Guardian порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Оқиға Балтимор округіндегі орта мектептердің бірінде болған. Жоғары сынып оқушысы Таки Аллен достарымен сөйлесіп, қытырлақ картопты жеп тұрған. Алайда жасанды интеллект жүйесі қаптаманы атыс қаруы деп қабылдап, полицияға ескерту жіберген.

Полиция дереу әрекет етіп, жасөспірімді ұстап алған. Оны тізерлетіп, қолына кісен салып, тінту жүргізген. Бірақ ешқандай қауіпті зат табылмаған.

"Бастапқыда олар қайда бара жатқанын түсінбедім. Кейін олар маған қарай қарумен келе жатып “Жерге жат!” деді. Аң-таң болдым. “Не болды?” деп ойладым... Қолымда тек Doritos қаптамасы бар еді. Олар менің қолымды және саусағымды көріп, бұл пистолетке ұқсайды деді", – деп бөлісті оқушы WBAL-TV 11 News арнасына берген сұхбатында.

Оқиғадан кейін мектеп әкімшілігі оқушылардың отбасыларына хат жолдап, жағдайға қатысты қолдау көрсетілетінін мәлімдеген.

Айта кетейік, 2024 жылы Балтимор округіндегі орта мектептерде жасанды интеллект арқылы жұмыс істейтін қару анықтау жүйесі іске қосылған. Бұл жүйе камералар арқылы күмәнді заттарды анықтаса, бірден мектеп әкімшілігі мен құқық қорғау органдарына хабарлама жібереді.


ChatGPT-де енді ересектер үшін эротикаға рұқсат берілмек


ChatGPT-де ата-ана бақылауы пайда болды


Еске салайық, бұған дейін АҚШ-та 16 жастағы Адам Рейн есімді жасөспірім бірнеше ай бойы ChatGPT-мен суицид тақырыбында сөйлескеннен кейін өз-өзіне қол жұмсаған. Оның ата-анасы OpenAI мен бас директоры Сэм Альтманды сотқа беріп, чат-бот баласына өзін өлтіру тәсілдерін үйренуге және өлер алдындағы хат жазуға көмектескенін мәлімдеді. Ата-анасы OpenAI-ді қауіпсіздік шараларын елемеді деп айыптап, пайдаланушылардың жасын тексеру мен суицидке қатысты ақпарат бермеуді талап етті. OpenAI бұл оқиғаға өкініш білдіріп, қауіпсіздік пен жедел көмек жүйесін жетілдіру жұмыстарын жүргізіп жатқанын айтты.

STAN.KZ
Сенбі, 25 Қазан, 2025 19:20
Талқылау