Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жасанды интеллект пен фармацевтикалық өндіріс: Polpharma Santo өкілі Оңтүстік Қазақстан медицина академиясында дәріс өткізді

санто

Шымкент қаласындағы Оңтүстік Қазақстан медицина академиясында Polpharma Santo академиялық бағдарламасы аясында фармацевтикалық өндірістегі цифрлық трансформация мен жасанды интеллектке арналған мазмұнды дәріс өтті. "Өндірістік операцияларды трансформациялау: тұжырымдамадан іске асыруға дейін" тақырыбында өткен дәрісті MBA, химия ғылымдарының докторы (PhD), Polpharma тобының өндіріс жөніндегі басшысы Томас Нотеггер жүргізді.

Бұл кездесу Santo компаниясы мен Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы арасындағы 2013 жылдан бері жалғасып келе жатқан жүйелі әрі ұзақ мерзімді серіктестіктің аясында ұйымдастырылып отыр. Осы жылдар ішінде компания академия студенттеріне арнап лекциялар, тәжірибелік семинарлар, өндірістік тағылымдамалар ұйымдастырып, магистранттар мен докторанттарға индустриямен бірлескен ғылыми жобалар жасауға мүмкіндік ұсынып келеді. Бұл – тек білім беру бастамасы емес, ұлттық фармацевтикалық кадрлық әлеуетті дамытуға бағытталған стратегиялық инвестиция.

Спикер дәріс барысында өндірістегі цифрлық трансформацияның терең мағынасына тоқталып, инновацияның басты күші көзге көрінетін жүйеде емес, оның астарындағы инфрақұрылымда екенін айтты.

"Біз көбінесе жобаның тек беткі қабатын көреміз. Бірақ, нағыз инновация оның астарында жатыр. Шешімнің өзін ғана емес, оның салдарын және артында тұрған жүйені түсіну де аса маңызды", – деді Томас Нотеггер.

Спикердің айтуынша, жасанды интеллектінің тиімді жұмыс істеуі үшін ең алдымен деректер дұрыс құрылып, біріктірілуі қажет. Өндірісте әртүрлі жабдықтар мен жүйелер бір-бірімен үйлеспейді.

"Өндіріс бұл зообақ сияқты. Әрбір жүйе өз тілінде сөйлейді. Олар бірін-бірі түсінбейді. Біздің міндетіміз – барлығына ортақ тіл қалыптастыру. Бұл қызық көрінбеуі мүмкін, бірақ цифрландыру жобалары дәл осы кезеңде жиі сәтсіздікке ұшырайды", – деп қосты ол.

Santo өндірісінде енгізілген "Өндірісті орындауды басқару жүйесі (MES)" өндірістің барлық кезеңін толық цифрлық форматта бақылауға мүмкіндік береді. Қағаз құжат айналымы азайып, әр операция электронды түрде тіркеледі. Сонымен қатар, дәрілік өнімдерді қадағалау және таңбалау жүйесі арқылы әр қаптаманың жүрген жолы нақты уақыт режимінде бақыланады.

"Бұл жүйе – мақсат емес, құрал. Негізгі құндылық деректер архитектурасын қалыптастыруда болып отыр. Біз жүйені енгізу арқылы көзге көрінбейтін, бірақ аса маңызды инфрақұрылымды құрамыз. Сырт көзге тек қаптаманың түпнұсқалығы көрінеді. Бірақ астарында әлдеқайда ауқымды мүмкіндік бар. Біз әр қаптаманың қайда екенін, қай палетте, қай қоймада тұрғанын нақты уақыт режимінде білеміз. Бұл жеткізу тізбегін толық бақылауға мүмкіндік береді", – дейді Томас Нотеггер. 

Қызметкердің әрекетін талдап, сараптама жасайтын жүйе

Дәрісте өндірістегі ірі тілдік модельдер негізіндегі видеоаналитика жүйесі де таныстырылды. Стерильді аймақтарда камералар арқылы қызметкерлердің әрекеті талданып, регламентті бұзу дерегі автоматты түрде анықталады.

"Біз жүйеге дұрыс және қате әрекетті енгізіп, анықтауды үйретеміз. Егер қызметкер ережені бұзса, жүйе бірден хабар береді. Бұл сапаны сақтауға көмектеседі".

Кездесу барысында студенттер белсенділік танытып, спикерге өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды. Фармацевтика бағытында оқитын студенттердің бірі заманауи, толық автоматтандырылған өндірісте жұмыс істеу үшін қандай дағдыларды дамыту қажет екенін сұрады.

санто

Томас Нотеггер бұл сұраққа жауап бере отырып қазіргі заманның ең өзекті дағдыларының бірі "нүктелерді байланыстыра білу" қабілеті екенін атап өтті.

"Бүгінде ең маңызды дағдылардың бірі – әртүрлі процестер мен ақпарат арасындағы байланысты көре білу, яғни нүктелерді байланыстыра алу. Технология көп, дерек көп. Бірақ оларды жүйелі түрде біріктіріп, дұрыс қорытынды жасау – негізгі біліктілік", – деп түсіндірді спикер. 

Сондай-ақ ол базалық кәсіби дағдылардың да маңыздылығын атап өтті.

"Әрине, аналитикалық ойлай білу, процестерді түсіну, жауапкершілік, командалық жұмыс және тағы да басқа классикалық кәсіби дағдылар кез келген салада қажет. Заманауи өндірісте де солай. Технология дамыған сайын адамның ойлау қабілеті мен жүйелік көзқарасы одан да маңызды бола түседі", – деді Томас Нотеггер.

Спикер Қазақстанның цифрлық даму деңгейіне де тоқталды.

"Қазақстан – цифрлық тұрғыдан жақсы дамыған ел. Бірақ технологияның өзі емес, оны қалай және қай жерде қолданатынымыз маңызды".

Осы тұрғыда отандық ірі тілдік модель – KazLLM дамыту мәселесі де өзекті болып отыр. Мемлекет басшысы ұлттық жасанды интеллект моделіне сұраныстың төмендігіне назар аударғаны белгілі. Фармацевтикалық өндіріс пен медициналық білім беру саласында отандық модельдерді қолдану – технологиялық егемендікті нығайтудың стратегиялық бағыты. Халықаралық тәжірибені енгізумен қатар, ұлттық цифрлық шешімдерді дамыту саланың болашақ бәсекеге қабілеттілігін айқындайды.

Дәрістен кейін журналистермен әңгіме барысында Томас Нотеггер Santo мен академия арасындағы серіктестіктің маңызын ерекше атап өтті. Спикер компания студенттерге тағылымдамалар, өндірістік тәжірибе және академиямен бірлескен докторлық бағдарламалар ұсынатынын жеткізді.

"Табысты компанияға білімді, ақылды, ынталы адамдар қажет. Мүмкін, бүгін осы аудиторияда Santo өндірісінің болашақ басшысы отырған шығар? Бұл – екі тарап үшін де тиімді серіктестік. Академия индустриямен байланыс орнатады, ал біз талантты жас мамандарды шақыра аламыз. Өндіріс пен білім беру арасындағы байланыс – болашақтың кепілі", – деп сауалға жауап берді спикер. 

Santo компаниясының Оңтүстік Қазақстан медицина академиясымен серіктестігі – білім мен өндірістің тиімді синергиясының айқын үлгісі. Жасанды интеллект, деректер архитектурасы және цифрлық басқару мәдениеті фармацевтикалық өндірісті жаңа сапалық деңгейге көтеруде. Ал бұл үдерістің өзегінде технологияны түсінетін, жүйелі ойлайтын және ұлттық инновацияларды қолдайтын мамандардың жаңа буыны қалыптасып келеді.

Назархан Уән
Сәрсенбі, 18 Ақпан, 2026 14:36