"Әрбір қазақстандық білуі тиіс": Тоқаев жасанды интеллектті дамыту бойынша кеңес құруды тапсырды
Қасым-Жомарт Тоқаев Astana Hub инновациялық экожүйесіне барды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: akorda.kz
Ақорданың мәліметінше, президентке Nur Alem сферасында орналасатын AIem.ai жасанды интеллект орталығының тұжырымдамасы таныстырылды.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиевтің айтуынша, AIem.ai халықаралық орталығы стартаптар акселерациясы және зерттеу жобаларын қолдауға арналған кампус ретінде қызмет көрсетеді.
Сондай-ақ мемлекет басшысына Tik-Tok және Netraсker компанияларының еліміздегі қызметі туралы баяндалды. Салық жеңілдіктері, визалық қолдау және басқа да қолайлы шарттардың нәтижесінде шетелдік компаниялар мен IT-мамандар Astana Hub экожүйесінің қатарына қосылуда. Қазіргі кезде ғылыми-зерттеу жобаларын бірлесе жүргізіп, жаңа өнімдер әзірлеу мақсатында елімізде Telegram, TON, Tether, Google, EPAM және басқа да әлемдік ІТ-индустрия өкілдіктерінің кеңселерін ашу үшін келіссөздер жүргізіліп жатыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде жасанды интеллект саласын дамытуға қатысты ойымен бөлісіп, Қазақстанның ІТ сектордағы әлеуеті зор екенін атап өтті.
“Білім мен инновацияға негізделген экономика құру қажет. Технологиялық және экономикалық тұрғыдан озық ел болу үшін, ең алдымен, адам капиталы, цифрландыру және жасанды интеллект саласын дамытуға баса мән беру маңызды. Қазіргі заманда онсыз болмайды. Себебі қазір күллі әлем жұртшылығы цифрлық әлемде өмір сүріп жатыр деуге болады. Сарапшылардың айтуынша, жасанды интеллект технологиясының тиімділігі жыл өткен сайын арта түспек. Сондықтан алдымызда ауқымды міндеттер тұр. Қазақстан Еуразиядағы аса ірі цифрлық хабқа айналуға тиіс. Цифрлық даму мәселесіне тың, жаңаша көзқараспен қарау қажет”, – деді президент.
Мемлекет басшысы халыққа арнаған жолдауында ұлттық жасанды интеллект орталығын құру туралы бастама көтергенін еске салды. Сондай-ақ президент өзінің тапсырмасы бойынша үкімет Жасанды интеллектті дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын қабылдағанын айтты.
“Құрамына жетекші халықаралық сарапшылар кіретін Жасанды интеллектті дамыту жөніндегі кеңес құруды тапсырамын. Бұл қадам біздің институционалдық ортаны үздік әлемдік стандарттармен үйлестіруге мүмкіндік береді. Парламент депутаттары "Жасанды интеллект туралы" заң жобасына бастамашы болғаны мәлім. Заңды әзірлеу жұмысына мұқият қараған жөн. Нейрожелілер үлкен мүмкіндіктерге жол ашып қана қоймайды, сондай-ақ оның қауіп-қатері де бар. Мәселен, қазір жалған ақпарат таратып, қоғамдық пікір қалыптастыру үшін ақ-қарасын ажырату қиын фейктер жиі жасалады. Сондықтан жасанды интеллектті жауапкершілікпен қолдану қағидаттарын, этикалық аспектілерін заң жүзінде бекіту керек”, – деді президент.
Президент азаматтардың жасанды интеллект саласындағы сауатын ашып, біліктілігін арттыру қажет екеніне назар аударды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, бес жыл ішінде 1 миллион адамды жасанды интеллект дағдыларына үйрету міндетіне ерекше көңіл бөлген жөн. Оқушыларға, студенттерге, мемлекеттік қызметкерлер мен кәсіпкерлерге арналған бағдарламаға барынша қолдау көрсетілуге тиіс.
“ЖИ технологиялары саласындағы отандық және халықаралық білім беру бағдарламалары еліміздің кадрлық әлеуетін арттыруға үлес қоса алады. Үкіметке жасанды интеллект бағытында маман даярлауға арналған AI-Sana бағдарламасын кезең-кезеңімен жүзеге асыру мәселесін қарастыруды тапсырамын. Аталған бағдарлама оқу, зерттеу және стартаптарды әзірлеу үдерістері тоғысатын динамикалық экожүйені қалыптастыруға ықпал етуге тиіс. Әлемнің жетекші университеттерінің акселерация тәжірибесін қолданған дұрыс. Жасанды интеллекттің пайдасын Қазақстанның әрбір тұрғыны білуі керек. Оның не үшін қажет екенін, қалай дұрыс қолданылатынын ыждаһаттықпен түсіндірген жөн”, – деді президент.
Еске салсақ, бұған дейін алдағы 5 жылда 1 миллион қазақстандыққа жасанды интеллект технологиясы оқытылатыны туралы жазған едік.