Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жапон аруы" байқауында жеңіске жеткен украин қыз тәжден бас тартты

"Жапон аруы-2024" байқауының жеңімпазы, Жапонияда тұратын украин Каролина Сиино титулынан бас тартты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: lady.mail.ru

Мұндай жағдай жарыс тарихында алғаш рет болып отыр. Каролина Сиино 26 жаста. Ол екі апта бұрын Жапонияның сұлулық байқауында жеңімпаз атанған еді. Осыдан кейін Жапонияда қыздың этникалық шығу тегіне қатысты пікірталастар басталды.

Каролина Украинаның Тернополь аймағында дүниеге келген. Ата-анасы ажырасып, анасы жапон жігітіне тұрмысқа шыққаннан кейін 5 жасында Жапонияға көшіп келген.

Сиино сұлулық байқауында жеңіске жеткен алғашқы жапон азаматы болды. Ол жапон азаматтығын 2022 жылы алған. 

"Жапон аруы" атағын жеңіп алғаннан кейін Сиино: "Мені көбі жапон деп ойлайды, бірақ бүгін жапон деп танылғаным үшін қуаныштымын", – деді.



Бұл мәселеге қатысты жапондардың пікірі әлеуметтік желіде екіге бөлінді. Кейбірі оның жеңісін құптаса, басқалары қыздың келбеті дәстүрлі жапон сұлулық идеалдарын бейнелемейтінін айтты.

"Жеңіске жеткен Жапония аруының жапон ұлтына қатысы жоқ. Ол 100% украин. Әрине, ол әдемі. Бірақ бұл "Жапония аруы" байқауы. Жапон әйелдері қайда?" "Егер ол жартылай жапон болса мәселе жоқ. Бірақ ол этникалық жағынан 0% жапон. Тіпті Жапонияда тумаған", – деп жазды желі қолданушылары.

Қыздың әлеуметтік желісінде Украина туынан басқа, Украинаны бейнелейтін бірде-бір фото да, сөз де жоқ.  

Қыз конкурста жеңіске жеткеннен кейін ата-анасы жоқ украиналық балаларға көмектесуді жоспарлап отырғанын айтты. Сондай-ақ ол украинша музыка тыңдап, фильмдерін көргенде Украинамен байланысын сезінетінін айтты.

Байқауды ұйымдастырушылар төрешілердіің толықтай Каролина Сииноны жеңімпаз ретінде таңдағанын айтты. 

"Ол әдемі және жапон тілінде таза сөйлейді және жазады. Ол бізге қарағанда жапониялық", – деді ұйымдастырушы Ай Вада.

Алайда әңгіме мұнымен бітпеді. Күні кеше жапон журналы Shukan Bunshun және басқа да жапон басылымдары Каролин Сииноның үйленген адаммен қарым-қатынаста екенін жазды. Алғашында байқауды ұйымдастырушылар Сииноның ер адамның отбасы барын білмегенін айтты. Алайда кейіннен қыз оның отбасы туралы білгенін мойындады. Сиино өзінің Instagram парақшасында жапон тілінде мәлімдеме жариялап, өтірігі үшін кешірім сұрады.

"Маэда мырзаның әйелінен және отбасынан келтірілген қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймын. Қорқыныш маған шындықты айтуға мүмкіндік бермеді", – деді қыз.

Ол атағынан бас тартатынын да жазды. Байқауды ұйымдастырушылар оның шешімін қабылдады. Енді "Жапон аруы" атағы жыл соңына дейін бос болады.

Айта кетейік, бұған дейін "Жапония аруы-2024" байқауының жеңімпазы Украинаның Тернополь қаласының тумасы Каролина Сиино болған еді. 

Талқылау