Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жансақтау бөлімінде жатыр": Дәрігерлер Алматы облысында иттер талаған баланың жағдайын айтты

Фото: Екатерина Бурмистрованың жеке архивінен

Дәрігерлер Алматы облысындағы Жалпақсай ауылында иттер талаған баланың жағдайын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, баланың жағдайы ауыр.

"1 шілдеде науқастың жағдайы тұрақтанған соң, ол Қарасай ауданының орталық аудандық ауруханасынан облыстық балалар клиникалық ауруханасына ауыстырылды. Ол жансақтау бөліміне жатқызылды. Науқастың жағдайы тұрақты, бірақ ауыр, нашар белгілер жоқ", – делінген хабарламада.



Мәліметке сәйкес, бала есін жиған. Қазір онымен және анасымен клиникалық психолог жұмыс істеп жатыр. Аурухана баланың жарақатына қатысты ештеңе айтпаған. Дегенмен желіде тараған видеодан оның бетінде ауыр жарақаттар бар екенін, көзі мен жамбасы қатты жарақаттанғанын көруге болады. Жергілікті тұрғындар иттердің баланың құлағын жұлып алғанын хабарлады. Болашақта балаға қалпына келтіру және ұзақ мерзімді оңалту үшін тағы бірнеше ота жасалуы мүмкін.

Баланы бір күн бұрын Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің профессоры мен нейрохирургы тексерген.

"Науқасқа Қазақ медицина университетінің нейрохирург дәрігері мен Қазақ ұлттық медицина университетінің профессоры кеңес берді. Емдеу толық көлемде, клиникалық хаттамаларға сәйкес жүргізіліп жатыр", – делінген хабарламада.

Еске салайық, бұған дейін итке таланған баланың анасы Екатерина Бурмистровамен хабарласқан едік. Ол ұлының жағдайы ауыр, беті мен денесі жараланған дейді. Иттердің оңалту орталығына тиесілі екені анықталды. Анасы барлық құжатты жинап, сотқа жүгінбек. Ұмтыл округінің әкімі мен полиция оқиғаны растады. Ит иелеріне айыппұл салынып, сотқа дейінгі тергеу басталды. Балаға көмек көрсету үшін жергілікті тұрғындар мен кәсіпкерлер қаражат жинап жатыр.

Жұмаділлә Нұрила
Сәрсенбі, 02 Шілде, 2025 14:16
Талқылау