Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Айналамда мәйіттер жатты": Үндістандағы апаттан тірі қалған жолаушы ұшақтың қалай құлағанын айтып берді

Фото: BBC/Hindustan Times

Үндістан билігі Air India әуе компаниясының Ахмадабадтан ұшып шыққаннан кейін көп ұзамай апатқа ұшыраған ұшағынан бір жолаушының аман қалғанын растады. Ғажайыппен тірі қалған жолаушы – Ұлыбритания азаматы Вишвашкумар Рамеш.Ол апаттан аман қалып, өзінің дін аман екенін айтып, отбасына хабарласқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі жергілікті BBC-ге сілтеме жасап хабарлайды.

Апатқа ұшыраған Boeing 787-8 ұшағында барлығы 242 адам болған. Құтқару қызметтері 240-тан астам адамның мәйітін тапты. Ұшақ жергілікті дәрігерлер мен студенттер тұратын жатақхананың үстіне құлаған. Салдарынан 50-60 адам түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді.

Жантүршігерлік апаттан періштесі қағып, аман қалған британиялық Вишвашкумар Рамеш ұшақта 11A орнында отырған. Оның қазіргі жағдайы туралы дәрігерлер айтып берді.

“Ол бүкіл денесіндегі көп жарақаттың салдарынан бағдарын жоғалтқан. Бірақ қазір оның өміріне қауіп төніп тұрған жоқ", – деді дәрігер Дхавал Гамети Associated Press агенттігіне берген сұхбатында.

Десе де, Вишвашкумар Рамеш ауруханадан шығып, журналистерге өзінің отырғызу талонын көрсеткен.

Фото: BBC/Seat Guru

“Ұшқаннан кейін 30 секундтан соң қатты шу болып кетті, кейін ұшақ құлады. Барлығы сондай тез болды”, – дейді Вишвашкумар Рамеш.

Ол апаттан кейін айналасындағы жағдайды сипаттады. 

“Орнымнан тұрсам айналамда мәйіттер жатты. Қатты қорықтым. Тұрып, қашып кеттім. Айналамда ұшақтың қирандылары жатты. Біреу мені ұстап алып, жедел жәрдем көлігіне отырғызып, ауруханаға апарды", — деді Вишвашкумар.

Әлеуметтік желілерде жарияланған видеодан Вишвашкумардың қара түтін басқан оқиға орнынан өз аяғымен жедел жәрдем көлігіне бара жатқанын көруге болады.

Рамеш Үндістанда дүниеге келген, бірақ көп жылдан бері Ұлыбританияда тұрады. Оның әйелі мен баласы бар. Рамештің немере ағасы Аджай Валги Рамештің Лестердегі отбасына қоңырау шалып, "өзінің аман екенін" хабарлағанын айтты. Бірақ Рамеш ұшақта өзімен бірге болған туған ағасы Аджайдың қайда екенінен хабарсыз.

“Мен онымен таңертең ғана сөйлестім. Бұл сұмдық жағдай болды. Оның айтуынша, ол ұшақтан қалай шыққанын да білмейді”, – деді Рамештің жақындарының бірі Наян Кумар.


Үндістанда апатқа ұшыраған ұшақ дәрігерлерге арналған жатақханаға құлаған


Сарапшылар Үндістандағы ұшақ апатына себеп болуы мүмкін нұсқаны атады


Вишвашкумардың тағы бір туысы — Джейдің айтуынша, ол әкесімен сөйлескен. Әкесі баласының беті жарақаттанғанын, түгелге жуық қанға боялғанын айтқан. 

AI171 рейсі Ахмедабадтан Лондонға бағыт алып, көкке көтерілген соң шамамен 30 секундтен кейін апатқа ұшырады. Жолаушылар арасында Үндістанның 169 азаматы, 53 британиялық, бір канадалық және жеті португалиялық болған.

Ұшақ тұрғын үй орналасқан ауданда құлағандықтан, апаттан тек жолаушылар мен экипаж ғана емес, жергілікті тұрғындар да зардап шекті. Қаза тапқандардың нақты саны әзірге белгісіз.

Еске салсақ, Үндістанда жолаушылар ұшағы апатқа ұшырағаны туралы хабарлаған едік. Сондай-ақ ұшақ апатынан 241 адам көз жұмып, тек бір жолаушы тірі қалғаны туралы жазған едік.

Айым Болатқызы
Жұма, 13 Маусым, 2025 10:12
Талқылау