"Жаным ашиды": Жәбірленуші Перизат Қайраттың анасына қатаң жаза бермеуді сұрады
Фото: Іnstagram.com/01pk
Перизат Қайрат ісі бойынша өткен жарыссөз кезінде жәбірленушілердің бірі Садық Олжас айыпталушының кінәсі толық дәлелденгенін айтты, алайда оның анасы Ғайни Алашбаеваны қатаң жазаламауды сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оның айтуынша, 2023 жылы Газа секторындағы жағдай ушығып тұрған кезде, ол ел азаматтарынан 83 миллион теңге жинап, бұл қаржыны Перизат Қайрат басқаратын қорға тапсырған. Ол істі қаржылық тұрғыдан ғана қарамай, жалпы қоғамның сенімі жоғалғанын атап өтті.
"Бұл – менің ғана емес, көмек көрсетпек болған барлық адамдардың қайғысы. Ақша туралы ғана емес, сенім туралы іс болып тұр", – деді Олжас.
Сонымен бірге ол айыпталушының анасына соттың адамгершілікпен қарауын сұрады.
"Перизат Қайраттың кінәсі толық дәлелденді. Бірақ анасына жаным ашиды. Денсаулығында күрделі мәселелер бар екенін білемін. Оны үйқамақта қалдыру қажет деп санаймын", – деді жәбірленуші.
"Садақа мансап құралы емес": Перизат Қайрат соты бойынша жарыссөз басталды
Еске салайық, бұған дейін Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаеваға қатысты қылмыстық іс бойынша сот процесі жалғасып жатқанын жаздық. Тергеу деректері бойынша, 47 адам жәбірленуші ретінде танылған. 2023 жылы Газа секторына көмек көрсету мақсатында жиналған 83 миллион теңге және басқа да қайырымдылық қаражаттарының қалай жұмсалғаны туралы қоғамда күмән туындаған. Прокуратура жалпы шығынды 200 миллион теңгеден асады деп көрсетсе, жәбірленушілер бұл істі жай ғана алаяқтық емес, сенімге жасалған опасыздық деп санайды. "Стройконструкция" АҚ-ның өкілі Перизат Қайратты "алаяқтардың патшайымы" деп атап, оны әйгілі алаяқтар Остап Бендер мен Сонька Алтынқолмен салыстырды. Жәбірленушілер айыпталушыларға ең қатаң жаза қолдануды талап етті.

"Кесар тілігін жасағанда баланың басын қоса тіліп жіберген": Ұлына ем іздеген алматылық әйел перзентханадағы дәрігерлерді кінәлайды
