Жәнібек Әлімханұлына қатысты допинг дауы қайта қаралатын болды

Қазақстандық кәсіпқой боксшы, әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлына қатысты даулы допинг ісі қайта қаралатын болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұл туралы Қазақстанның кәсіпқой бокс федерациясының президенті Рахымжан Ерденбеков мәлімдеді.
Оның айтуынша, қоғамда Жәнібек Әлімханұлының допинг сынамасы мен ісіне қатысты түрлі пікірлер айтылып жатқандықтан, федерация ресми түсініктеме беруді қажет деп санаған.
"Қазақстанның Кәсіби бокс федерациясының тәртіптік комиссиясы алғашқы тыңдауды өткізді. Бұл тыңдаудың мақсаты материалдар мен рәсімдерге асығыс қорытынды шығару емес, оларға кешенді баға беру болды.Істі алдын ала зерделеу барысында оның формалды түрде қарастырылмайтыны және қосымша медициналық, сараптамалық әрі құқықтық бағалауды қажет ететіні анықталды. Осыған байланысты 23 қаңтарға қайта тыңдау тағайындау туралы шешім қабылданды. Бұл күрделі допинг істеріндегі халықаралық стандартты тәжірибе", – деді Ерденбеков.
Сондай-ақ федерация басшысы түпкілікті шешім жасауға әлі ерте екенін атап өтті.
"Допинг сынамасының оң нәтижесі спортшының қасақана әрекетін немесе елеулі кінәсін автоматты түрде дәлелдемейді. Комиссия істі халықаралық спорт құқығында кеңінен қолданылатын No Significant Fault or Negligence (елеулі кінә немесе немқұрайлылықтың болмауы) қағидатын ескере отырып қарайды. Барлық рәсімдер толық аяқталғанға дейін комиссия түпкілікті қорытынды жасамайды. Шешімдер тек нақты фактілерге сүйене отырып, әділдік пен халықаралық стандарттар қағидаттарын сақтай отырып қабылданады. Қайта тыңдау 23 қаңтарда өтеді", – деді ол.
Айта кетейік, Жәнібек Әлімханұлы допинг дауына 2025 жылдың желтоқсан айында ілінді.
Допинг дауына іліккен Жәнібек Әлімханұлы әлем чемпионы атағын сақтап қалды
6 желтоқсанда Жәнібек Әлімханұлы WBA чемпионы Эрисланди Ларамен үш бірдей чемпиондық белбеуді біріктіру үшін жекпе-жек өткізуге тиіс болған. Алайда допинг дауына байланысты айқас өтпей қалды.
Қазақстанның вице-президенті кім болуы мүмкін және оның өкілеттігіне не кіреді: Саясаттанушылар жауабы