Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жандарбек Бекшин қызметінен кететінін айтты

Алматы қаласы бойынша санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Жандарбек Бекшин келесі жылдан бастап зейнетке шығуына байланысты қызметінен кетеді. Бұл ақпаратты денсаулық сақтау министрлігі растады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Бекшин

27 желтоқсаннан бастап Жандарбек Бекшин демалысқа, сондай-ақ 5 қаңтардан бастап зейнетке шығуына байланысты қызметінен кетпек. 

“Ақпарат рас. Жандарбек Бекшиннің келісімшарты аяқталды. "Мемлекеттік қызмет туралы" заңға сәйкес зейнеткерлерге жұмысты бір жылға ұзартуға болады. Ал екінші рет ұзарту мүмкін емес. Сол себепті ол қаңтардан бастап қызметінен кетеді”, – дейді министрліктен. 

Ал санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаевның айтуынша, Жандарбек Бекшин бүгіннен бастап жыл сайынғы еңбек демалысына шықты.

"Оның қызметтен кетуіне қатысты шешім кейінірек қабылданады. Жандарбек Мұхтарұлының қалауы да ескеріледі. Егер зейнетке шығамын десе, оны жұмыстан босатады", - дейді Байтанаев.

Енді Бекшиннің қызметін уақытша Қарлығаш Әбдіжаббарова атқаратын болады. 

"Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің бұйрығына сәйкес, Бекшин Жандарбек Мұхтарұлы еңбек демалысында болғанда 27 желтоқсан мен 4 қаңтар аралығында оның міндеті Қарлығаш Әбдіжаббароваға жүктелді", делінген департаменттің ресми хабарламасында.

Жандарбек Бекшин 2020 жылдың 18 сәуірінен бастап Алматының бас санитарлық дәрігері болып жұмыс істеді. 

Жандарбек Мұхтарұлы 1958 жылы 5 қаңтарда Қостанай облысы Федоров ауданы Байғара ауылында дүниеге келген.

  • 1982 жылы – Свердлов мемлекеттік медицина институтын "гигиена, эпидемиология, санитария" мамандығы бойынша бітірді.
  • 1982-1987 жылдары – Целиноград қалалық санитарлық-эпидемиологиялық станциясының санитарлық дәрігері, коммуналдық гигиена бөлімшесінің меңгерушісі болып жұмыс істеді.
  • 1987-1990 жылдары – Целиноград қалалық және облыстық халықтық бақылау комитеттерінің инспекторы.
  • 1990-1998 жылдары – Целиноград облыстық санитарлық-эпидемиологиялық станциясының бас дәрігерінің орынбасары.
  • 1998-2011 жылдары – Астана қаласы бойынша мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитеті департаменті бастығының орынбасары, басқарма бастығы, директоры.
  • 2011-2013 жылдары – Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау министрлігі мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің төрағасы – Қазақстан Республикасының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері.
  • 2013-2014 жылдары – Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау министрлігінің мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитеті төрағасының орынбасары.
  • 2014 жылы – Қазақстан Республикасы тұтынушылардың құқықтарын қорғау агенттігі төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасының бас мемлекеттік санитариялық дәрігері.
  • 2014-2017 жылдары – Қазақстан Республикасы ұлттық экономика министрлігі тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары – Қазақстан Республикасының бас мемлекеттік санитариялық дәрігері.
  • 2017 жылы – Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті төрағасының орынбасары – Қазақстан Республикасының бас мемлекеттік санитариялық дәрігері.
  • 2017-2019 жылдары – Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау министрлігі қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы – Қазақстан Республикасының бас мемлекеттік санитариялық дәрігері.
  • 2019-2020 жылдары – Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау министрлігінің тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті төрағасының орынбасары – Қазақстан Республикасының бас мемлекеттік санитариялық дәрігері.
Талқылау